Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Еліміздегі еңбек нарығына қатысты Халықаралық еңбек ұйымының бас директоры Жильбер Унгбо, Paryz жұмыс берушілер ұлттық конфедерациясы президиумының төрағасы Жұмабек Жанықұлов, сондай-ақ «Самұрық-Қазына» АҚ басшылары баяндама жасады. Съезге алғаш рет қатысып отырған ХЕҰ бас директоры Жильбер Унгбо еліміздегі құқықтық реформалар жөнінде өз бағасын берді. Бұған қоса жиында бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру мәселесі қозғалып, маңызды ұсыныстар айтылды. Ел жұмысқа ыспар болса, жер ырысқа кенелмек. Бұл үшін кәсіпкер тек табысты ғана емес, көптің қамын, жұмысшының жайын да ойлауға тиіс. Халықаралық конвенцияларда осы қағида тайға таңба басқандай жазылған. ХЕҰ бас директоры еліміздегі құқық қорғау бағытындағы қадамдарының жақсарып келе жатқанын жеткізді.
– Қазақстанда жалпыұлттық деңгейдегі реформалардың табысты іске асып жатқанын ерекше айтқым келеді. Кейбір елдермен салыстырғанда Қазақстанда құқықтық өзгерістердің жылдам дамып жатқанына куә болдым. Әлеуметтік диалогті нығайту бағытындағы жұмыстар да құптарлық. Біздің ұйым бұл жолда әрдайым қолдау көрсетуге дайын. Білікті жұмысшы – кез келген бизнестің қозғаушы күші. Ал оны ынталандыру, әлеуметтік тұрғыда қолдау – жұмыс берушіге жүктелген міндет. Осы жауапкершілікті абыроймен атқарған кәсіпкерлерге Үкіметтен де, кәсіподақтан да үнемі демеу болуға тиіс, – дейді Жильбер Унгбо мырза.
ХЕҰ – еңбек қатынастарын реттеумен айналысатын Біріккен Ұлттар Ұйымының мамандандырылған мекемесі. Оның құрамына Қазақстанды қосқанда 187 мемлекет кіреді. Ұйымның негізгі мақсаты – әлеуметтік әділетті қамтамасыз ету. Ұйым қақтығыстарды шешу және еңбек жағдайларын жақсарту үшін үкіметтер, жұмыс берушілер және жұмысшылар арасындағы диалогті ілгерілететін трипартизм қағидаты бойынша жұмыс істейді.
– Ел тәуелсіздігінің 32 жылында ХЕҰ басшысы Қазақстанға алғаш рет келіп отыр. Бұл халықаралық ұйымның саясатына көп нәрсе байланысты. Унгбо мырзаның сапары біздің Үкімет, отандық кәсіподақтар және PARYZ конфедерациясы арасындағы жоғары сапалы үшжақты диалогке серпін беретініне сенімдімін. Оның жаһандық аренадағы еліміз туралы жеке ұстанымы мен пікірі өте маңызды, – деді Paryz жетекшісі Жұмабек Жанықұлов.
Paryz конфедерациясы – ХЕҰ мойындаған еліміздегі бірден-бір республикалық жұмыс берушілер бірлестігі, сондай-ақ Халықаралық жұмыс берушілер ұйымының отандық серіктес мүшесі. Бүгінде оның құрамына 33 салалық бірлестік пен 150 ірі және орта кәсіпорын кіреді. Осы жолы жұмыс берушілер съезінде 250 мың қызметкері бар «Самұрық-Қазына» қорының компаниялар тобы Paryz конфедерациясына қосылды.
– Тоқсан сайын біз ұжымда әлеуметтік зерттеу жүргіземіз. Біз оны өз арамызда кейде «үйдегі ауа райы» деп атаймыз. Осылайша, жұмысшыларымызда қандай мәселелер туындады, олардың басшылыққа қандай сұрақтары бар екенін анықтап, қандай да бір жағдайлардың алдын алуға тырысамыз. Яғни ашықтық қағидатын ұстанып, жұмысшылармен тікелей диалог құрамыз. Қазақстан жұмыс берушілерінің съезінде әлемдік тәжірибені кеңінен қолдану мәселелері қозғалды. Бұл бағытта халықаралық еңбек ұйымымен ынтымақтастық аясы кеңейе түспек, – деді кәсіпорынның атқарушы директоры Андрей Лазарев.
Бұған дейін ХЕҰ жұмыссыздық деңгейіне қатысты өз болжамдарын ұсынған еді. Есепте жаһандық жұмыссыздық деңгейі 2024 жылы 4,9%-ға дейін төмендейтіні, бірақ еңбек нарығындағы елеулі теңсіздіктер сақталатыны айтылған. Әсіресе табысы төмен елдерде жұмыс тапшылығынан әйелдер қатты зардап шегіп жатқан көрінеді.
Сондай-ақ жиын соңында Paryz Қазақстанның жұмыс берушілер конфедерациясы мен «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
– Біз трипартизмге сенеміз. Мұны күшейту керек. Біз ХЕҰ-мен Қазақстанда трипартизмді нығайту және дамыту үшін Paryz-бен жұмысты жалғастыруға дайынбыз. Бүгін біз Paryz бен «Самұрық-Қазына» қоры арасындағы маңызды меморандумның куәсі болдық. Бұл меморандум – жұмыс берушілердің елдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы рөлін күшейтуге негіз, – деді ХЕҰ басшысы.
Халықаралық еңбек конференциясы аясында үшжақты делегацияның Халықаралық еңбек ұйымының Еуропа және Орталық Азия бойынша аймақтық директоры Беат Андрееспен кездесуі өтті. Кездесу барысында еліміздегі лайықты еңбекті ынталандыру жөніндегі Жол картасы бекітілді. Елдегі жұмыс берушілер атынан бұл маңызды құжатқа Paryz жұмыс берушілер ұлттық конфедерациясының төрағасы Жұмабек Жанықұлов қол қойды. Жол картасы бес негізгі бағытты қамтиды: қауіпсіз еңбек және еңбек инспекциясы, жұмыс берушілер мен жұмысшылардың бірігу бостандығы, ең төменгі жалақы, әлеуметтік қамсыздандыру және қорғау, еңбек әлеміндегі зорлық-зомбылық пен қудалауды жою. Бұл – Қазақстанда лайықты еңбек бағдарламасын жүзеге асырудың және халықаралық еңбек стандарттарын енгізудің алғашқы қадамы.