Әскер • 06 Қыркүйек, 2024

Әскери әлеует: бес сатыға жоғарылады

161 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жуырда әлемдегі 145 елдің әскери күш-қуатын бағалауда негізгі құрал болып келе жатқан Global Firepower (GFP) индексінің 2024 жылғы жаңа рейтингі жарияланды. Мұнда әр елдің әскер саны, әскери техникасы, экономикалық тұрақтылығы, ресурстарға қолжетімділігі мен стратегиялық географиялық орналасуы сынды 60-тан астам параметрі есепке алынған.

Әскери әлеует: бес сатыға жоғарылады

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Әскери күш-қуаттың саны ғана емес, сапа­сы жағынан да аспекті­лерін негізге алатын GFP индексі қорғаныс саласындағы ғаламдық өзгерістер мен үрдістердің ма­ңызды көрсеткіші саналады. Мұнда тек ядролық арсенал ғана есепке алынбайды. Ендеше, биыл­ғы рейтингтің өз елімізге қа­тысты тұстары мен басқа да қы­зықты көрсеткіштеріне назар са­лып көрсек.

 

Көш басында кімдер тұр?

GFP рейтингі бойынша биыл да әлемнің маңдайалды армиясы АҚШ-тың қолында. Оның құрамында 92 эскадра­лық минатасушы, 11 авиатасымалдағыш бар, сондай-ақ 886 миллиард долларды құрайтын әскери бюджеті жағынан да көш басында тұр.

Ал екінші және үшінші тұ­ғырға сәйкесінше Ресей мен Қы­тай орналасқан. Бұл мемлекеттер қуатты құрлық және әуе күштерімен танымал. Төртінші орынға Үндістанның әскері жайғасыпты. Ол «Make in India» бағдарламасы аясында өзінің әскери технологияларын жаңғырту арқасында үздіктер қатарына еніп отыр.

Дамыған әскери-теңіз флоты мен заманауи авиацияға ие Оңтүстік Корея бастапқы бестік­ті түйіндепті. Ал қазіргі таңда ұзаққа созылған әскери қақ­тығыс алаңына айналған Украи­на 18-орыннан көрінген. Батыс ел­дері­нің көмектесуіне қа­ра­мастан, Украинаның төменгі орында тұруына соғыс салдарынан ресурстары мен техникасының азаюы, инфрақұрылымының қирап, экономикалық қиындықтарға ұшырауы себеп болса керек.

 

Орталық Азия елдерінің қауқары қандай?

Global Firepower 2024 рейтингі­нен біз үшін бір жақсы жаңалықты көреміз. Биыл біздің әскери қуа­тымыз 5 сатыға жоғарылап, 58-орын­ға тұрақтадық. Өткен жылы 63-орында едік. Осының арқа­сында Қазақ елі Орталық Азияда көш басына шығып отыр. Мұндай же­тістікке елімізде жүргізіліп жат­қан бірқатар кең көлемді шара себеп болған.

Атап айтқанда, біріншіден, қазір біз қарулы күштеріміз қатарында дүр­кіндетіп ататын реактивті жүйелер (ДАРЖ) мен өздігінен жүретін артиллерияны көбейтіп, әскери техникамызды белсенді түрде жаңғыртып жатырмыз. Соның арқасында ДАРЖ саны жағынан (407 бірлік) әлемде 17-ші, ал өздігінен жүретін артиллерия саны бойынша 21-орында тұр­мыз. Бұл ұрыс даласында үл­кен басымдық беретін қуатты күш.

Екіншіден, біз телегей теңіз ре­сурстық базаға ие мем­лекет­піз және 2,7 млн шаршы ша­қырымды құрайтын аумағымыз жағынан әлемде 9-орындамыз. Жердің үлкендігі – стратегиялық артықшы­лық! Оған қоса, мұнай мен көмір секілді ұлан-­ғайыр табиғи ресурстарымыз эко­но­микалық тұрақтылықты қолдау мен қор­ғаныс өнеркәсібін тұрақ­ты қар­жыландыруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ біз қазір авиация мен көлік инфрақұрылымын да­мытуға қомақты қаржы жұм­сап келеміз. 1,5 млрд доллар­ды құрайтын қорғанысқа бағыт­талған әскери бюджеттің арқа­сын­да тұрақты түр­де оқу-жат­ты­ғулар өткізіп, қару-жа­ра­ғымызды жа­ңартып отыруға мүмкін­дік бар.

GFP біздің еліміздің артық­шылық­та­ры қатарында эко­номикалық әлеуе­тімізді, әс­керді жаңғырту бағытында қол­ға алған жұмыстарымызды, сон­дай-ақ ішкі дамыған қорғаныс өнер­кәсібімізді атап айтқан. Шынында қазіргі таңда біз өз елімізде әскери техникаларды жасап шығарып, импортқа тәуелділіктен біртіндеп арылып келе жатырмыз.

Ал әлсіз тұстарымыз ретінде халық санының аздығын, сонымен бірге әлі де болса импортқа тәуелді екенімізді көрсеткен.

Орталық Азияда бізден кейін­гі екін­ші орында Өзбекстан­ның қарулы күш­тері тұр. Құр­лық әскер санының көп­тігіне қа­рамастан, бұл ел биыл 65-орынға төмендеген. Бұған әскери техни­касын жаңғыртудағы кемшіліктер, әскери өнеркәсіпті дамытуға салынатын инвестицияның аз­дығы, сондай-ақ әскери-теңіз күштерінің болмауы себеп. Өзбек армиясы аймақтағы ірі күштердің бірі болғанына қарамастан, техникасын уақыт талабына сай жаңғыртып отырмаса, оның жауынгерлік қабілеті төмендей береді.

GFP Өзбекстанның артық­шылық­та­ры ретінде әскер са­ны­ның көптігі мен географиялық орналасуын атаса, әлсіз тұстары ретінде, жоғарыда айтқан­дай, модернизацияның жоқтығын, табиғи ресурстарының шектеулі еке­нін көрсеткен.

Нейтралитет саясатын ұс­та­нып отыр­ған Түрікменстан халықаралық әс­кери альянс­тар­дан оқшауланған мемлекет болғандықтан, аталған рейтингте бар болғаны 86-орыннан көрініпті. Әлемдегі ең ірі табиғи газ қорына ие елдің өз әскерін уақыт талабына сай жаңғыртуға мүмкіндігі зор. Алайда бұл бағыттағы әрекетсіздігі мен халықаралық ынтымақтастықтан бас тартуы оның қарулы күштерінің дамуын тежеп отыр.

Орталық Азияның экономика­лық даму тұрғысынан соңғы 4 және 5-орындарда тұрған Қырғызстан мен Тәжікстан GFP рейтингінде сәйкесінше 94 және 107-орында тұр. Бұл екі мемлекет те таулы аймақта орналасқандықтан, табиғи қорғанысқа ие. Өйткені таулы жерге жау әскерінің басып кіруі қиын. Дегенмен олар­дың экономикалық жағынан әлсіздігі мен саяси тұрақсыздығы қорғаныс саласына қаржы құюға кедергі болып отыр.

Ауғанстанмен шектесіп жатқан Тәжікстанның айрықша геостратегиялық жағдайы назар аудартады. Бірақ бұл ел сырт­қы көмекке, әсіресе Ресей та­рапынан берілетін көмекке тәуелді, сондықтан өзінің әскери мүм­кіндігі шектеулі.

Екі мемлекет те Ұжымдық қауіп­сіздік туралы шарт ұйымына мүше. Соның арқасында әрдайым әскери қолдауға ие.

 

Заман талабына сай жаңғырған армия

Global Firepower 2024 рейтингі көп­теген елдің дәл қа­зіргі уақыттағы әскери қүш-қуа­тын көрсетіп қана қоймайды, сонымен қатар қорғаныс әлеуе­тін қол­дау мен дамыту үшін экономикалық тұ­рақ­тылық, тех­нологиялық прогресс пен халық­аралық ынтымақтастықтың рөлі де маңызды екенін паш етеді. Орталық Азия аймағында біздің еліміз әскери ре­сурстарын арттыру мен армиясының болашағына инвестиция жасау жағынан өзге ел­дерден озық тұр. Құдайы көр­шілеріміз түрлі сын-қатерлермен бетпе-бет келіп жатқанда, біз тұрақты саяси ұста­нымымыз бен қорғаныс саласында жүр­гізіп жатқан игі істеріміздің арқа­сын­да аймақтағы көшбасылық орны­мыз­ды нығайтып, ғаламдық қауіп­сіз­дік­тің түрлі тәуекелдеріне жауап бере­тін күш-қуатымызды қамдап келеміз.

Жуырда әскери қызметшілер­ді Конституция күнімен құттықта­ған Қор­ғаныс министрі, генерал-полковник Руслан Жақсылықов қазақ армиясының бүгінгі күш-қуаты жайында айта келе: «Ел Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жоғары халықаралық стандарттарға сай келетін заманауи және кәсіби армия құруға бар күш-жігерді бағыттап жатыр. Бүгінде Қарулы күштер заманауи техникамен, оның ішінде отандық қорғаныс өнеркәсіп кешені өнімдерімен де жарақтандырылып келеді. Басқару жүйесіне жаңа технологиялар мен басқарудың жаңа жүйелері белсенді түрде енгізіліп жатыр. Әскерді даярлаудың қар­қыны мен сапасы артып келеді. Қа­зақстан жауынгер­лері халық­аралық оқу-жаттығулар мен жа­рыс­тарда жоғары кәсіби деңгейін көрсетіп жүр», деген болатын.

Айта кетсек, қазір елімізде бірнеше әскери оқу орны жұмыс істейді. Бұл артықшылық түрлі салаға бөлінетін әс­кери қызметшілерімізді енді тек шетел­де ғана оқытпай, өз елімізде де даярлап шығаруға мүмкіндік беріп отыр. Елі­міздің бірнеше қаласынан орын тепкен бұл оқу орындарында тек болашақ қазақ офи­церлері ғана емес, сонымен қатар көршілес мемлекеттердің жастары да білім алып жатыр.