Ұлттық ұлан әскери жасағы елорданың Алматы ауданында қоғамдық тәртіпті қадағалау кезінде есірткі затын тапты. Сарбаздар электрлік таспамен оралған ораманы алуға талпынған күдіктіні бірден байқаған. Әскери жасақ бастығы, қатардағы жауынгер Нұртай Айтбай, патрульдеуші сарбаздар Санат Тұрғымбаев пен Мәулет Жанымхан бұл туралы байланыс құралдары арқылы дереу кезекшіге баяндайды.
«Ер адам бізді көргенде, оның мінез-құлқы бірден өзгеріп, әрекеті күдік тудырды. Біз құжаттарын сұрадық. Сырттай тексеру кезінде полицейлер азаматтан қара түсті, ерекше исі бар ұнтақ пакетін тапты. Тәртіп сақшылары мән-жайды одан әрі нақтылау үшін ораманы тәркіледі», дейді қатардағы жауынгер Нұртай Айтбай.
Ұсталған адам полиция бөліміне жеткізілді. Сондай-ақ осы күні сағат 21:30 шамасында қалада тағы бір оқыс оқиға болды. Келесі бір әскери жасақ бастығы, қатардағы Нұрбақ Қалабек, оның қарамағындағы патрульшілер Алмас Бексейіт пен Бексұлтан Есеннен қала тұрғыны 6 жасар баласын тауып берулерін өтініп, көмек сұрайды.
Әскери жасақ бірден баланың болжамды мәліметтерін патрульдік топ бастығына хабарлайды. Содан кейін ұландықтар жақын маңдағы патрульдік бағыттарда шұғыл іздеу шараларын ұйымдастырады. Әскери қызметшілердің жедел және үйлесімді әрекеттерінің нәтижесінде жоғалған бала аман-есен табылып, анасына қайтарылды. Ұлттық ұлан жауынгерлеріне іздеуді жедел ұйымдастырғаны және кәсіби көмектері үшін алғыс айтқан баланың анасы алғысын білдіріп, сарбаздарға саулық тіледі.