Құқық • 06 Қыркүйек, 2024

Нақтылық болғаны жөн

102 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауын зер сала тың­­дап, ықыластана оқып шық­тым. Елдің дамуына, қо­ғам­­­ның жаңаруына қатысты көп нәрсе айтылыпты.

Нақтылық болғаны жөн

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Президентіміздің Әділетті Қазақстан орнату бастамасы менің ғана емес, жалпы халықтың көңілінен шыққан, көкейінде жүрген арманы екені анық. Қасым-Жомарт Тоқаев осы Жолдауында да бұл бағыттан ешқайда бұрылыс болмайтынын тағы да нақтылады. Бұған Президенттің: «Азаматтарымыздың құқығын қорғау саласында кешенді шараларды қолға алдық. Негізгі мақсат – әділетті қоғам құру және соның арқасында дамудың сара жолына түскен озық ел болу. Сондықтан біз осы бағыттағы маңызды реформаларды жалғастырамыз, жүйелі жұмысты тоқтатпаймыз», деген сөзі дәлел.

Елімізде қоғамның дертіне айнал­ған сыбайлас жемқорлыққа, па­ра­қорлыққа қарсы күрес жүріп жат­қаны белгілі. Күресу керек, бірақ... Еш­­қашанда шектен шығуға болмайды. Әсіресе пара алғаны не бергені үшін ең алдымен «құстыру» түріндегі жаза тағайындалу керек деп санай­мын. Мұндай жаза Қылмыстық Кодекс­те де қарастырылған. Бірақ нақты­лы жазылмаған. Айталық, Кодекстің 366, 367-баптарында параның бірне­ше еселенген мөлшерінде айыппұл салу немесе белгілі бір мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Міне, осы жердегі «немесе» деген сөз жаза тағайындау кезінде судьялардың үкім қабылдау еркіндігін қамтамасыз ететін секілді. Бір қарағанда солай. Бірақ бұл жерде нақтылықтың жоқтығы судьяның жемқорлыққа тәуекелдігін арттырады. Бас бостандығынан айыру жазасына ілініп кетпеу үшін кім болса да судьяның тілін табатын жол іздейтіні белгілі ғой. Бұл – бір. Екіншіден, бір бапта екі түрлі жаза қолдану мүмкін­дігі билігі мықты шенеунік тарапы­нан әлдебір сотталушының айыппұл ­төлеу арқылы емес, бас бостандығынан ­айыру арқылы жазаланғанын қалай­тын болса, судьяға жасырын түрде болса да қысым көрсетуіне де мүмкін­дік
береді.

Біздің Ұлытау облысында биыл ­2 млн теңге пара бергені және алған­дары үшін үш азамат сотталды. Олар­дың екеуі 6 жылға, біреуі 3,6 жылға ­­бас бостандығынан айырылды. Өздері­нің кінәларын олар толық мойын­дады, жазаны айыппұл төлеу арқылы өтеуді сұрап, алғашқы сотқа да, кейін аппеляциялық сотқа да жүгінді. Бірақ үкім өзгеріссіз қалды.

Бұл қоғамда түсініксіздік тудырып отыр. Олар қоғамға қауіпті тұлғалар қатарына жата қоймайды ғой. Адам өлтірген жоқ, зорлық жасаған жоқ дегендей... Егер жазаларын айыппұл төлеу арқылы өтейтін болса, олардың әрқайсысы 100 млн теңге мөлшерінде қазынаға қаржы түсіреді екен.

Сондықтан Қылмыстық Кодекстің 366, 367-баптарын қайта қарап, «бір­неше еселенген айыппұл салу дегеннен кейін немесе белгілі бір мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады» дейтін тұстарынан «немесе» деген сөзді алып тастау керек. Пара бергені де, алғаны үшін де алдымен айыппұл жазасын белгілеп, егер мұны өтеу мүмкіндігі болмаған жағдайда ғана бас бостандығынан айыру жазасын белгілеу керектігі Қылмыстық Кодексте нақтыланып жазылғаны жөн. Бұған Мәжіліс депутаттары назар аударса екен деймін. Бұл Президенттің Әділетті Қазақстан бастамасына да өте сай келер еді. Сонымен бірге сот жүйесіндегі жемқорлық тәуекел­дігін азайтады және судьяларға жасы­рын болса да қысым жасау мүмкіндігін жояды.

 

Амандық РАХҰЛЫ,

Қазақстанның құрметті журналисі

Ұлытау облысы