Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Оқу жылы басталғанда Денсаулық сақтау министрлігі ата-аналарға кеңес жариялады. Онда қимылдың аздығы, гаджеттерді шамадан тыс пайдалану секілді күнделікті ескермейтін әдеттер бала денсаулығына теріс әсер етіп, көру қабілетін нашарлататыны ескертілген. Мұндайда балаға бойын тіктеп ұстамау, бір нәрсеге зейін қоймау сынды қауіп туындауы да мүмкін екен. Ретсіз телефонға үңілу ұйқының бұзылуына әкеледі. Оның үстіне кейбір оқушылардың бойында қазірден созылмалы аурулар, артық салмақ, тіпті семіздік байқалады. Денсаулық сақтау министрлігі мен Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы оқу жылында балалардың денсаулығын сақтап, нығайту үшін бірнеше маңызды талапты ұсынады. Соның бірсыпырасын төменде келтіргенді жөн көрдік.
Оқу жылында балаңыздың денсаулығы мығым болып, дұрыс дамысын десеңіз, баланың күн тәртібін дұрыс құрудан бастау қажет. Төменгі сыныптар үшін үй тапсырмасын 1,5–2 сағаттан аспайтын уақытта, ал жоғары сыныптар үшін 3–4 сағатта әрбір 40 минут сайын үзіліс жасай отырып орындату қажет екен. Сосын баланың ұйқысы қанық болғаны маңызды. Күнделікті 7–10 жастағы балалар – 10–11 сағат, 11–14 жастағы балалар – 9–10 сағат, 15–17 жастағы жасөспірімдер 8–9 сағат ұйықтауы керек. Әрине, тамақ рационынан зиянды тағамдарды алып тастап, дәрумендер қабылдауын қадағалаған жөн. Оқушылар жиі-жиі, яғни күніне 4 рет тамақтануы керек, ал бірінші сынып оқушылары мен спортшылар 5 рет тамақтанғаны жөн. Семіздік қаупін арттырып, басқа да ауруларға бастайтын газдалған сусындар, фаст-фуд, снэктерді тұтынуын шектеген дұрыс. Министрліктің хабарламасында баланың сабақ оқитын орнын дұрыс орналастыру, мектеп киімінің жайлы, қауіпсіз болуы, сөмкенің ықшамдығы, салмағы, гаджет ұстауды шектеу, компьютерде отыру жиілігімен қатар гигиенаға қатысты талаптар – бәрі-бәрі қамтылған.