Білім • 05 Қыркүйек, 2024

Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының қаражатына тағы 15 мектеп ашылды

45 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстанда білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен 19 мыңға жуық оқушы орнына арналған 15 жаңа мектеп ашылды, деп хабарлайды Egemen.kz Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

 

Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының қаражатына тағы 15 мектеп ашылды

Фото: ҚР Оқу-ағарту министрлігі

Айта кетейік, қор Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылып, сыбайлас жемқорлардан кері қайтарылған қаражат есебінен толықтырылады. Ол үш ауысымды, апатты мектептер мәселесін шешуге және жалпы қосалқы құрылыс нысандарын салу мен мектептерді реконструкциялау арқылы оқушы орнының тапшылығын жоюға бағытталған.

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Инфрақұрылымды дамыту департаментінің мәліметінше, мемлекет тарапынан балалардың білім алуына жайлы жағдай жасауға ерекше көңіл бөлініп жатыр. Қор құрылған сәттен бастап еліміздің бірқатар өңірінде, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларында 76,7 мың оқушы орнына арналған 62 мектептің құрылысы қаржыландырылған. Бүгінде 63,2 мың оқушыға арналған 52 мектеп қолданысқа берілді.

Еске сала кетейік, осы жылдың басында Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының қаражаты есебінен тағы 20 жаңа мектеп салынатыны белгілі болды. Бұл мектептер 2025 жылы қолданысқа беріледі деп жоспарланған.

Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен барлығы 92 мың орындық 82 мектептің құрылысы қаржыландырылған. Аталған шаралар еліміздің білім беру жүйесін ұзақ мерзімді дамытуға және жаңғыртуға бағытталған.