Жазушылар одағы Басқарма төрағасы Мереке Құлкенов тоғыз тараудан тұратын Жолдауда айтылған әр ойдың ұлт үшін өзекті екеніне мән беріп, басымдыққа ие бағыттың бәрін жеке-дара талдап шықты. Бизнес, өнеркәсіп, инфрақұрылымды өрістету, кадр әлеуеті, денсаулық, білім, экология, мемлекеттік басқару ісі, тәртіп пен заң секілді ел үшін керек, оң шешімі табылуға тиіс, кезек күттірмейтін мәселелерді жақсарта түсуге орай ұлт алдында жүрген зиялы қауымның пікірі қашан да маңызды екенін еске салды.
Филология ғылымдарының докторы, профессор Қансейіт Әбдезұлы Жолдаудың уақыт талабы мен қоғам үмітіне жауап беретініне назар аударды. Мемлекет басшысының қарапайым адамдардың мәселелерін біліп, қоғам талабын тамыршыдай тап басып танып отыратынын міндетіне баласа да, азамат ретінде бағалайтынын жеткізді. «Аспандағы айды емес, орындалуы мүмкін, дәл қазір қолымыздан келетін шаруалар жайы сөз болып, нақты тапсырмалар берілді. Еңбекке, еңбек адамына баса тоқталды» деп, Жолдауда көрсетілген техникалық мамандықтарды дамыту, оларға жағдай жасау туралы ойын құптайтынын білдірді.
– Билік пен халықтың ортасындағы алтын көпір іспетті Президент Жолдауы 1997 жылдан бері үздіксіз жасалып келеді. Қарапайым халық қандай жағдайда өмір сүріп жатыр, жер-жаһан мен ел ішінде не болып, не қойып жатыр деген сауал төңірегінде мәлімет алады, біріншіден. Екіншіден, «не істеу керек, қайда барамыз?» деген сауалға жауап табылады. Бұл – Жолдаудың жалпы маңызы. Биылғы Жолдау сырты жылтыр, көпірме сөзден ада. Айғай жоқ, мақтан жоқ. Көп айтыла бермейтін, көзге түсе қоймайтын, күрмеуі қиын көп мәселе анық және ашық айтылды. Шаруа ілгері басу үшін кемшілікті білу маңызды. Осының өзі бізге үлкен үміт сыйлайды, – деді философия ғылымдарының докторы, профессор, әйгілі «Дос-Мұқасанның» негізін қалағандардың бірі Ұлықпан Сыдықов.
Малдың жүнін шірітіп, жерге көміп, шеге шығарып, шұлық тоқи алмай отырып, экономика мен бизнесті бір арнаға қалай салуға болады? Зауыт-фабрика салып, өнім өңдеуді қолға алып, экономикалық іргетасын берік етіп орнықтыруға күш салып, қаржы қорын халыққа жұмсауға тиіс қоғам құруды діттеп отырғанда, «ақын-жазушылар не істеуі керек?» деген сұрақ туады. Ұ.Сыдықов идеология деген алып тетіктің алтын қазығы қаламгер қауымның қаламына байлаулы екенін қадап айтты. Ғалымның айтуынша, өткенді де, бүгінді де, ертеңді де ел ғылым мен руханиятқа қарап таниды. Жазушылардың қоғам алдында жауапкершілігі болуы керек. Сондықтан үлкен серпіліс қажет.
Белгілі балалар ақыны Дүйсен Мағлұмов жол апатына байланысты алаңдаушылық білдірді. «Жыл басынан бері 1300 адам жол үстінде қайғылы қазаға ұшыраса, соның ішінде қаншама бала бар. Ажал құшып жатқандардың 90 пайызы – 18 бен 25-тің арасындағы жастар. Осы бір жылдағы апаттың санын он жылға көбейтіп жіберейікші. 30 000 адам. Мұның сыртында 16000 адам мүгедек болды дейді. Бір ғана Нарынқол ауданында 38 000 тұрғын бар екенін ескерсек, он жылда бір ауданның халқын жоғалтып алып отырмыз. Ал мемлекеттің басты құндылығы да, қазынасы да адам емес пе?», деді балалар ақыны аһ ұрып.
«Қаржы мен банк секторының жұмысын бір бағытта реттеу керек» деген Жолдаудағы Президент сөзін алға тартқан ақын, таксист жастардың артында қалған кредиті мен олардың қарызын жылап-еңіреп төлеп жүрген ата-аналардың жанайқайын қаржы саласындағы мамандардың қайта қарап, күрделі мәселенің шешімі жолындағы банк саясатының ұстанымын айқындау қажетіне тоқталды. Көрші өзбек халқы жыл сайын 1 миллион адамға көбейіп отырса, Қазақстан халқы керісінше, демографиялық саясатының бәсеңдеуімен бірге, қоғамда қолдан жасалған жол апаты, әскердегі әлімжеттік, суицид, лудомания, нашақорлық секілді індеттердің ерекше өріс алуынан кері кетіп, кеміп бара жатқанын қырық жыл бала жанына үңіліп, үміт күтіп, өлең жазған ақын өз қаламдастарына ащы айғаймен, ашына жеткізді.
Одақтың Ұйғыр әдебиеті кеңесінің төрайымы, ақын Патигүл Махсатова, белгілі ақындар Алмас Ахметбекұлы, «Ана тілі» газетінің бас редакторы Ерлан Жүніс Жолдауда айтылған қарапайым еңбек адамының мәртебесін өсіру, диқандарды қолдау, субсидия мәселесіне орай өзекті пікірін білдірді.
Жазушылар одағында өткен жиында елдегі саяси-әлеуметтік, экономикалық түйткілді мәселелердің сұрағы мен жауабы төңірегінде кең көлемді әңгіме өрбіп, жаңа Жолдаудың мемлекеттің дамуындағы маңызды кезеңге бастайтын стратегиялық құжат екенін атап өтті.
АЛМАТЫ