Денсаулық • 06 Қыркүйек, 2024

Өскенде өзі біле ме? Репродуктивті денсаулықты сақтауды ертерек ойлаған жөн

60 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қандай ұлт жүз жерден дамыса да, жас ұл-қызымен ашық талқылауға тартынатын, айтуға қымсынатын тақырып болады. Сондай тақырыптың бірі – жыныстық сауаттылық. «Ұят болады» деп жүргенде өзі үйде, қылығы түздегі ұл мен қыз албырт жастықпен түрлі қателікке ұрынып, салдары өмі­рі­нің соңына дейін ілесетін қасі­ретке ұласып жататыны жасырын емес. Оған қоса білмеген у ішетінін ескерсек, «көрсоқыр» болып отыра берудің кері салдары әртүрлі. Мәселен, бұл бедеулікке бастайтын жыныстық жұқпалы аурулардан бастап, бесіктен белі шықпай жатып түсік жасатқызу, қаламаған баладан бас тарту деген сияқты жалпылама жалғаса береді. Айтуға оңай болғанымен, әрбір осындай келеңсіз оқиғаның астарында адам тағдыры жатыр.

Өскенде өзі біле ме? Репродуктивті денсаулықты сақтауды ертерек ойлаған жөн

Айтпағымыз, жыныстық білім беру арқылы репродуктивті ден­сау­лықты сақтауға арналған Ор­талық Азияның жыл сайынғы TartynbaFest 2.0 фестивалі биыл Алматыда жалғасын тапты. Осы­дан екі жыл бұрын Бішкек қала­сында сәтті өткен фестивальды биыл Алматы қаласы қабылдап алған еді. Бұл эстафета саламатты өмір салты мен жастардың репродуктивті денсаулығына саналы түрде қарау мәдениетін қалыптастыруды көздейді.

Tartynba­Fest 2.0 – кез келген адам тыйым салынған тақы­рып­тар­ды еш қым­сынбай, тартынбай зерттей, талқылай алатын және пікір­лерімен бөлісе алатын алаң. Со­­ны­мен, Алматыда өткен Tartyn­baFest 2.0 фестивалінің нә­ти­желері туралы баяндамас бұрын, осы ха­лықаралық жиында сөз алған сарапшылар пікіріне жүгіну­ді жөн көріп отырмыз.

Жыныстық білім беру адвокаты, жыныстық және репро­дуктивті денсаулық жөніндегі жат­­тықтырушы Кәмила Тұяқ­баева: «Жы­ныстық сауаттандыру адам­­дар арасындағы саналы да жауапты қарым-қатынасты қа­лып­­тастыруда маңызды рөл атқа­рады деп ұйғаратындықтан, мұн­д­ай бастамалар әрбір жас­өс­­пірімге өз жаратылысы мен гендерлік айдентикасын тү­сінуге септеседі. Оған қоса бұл саламатты шекараларды бел­гі­леуде, жалпы тағдыршешті қадамдарға баруда өте маңызды. Сонымен қатар жыныстық сауаттандыру – жыныстық денсаулыққа қатысты әртүрлі мәселенің алдын алудың кілті. Атап айтқанда, жастайынан жүкті болып қалу, инфекциялардың таралуы, жы­ныс­тық зорлық-зомбылық, ала­лау мен кемсітушілікке ұшы­рау», дейді.

Сол сияқты жыныстық білім гендерлік тұрғыдағы таптаурын көзқарастар мен теңсіздіктермен күресуде маңызды рөл атқарады. Қысқасы, жыныстық білім беру инклюзивті әрі эмпатикалық қоғамдық ортаны құруға ықпал етіп, әрбір адам жынысына қарамастан, таңдау құқығы мен өз еркіндігіне ие болмақ.

Мамандар «әркім өскенде өзі түсінеді» деп қарап отыруға да болар еді, бірақ бұрынғы ұстаным, қазіргі жүйе жұмыс істемейтініне көзіміз жетті дегенді нақты мысалдармен дәйектеп отыр. Мысалы, бұл жасөспірімдер жүктілігінің артуынан, дәретханаға тасталған нәрес­телерден, жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың таралуынан көрініп отыр. Егер келеңсіз мәліметтерге көзді жұма бермей, өскелең ұрпақтың денсаулығына шындап мән беретін қоғамға айналамыз десек, осы тақырыптар жөнінде әңгімелесу, білім беру мен жастар үшін қауіпсіз алаңдар құрудың маңызы орасан.

Осы жиында сөз алған Жы­ныс­тық және репро­дуктив­тік денсаулық жөнін­дегі қауым­дастықтың атқарушы директоры, акушер-гинеколог Галина Гребенникова: «Мен ұлттың денсаулығы, ұлт келешегі бүгінгі жастардың жыныстық ден­сау­лығына байланысты, тіпті тәуелді екенін айтудан ешқашан жа­лыққан емеспін. Бұл – аксиома. Егер таратып айтатын бол­сақ, жастар да, оның ішінде жасөспірімдер де денсаулығына қатысты қауіпті жағдайлармен бетпе-бет келіп жатады. Оның ішінде өзіміз айтып жүрген кездейсоқ жүкті болып қалу, түсік жасатқызу, жыныстық жолдармен берілетін инфекциялардың өршуі, АИТВ жұқпасы да бар. Мұндай бәле-жала, қауіп-қатерді азайту үшін, мейлі ұл, мейлі қыз болсын, біріншіден, жабық, құпия ақпараттардан нақты құлағдар болуы керек. Екіншіден, реп­родуктивті денсаулық сала­сындағы сапалы қызмет пен кеңеске жүгіне алатындай, қол­жетімділік қажеттілігі күн са­йын көрініп отырғандықтан, жас­тар да бұл мәселеде қауіпсіз әрі сенімді алаңдарға, орындарға мұқтаж. Сондықтан осы жерде өсіп келе жатқан ұл-қыз қоғам тыйым салған тақырыптарды қорықпастан, ешкімнің мазағына ұшырамай талқылай алады. Қа­зірге мұндай алаң біз көптен бері ойластырып, қолға алған TartynbaFest 2.0 фестивалі болып отыр. Жыныстық және репродуктивтік денсаулық жөнін­дегі қауымдастықтың жас­тар қанаты бар. Жастар ол жерде қысылмастан, «тең – теңімен» қағидаты бойынша түрлі тақы­рып­тарға жаттығулар өткізіп жүр. Оған қоса инстаграмда @ne_tabu парақшасын жүргізіп, өз заман­дастарынан көптеген сұрақ қабылдап жатады. Олардың бәрі де волонтер», дейді.

Осы арада сарапшының пікі­рін растай кетуге болады. Мысалы, фестивальдың да бағдарламасын жастардың өздері жасап, сарапшыларды да таңдап, пікірталас жүргізді. Жастарымыздың күш салуының арқасында фестиваль мазмұнды да қызықты болып өтті. Сонымен, Алматыдағы алғашқы фестивальға офлайн 150-дей жас­тар қауымымен бірге, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан мамандары да қатысты. Фестивальға атсалысқандар қата­рында қоғам белсенділері, танымал блогерлер, суретшілер, дәрігерлер мен үкіметтік емес сектор өкілдері де бар. Мамандар жергілікті жастармен пікір алмасып, күн тәртібіндегі көкейкесті тақырыпқа мүдделестік танытып, ақпараттық тұрғыда мұның қызықты, ең бас­тысы қолжетімді бола алатынын ай­ғақтады.

«Біздің жұмысымыз жыныс­тық білім беруге қатысты қоғам­дық көзқарастарды өзгертуге, жыныс­тық қатынас пен репро­­дуктивті денсаулықты талқы­лауға байланысты стигма мен кемсітушілікті азайтуға ықпал етеді. Әрбір адам өз тәні мен денсаулығы туралы саналы шешім қабылдау үшін қажетті ақпарат пен ресурстарға қол жеткізе алатын қоғам құру­ға ұмтылып ке­леміз», дейді Жыныстық және репродуктивті денсаулық жө­ніндегі қауымдастықтың жас­тармен жұмыс жөніндегі үй­лестірушісі Сара Қанафина.

Өскелең ұрпақ үшін фес­тиваль қаншалықты өзекті болды дейтін болсақ, 2022 жылы «Саламатты ұлт» ұлт­тық жобасын іске асыру шең­беріндегі «Оқушылардың денсаулығына қатысты мінез-құлқы» атты екінші ұлттық зерт­­теуінің нәтижелеріне көз жүгірту керек. Елімізде 7 400-дей жасөспірім арасында жүр­гізілген зерттеулер тоғы­зыншы сынып оқушы­ла­рының 5,7%-ы жыныстық қатынасқа түскенін және қа­тысушылардың 41%-ы бұған алғаш рет 15 жасында барғанын жасырмаған. Жыныстық қатынас тәжірибесі туралы мәлімдеген ұлдардың 59,4%-ы
және қыздардың 44,4%-ы мүшеқап қолданғанын атап өткен. Мүшеқап немесе жүк­тіліктің алдын алатын препараттарды пайдаланған жастардың үлесі 2018 жылғы зерттеулермен салыстырғанда 9%-ға төмендеген.

«Орталық Азия елдерінде ресми түрде кешенді жыныстық білім беру жұмыстары жүрмесе де, ол қолданыстағы шектеулерден асып түсіп, бейресми түрде дамып келеді. Негізгі проблема – мектептерде жыныстық сауаттың болмауында. Бұл жас­өспірімдер мен жастардың ден­саулығына, әл-ауқаты мен өзін-өзі бағалауына кері әсерін тигізіп жатыр. Қоғамдағы кері­тарт­палықты ескере отырып, өңірдегі белсенділер мен бас­тамашыл топтар гендерлік кем­сітушілік, зорлық-зомбылық пен денсаулық туралы сауатты арттыру­дың инновациялық жолдарын тауып отыр», деді осы іс-шараның ұйымдастырушысы Г.Гребенникова.

Фестивальда жастар пленар­лық жиындарға, шеберлік дәріс­теріне белсенді қатысып, өзек­ті мәселелерді талқылады. Жы­ныстық білім беру арқылы ре­продуктивті денсаулықты қор­ғаудың инновациялық тәсіл­дері жобалардың арнайы көрмесінде ұсынылып, кез келген мәселені ашық талқылау, бейресми кездесулерде тәжірибе алмасу мүм­кіндігі туды.

Қорыта келгенде, фестиваль Халықаралық жоспарланған ата-ана федерациясының (IPPFEN) Еуропалық желісі жанындағы Орталық Азия мен Еуропадағы Y-SAFE жастар желісінің жас көшбасшыларына арналған грант­тық бағдарламаның қол­дауымен өткізілгенін атап өткен жөн. Фестивальдың халық­ара­лық сипат алуына БҰҰ-ның Қазақ­стандағы халық саласындағы қоры, EpiCCentralAsia – «АИТВ індетін бақылау жөніндегі мақсат­тарға қол жеткізу және шаралар­ды жалғастыру» жо­басы, Қырғыз­стан­дағы реп­родуктивті ден­саулық альянсы (АРЗ) атсалысты.

 

АЛМАТЫ