Білім • 06 Қыркүйек, 2024

Оқушы режімі – саулық кепілі

70 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл оқу жылында 4 мил­лионға жуық оқушы мектепке барды. Буыны қатайып келе жатқан балалардың күн тәртібі жазғы демалыстан кейін қайта жаңарып, оқушы соған бейімделе бастайды. Дәл осы шақта ата-аналар баланың дұрыс жетілуін ойласа, кейбір артық нәрселерден тыйып, сабаққа зейінін аударғаны абзал.

Оқушы режімі – саулық кепілі

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Оқу жылы басталғанда Денсаулық сақтау министрлігі ата-аналарға кеңес жариялады. Онда қимылдың аздығы, гаджеттерді шамадан тыс пайдалану секілді күнделікті ескермейтін әдет­тер бала ден­­сау­лығына теріс әсер етіп, көру қабілетін нашарлататыны ескертілген. Мұндайда балаға бойын тіктеп ұстамау, бір нәрсеге зейін қоймау сынды қауіп туындауы да мүмкін екен. Ретсіз телефонға үңілу ұйқының бұзылуына әкеледі. Оның үстіне кейбір оқушылардың бойында қазір­ден созылмалы аурулар, артық салмақ, тіпті семіздік бай­қа­­лады. Денсаулық сақтау ми­­нистрлігі мен Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық ор­та­лығы оқу жылында бала­лар­дың денсаулығын сақтап, ны­­ғайту үшін бір­неше ма­ңызды талапты ұсы­нады. Соның бірсыпырасын төмен­де келтіргенді жөн көрдік.

Оқу жылында балаңыздың денсау­лығы мығым болып, дұрыс дамысын десеңіз, баланың күн тәртібін дұрыс құрудан бастау қажет. Төменгі сыныптар үшін үй тапсырмасын 1,5–2 сағаттан аспайтын уақытта, ал жоғары сыныптар үшін 3–4 сағатта әрбір 40 минут сайын үзіліс жасай отырып орындату қажет екен. Сосын баланың ұйқысы қанық болғаны маңызды. Күнделікті 7–10 жастағы балалар – 10–11 сағат, 11–14 жастағы балалар – 9–10 сағат, 15–17 жастағы жасөспірімдер 8–9 сағат ұйықтауы керек. Әрине, тамақ рационынан зиянды тағамдарды алып тас­тап, дәрумендер қабылдауын қадағалаған жөн. Оқушылар жиі-жиі, яғни күніне 4 рет тамақтануы керек, ал бірінші сынып оқушылары мен спортшылар 5 рет тамақтанғаны жөн. Семіздік қаупін арттырып, басқа да ауруларға бастайтын газдалған сусындар, фаст-фуд, снэктерді тұтынуын шектеген дұрыс. Министрліктің хабарламасында баланың сабақ оқитын орнын дұрыс орналас­тыру, мектеп киімінің жайлы, қауіпсіз болуы, сөмкенің ықшамдығы, салмағы, гаджет ұстауды шектеу, компьютерде отыру жиілігімен қатар гигиенаға қатысты талаптар – бәрі-бәрі қамтылған.