фото: ашық дереккөзден
Десек те, 70 жыл Кеңес үкіметінің құрамында болған біздің ел үшін, орыс тілінің үстемдігінен құтылып, қазақ тілінің мәртебесін толықтай көтеруге тәуелсіздіктің 30 жылы аздық етіп жатыр десек те болады. Қазақшылықтың қаймағы бұзылмаған ауылдарды айтпағанда қалалық жерлерде, қазақтың қазақпен орысша сөйлесетіні қанға сіңіп кеткен қасиет болып отыр. Тіліміздің мерейін асыратын да, құтын қашыратын да өзіміз екенін ескерсек, тілге деген құрмет әр отбасынан басталуы керек. Сонымен қатар білім ұяларының да рөлі ерекше.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан халқын ұйыстыратын тағы бір символ – мемлекеттік тіл. Қазақ тілі мәңгілік мемлекеттік тіл тұғырында болады. Қазақ тілінің қолданыс аясын арттыра беру – мемлекеттің міндеті. Бұл жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді» деген болатын. Тіліміз тұғырынан таймауы үшін, балабақшалар мен мектептерде балаға ана тілінің қадірін ұғындырып, бойына қасиетін сіңірудің маңызы зор. Сондықтан қазақ тілінде оқытатын мектепке дейінгі мекемелер жүйесін кеңейтуге назар аударған жөн. Мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балаларды қазақ тіліндегі көркем танымдық әдебиетпен, әдістемелік құралдармен, мерзімді басылымдармен толық және сапалы қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлу қажет.
Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі болып 18 жыл қазақ балаларын білім нәрімен сусындатқан атыраулық ұстаз Жанар Сиден бүгінде жас ұрпақтың өз ана тілінде еркін сөйлей алмайтынына, кітап оқымағандықтан тіл байлық қорының аздығына қатты қынжылатынын айтады.
«Қазіргі бала смартфонға тәуелді, сатып алып берсең де кітаптың бетін ашпайды. Көп ата-ана баласына осылай ренжиді. Балалар неге кітап оқығысы келмейді? Бұл сұрақтың жауабын табу үшін әр ересек адам өзінің де қаншалықты ұялы телефонға тәуелді екенін зерттеп көру керек. Ойланарлық жағдай. Мен телефонды жұмыс бағытында ұстаймын , төлем төлеймін, жаңалық тыңдаймын деп ақталады. Смартфоннан үлкенді де, кішіні де ажырата алмайтынымыз шындық, өйткені жасанды интеллект деген дүние төрімізге еніп келеді. «Сонда шынайы болмыстан ажырап, барымыздан айырыламыз ба?» деген сауал туады, жасанды деген сөздің өзі жаныңа жағыңқырамай тұрса, баланы емес, өзіңді тәрбиеле деген ой қылаң береді. Өзің қашан кітап оқып отбасыңмен бірге талқыладың? Иа, бірге тамақ ішкеннен басқа ұл-қызымызбен бірге театрға барып қойылымды талқыладық па? Бірге мұражайға барып туған жерімізден шыққан атақты адамдардың өмірінен сыр шертістік пе? Біз сол ұрпағымызға кінә артпас бұрын өзімізге сырт көзбен қарауымыз керек», дейді ұстаз.
Атырау қаласындағы «Талап» әдеби қоғамдық клубының белсенді мүшесі, қоғамдағы осы олқылықтың орнын толтыруға сәл де болса үлес қосу мақсатында, балаларды кітап оқуға, оның ішінде ауыз әдебиетіміздің қайнар бұлағы қисса, жыр дастандарды жаттауға баулитын орталық ашыпты. Орталықтың мақсаты ана тілін сүйетін, құрметтейтін, таза қазақша сөйлейтін ұрпақ қалыптастыру.
«Ата-аналар оқу орталығыма баласының қазақша сөйлемейтінін, кітап оқымайтынын айтып келеді. Өзі қойылған сұраққа орысша жауап береді, төрт сынып бойына орысша оқытып, қойған сұрағыңа орысша ойланып отырған баласын аз уақытта қазақша сайратып жіберуді өтінеді. Әрине, алдыңдағы әр баланың өресі де, тәрбиесі де бөлек, жеке индивид екені даусыз, бірақ біз көп нәрсені уысымыздан шығарып алғанымызға қынжылып, батырып бара жатқан тұңғиыққа сіңе бермес үшін «Жанұяма жарты сағат» жобасын қолға алып, алдыма келетін баламен қатар, ата-анасына ой салатын түрлі тренингтер, мектеп, кітапханаларда басқосулар ұйымдастырып жүрмін. Қазақстанның түкпір түкпірінен жиналған үш жүзге тарта ата-анамен чат ашып, бірге кітап оқып, талқылау барысында бір жанға болса да сөз өнерінің құдіреті жайлы ой салсам, деген ниет алға жетелеп келеді», дейді ол.
Ана тіліміздің мәртебесін көтеруге тамшыдай болса да үлес қосуға талпынып жүрген Жанар Мұрадымқызы осы ниетінің нәтижесі өзіне қанат бітіретінін айтады. Ұстаздың арманы мақалдың мәнін ұғатын, жаңылтпашты жаңылмай шағатын, шешендік сөздің киесін ұғынатын, бір ауыз сөзбен бір рулы елді бағындыра білген ұлы ұлттың ұрпағы екенімізді естен шығармайтын ұрпақ қалыптастыру.