Сұхбат • 06 Қыркүйек, 2024

Жастарды адалдыққа тәрбиелейтін бағдарлама

241 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қазіргі таңда жұмыс берушілер әмбебап әрі кәсіби қызметкер іздейді. Еңбек нарығындағы талапқа сай болу үшін жастардың білімі мен біліктілігінің қатар дамуына мән беру керек. «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидасына толық сай болу үшін «Жарқын Болашақ» бағдарламасы жастарды жан-жақты дамытып келеді. Осы жөнінде «Bilim Foundation» қорының жетекшісі Ерлан Аманжолұлымен сұхбаттасқан едік.

Жастарды адалдыққа тәрбиелейтін бағдарлама

– «Жарқын Болашақ» бағдар­ла­­ма­сының басты мақсаты қан­дай?

 – «ҚазМұнайГаз» бен «Samruk-Kazyna Trust» ұлттық ком­па­ния­ларының қолдауының арқа­сын­да өз кәсібін жетік меңгерген маманды дайындау үшін еліміздің 11 аймағында орналасқан алдың­ғы қатарлы мектептер мен колледж­де­рінде, яғни 65 білім беру ұйымы жұмыс істеп жатыр. Әрбір жас адал әрі табанды еңбегімен табысқа жетіп, кәсіби жағынан бағалануы үшін алған білімін кәдеге жаратуы керек. Бағдарламаға Маңғыстау, Жаңаөзен қаласы, Түпқараған, Қарақия, Мұнайлы, Бейнеу аудан­да­рының мектебінде оқитын өрен­дер қатыса алады. Жастардың білім алуына жасалған көмек – еліміздің дамуы үшін құйылған инвестиция.

– Бағдарламада грант иегер­ле­рі­нің 80 пайызы неге колледж­де оқиды?

– Қазір жастар колледжде бі­лім алуды аса құп көрмейді. Бірақ ме­ніңше, олар қатты қате­ле­седі. Өйт­­кені колледжде білім алған әр­кімге де тиімді. Оның тиім­ді­лі­гі мынада: біріншіден, ал­дыңа қойған мақсатыңа тезірек жете­сің. Мысалы, сіз тех­­никалық ма­мандықты таңдадыңыз. Болашақта білікті ин­женер болғыңыз келеді. Онда сіз 9-сыныптан кейін политехникалық колледжге түсіп, 3 жыл 10 ай кә­сіптік білімді игересіз. Колледжді аяқ­таған кезде техникалық маман­дығыңыз бойынша диплом аласыз. Сол дипломыңызбен ҰБТ тапсырмай-ақ, сұхбаттасу кезеңі­нен өтіп, политехникалық универ­ситеттің екінші курсына түсесіз. 2 жыл 10 айда жоғары оқу орнының дипломын алып шығасыз.

Дәл сол сияқты болашақта экономист немесе мұғалім болғыңыз келсе, экономика немесе заң кол­леджіне 9-сыныптан кейін түсіп, 3 жыл 10 ай оқисыз. Одан кейін экономика немесе заң университетінің екінші курсына түсіп, жоғары білім ала аласыз. Бұл менің ойымша, жас­тар үшін өте тиімді стратегия.

Екіншіден, колледжге түсіп, оны аяқтағаннан кейін сіз жұмысқа орналаса аласыз. Өйткені жұмысқа орналасу үшін сіздің дипломыңыз, біліміңіз бен кәсіби дағдыларыңыз болады. Сонымен қатар колледж­­ден кейін университетке түссеңіз, онда қашықтан оқуға мүмкіндігіңіз бар.

ав

Үшіншіден, бозбала мен бойжеткен 9-сыныптан кейін, яғни 14 жаста үйден жыраққа кетіп, бас­қа өңірге барып білім алса, онда өмірлік тәжірибесі артады, маңызды шешімдерді жас­­­тайынан дербес өзі қабылдап үйренеді. Яғни бұл – тұлға ретінде қалыптасудың ұтымды жолы.

– «Елдің дамуына үлес қоса­ды» деп қалдыңыз. Яғни адам капиталының сапасы туралы айтып отырсыз ғой?

– Иә, әрине. Дүниежүзіндегі адамзат мәселесінде кедейшілік пен аштық, жұмыссыздық алдың­ғы орында тұр. Сондықтан да БҰҰ 17 тұрақты даму мақсатын жа­рия­лағаны бәрімізге белгілі. Бұл мәселелер сапалы білім алуға жағдай жасалғанда ғана шеші­мін табады. Егер 12-14 жасынан бастап кәсіпке баулысақ, онда баланың көзқарасы, әл-ауқаты, өмірге деген бейімділігі артады. Осылайша, жас буын өзгере бастайды, өмір сүру сапасы мен бәсекеге қабілеттілігі күшейеді. Олар аға буынға ай­нал­­ған кезде балаларын саналы түрде тәрбиелейді. Осы үрдіс кемінде 7–10 жыл жалғасса, онда Маңғыстау облысы, Жаңаөзен халқының әл-ауқаты жақсарады, өрісі кеңейеді. Түптеп келгенде, бәрі бір-бірімен сабақтасып, байланысқан біртұтас дүние.

– «Өрісі кеңейеді» деп жақсы айттыңыз, сол туралы айтсаңыз..

–Ия, мысалы, 9-сыныпты бітірген 1 000 бала еліміздің әр өңі­­ріне барып, маман болып жұ­мыс­­­қа орналаса бастаса, қонысы тұрақтаса, онда болашақта ата-аналары мен бауырларының жиі барып тұруына мүмкіндігі болады. Сондықтан баланы қорықпай, басқа өңірлерге білім алуға жіберу керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Ұлттық құрылтайда сөй­леген сөзінде: «Бала есейген соң қанаттанып, ұядан ұшуға тиіс. Басқа аймақтарда, тіпті шетелде білім алуы қажет. Өзге жұрттың қалай өмір сүріп жатқанын көр­­гені абзал», – деген болатын. Прези­дент­тің сөзін маңғыстаулық ата-аналардың қолдағанын көріп отырмыз.

«Жарқын болашақ» бағдарла­масы арқылы 2022 жылы 227 бала оқу үшін сапарға шықса, 2023 жылы 449 бала оқуға келді. Енді 2024 жылы бағдарламаға 600-ден аса бала оқуға ниет білдіріп отыр. Соңғы 3 жылда 1 200-ден аса грант иегері білім алып отыр.

– Осы аралықта грант иегер­лері қандай нәтижеге жетті?

– Грант иегерлерінің оқу үлгеріміне талдау жасасақ, олар жақсы нәтижеге қол жеткізіп отыр. «Жарқын болашақ» бағдарламасы бойынша мектепте оқығандар Ұлттық бірыңғай тестілеуден (ҰБТ) 85,7 балл көрсетті. Яғни орта балл – 85,7 балл. Ал еліміздегі ҰБТ орта балы биыл 68 балды құрады. Жаңаөзендегі жастарымыздың орта ҰБТ балы 66 балдан аспай келеді. Демек бағдарлама бойынша білім алушылардың Ұлттық бірыңғай тестілеудегі орташа көрсеткіші Жаңаөзенде білім алған оқушылардан 19,7 балға жоғары.

Биылғы оқу жылында бағдар­лама бойынша білім алған 82 мектеп түлегінің барлығы жоғары оқу орнына түсіп, 56-сы мемлекеттік грант иегері атанды. Мысалы, Нұрәлем Жанғабыл, Дана Дүзбай мен Ұлжас Нұрланұлы есімді үш түлегіміз еліміздің алдыңғы қатарлы оқу орындарының бірі Назарбаев университетінің «Foun­dation» грантына ілікті. Енді олар бір жыл бойы оқу үлгерімі 70 пайыз­дан асса, бакалавриатқа түсе алады.

Колледжді  аяқтаған  36 түлектің 30-ы университеттерде оқитын болады. Олардың арасында жұмысқа орналасқандары да бар. Мысалы, былтыр бағдарлама негізінде кол­ледж бітірген жаңаөзендік екі түлек Қарағанды облысында теміржол саласында білікті маман болып қалыптасып, жұмыс істеп жүр. Биылғы түлектеріміздің арасында жоғары оқу орнына түсіп, әрі «менеджер», «технолог» қызметін атқарып жүргендер бар. Яғни бағдарлама аясында білім алғаннан соң университетке түсуге, жұмыс істеп, аяққа тұруға толық мүмкіндік бар.

– Елімізді көркейтуге бағыт­тал­ған тұщымды әңгімеңіз үшін рахмет!

 

Әңгімелескен –

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»

 

АСТАНА