Қылмыс • 06 Қыркүйек, 2024

Алаяқтық асқынып барады

74 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бүгінде интернет-алаяқтықтың алдын алу және ашу Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаментінің ерекше бақылауында. Өйткені бұл қылмыс түрі облыс қана емес, бүкіл елде кең таралған. Халықтың бар­лық тобына зиян шектіріп, азаматтарға үлкен шығын әкелетін қылмыс­ты құрықтау да оңай болмай тұр. Интернет-қылмыскерлер халық­тың сеніміне кіріп, алдаудың жаңа тәсілдері мен схемаларын ойлап табудан жаңылар емес.

Алаяқтық асқынып барады

Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»

Бұл туралы журналистерге Сол­түс­тік Қазақстан ПД Кри­ми­нал­дық полиция басқар­масының аға жедел өкілі Мөржан Махмет айтты. Осы жылдың басынан бері облыс аумағында 513 алаяқтық фактісі тіркелген. Бұл 2023 жылғыдан 16% артық.

«Осыған байланысты Полиция депар­таменті халықтың алаяқтыққа қарсы са­уаттылығын көтеру­ге ерекше көңіл бө­леді. Осы жылдың өт­кен кезеңінде бұқара­лық ақпарат құрал­дарында 872 профи­лактикалық мате­риал орналастырылды. Хабарлама сайттарында 1425 хабарландыру тексерілді, оның 274-і сайт әкімшілігімен бұғатталды. Жер­гілікті телеарналарда полиция қыз­мет­керлерінің қатысуымен 4 рет хабар жазылды. Денсаулық сақтау, білім беру мекемелерінің, оқушылар сарайының LED-экрандарында, автовокзалдың күту залында, сауда үйлерінде интернет-алаяқ­тық бойынша бейнероликтер көрсеті­лу жалғасып келеді. Біз интернеттегі алаяқ­тық туралы «Путь обмана» атты фильм түсірдік, ол әрі қарай аумақтық бөлі­­ніс­тердегі мәдениет үйлерінде, сондай-ақ танымал әлеуметтік желілердің ресми интернет-ресурстарына орналастырылды», деді ол.

Тіпті нан өнімдерін дайындайтын кәсіпорындармен келісіп, «Чешский», «Сибирский» атты нан-тоқаш өнімдеріне 12000 жапсырмалар жабыстырып, оларда алаяқтықтан қалай сақтану жолдары көрсетілген. Сондай-ақ жапсырмалар «Семейный» дүкендерінде сатылатын өнім­дерге де жапсырылуда екен.

EGOV сайтында «6 ай мерзімге банктік қарыздар, микронесиелер алудан ерікті түрде бас тарту» қосымшасы енгізілген. Биылғы жылы осы қызметке облыс хал­қының 27%-ы қосылған. Екінші дең­гей­дегі банктердің филиалдары қызмет­кер­­лерімен бірнеше рет кездесу жасап, проб­­лемалық мәселелерді шешу жолдары тал­қыланған.

Бірақ бәрібір осы қылмыстың түрі артып келе жатқаны баршаны таңғалды­рады. Талдау көрсеткеніндей, оған негізі­нен 40-тан 60 жас аралығындағы адамдар душар болып, зардап шегеді. Олардың көбі – жалған несие ресімдегендер. Ал интернетте тауарларды сатып алатын алаяқтардың құрбаны негізінен 20-35 жастағы жас азаматтар.

Интернет қылмысты жасайтындар­дың негізгі бөлігі 40 жасқа дейінгі жас­тар. Мысалы, Петропавл қаласының 28 жастағы бір тұрғыны «онлайн-кредит­тер ресімдеумен» айналысып, 16 адам­ды жапа шектірген. Ал Алматы облысын­да тіркелген 32 жастағы бір алаяқ танымал сайттарға хабарламалар орналас­тыру арқылы Солтүстік Қазақстанда ұс­тал­ғанша алаяқтықтың 14 фактісін жасап үлгерген. Мұндай қылмыстарды жазалауды қарастырған Қылмыстық Кодекс­тің 190-бабының 2-бөлігі алаяқтарды 4 жыл­ға дейін, ауыр санаттағы құқық бұзу­шылықтар жасағаны үшін 3-тен 7 жылға дейін бас бостандығынан айырады. Осы қылмыстың әлеуметтік зардабының артып келе жатқанын ескеріп, оған берілетін жазаны барынша қатайту кезек күттірмейтін мәселе екені көрініп тұр.

Алаяқтықтың барынша қазіргі кең тараған түрі – азаматтарды күмәнді қар­жылық жобаларға тарту. Мұндай схема­ларда алаяқтар тіпті халыққа танымал адам­дардың бейнесін пайдаланып, әлеу­меттік желілерде (Инстаграм), видеохос­тингтерде (YouTube) жарнама орналас­тырады. Онда өз құрбандарын «тиімді», «қолайлы» жағдайлармен қызықтыра таныстырып, көрерменді арбайды. Әрбір тұрғынға дивидендтер төленетінін әйгілі адамдардың аузымен айтып тұрса, ондайға қалай сенбессің?

Бұл схемаларда жәбірленушіге бас­тапқы кезеңде ақшаның аз мөлшерін тө­лейді, сонымен қатар бағалы қағаздар­дың пайыздық мөлшерлемесін көтеретін жал­ған кестелерді көрсетеді. Алаяқтың мақ­саты – жәбірленушіні үлкен сомаға қызық­тыру, ұтыстар мен қолма-қол ақ­шаны инвестициялауға қол жеткізу. Мы­салы, осы схеманың құрбаны болған Пет­ро­павлдың 48 жастағы бір тұрғыны 5,4 млн­ теңгесінен айырылған. Ол осы жылғы маусым айының басында Инстаграм әлеуметтік желісінде оңай табыс табуға болатыны туралы хабарландыру көр­ген. Қызығып кетіп, сілтемеден өтіп, өзінің абоненттік нөмірін қалдырған. Біраз уақыттан кейін оған менеджермін деген біреу хабарласып, алдымен ақша салу керегін, сосын тіркеліп, анкета толтыруды міндеттеген. Сенімді дауыс­пен айтылған сөзге құлай сенген зардап шегуші көрсетілген ақша сомасын аударып жіберген. Алаяқтар онымен де шектелмей түрлі сызба жіберіп, ақшасының өсіп жатқанын көрсеткен. Ал ақшаны алу үшін қосымша ақша қосу керегін ескерткен. Осы схема бірнеше қайталанғанда ғана зардап шегуші әйел өзінің оңбай алданғанын білген.

Банк қызметкері болып қоңырау шалу – алаяқтардың көптен бері қолданатын әдісі. Ондайда салымшыны қорқытып, сіздің депозиттегі ақшаңызды қолды қылуға әре­кет жасалды, сондықтан бар ақшаңызды дереу басқа қауіпсіз шотқа аударыңыз деп дігерлейді. Ал «қауіпсіз шот» деген – өздерінікі. Немесе алаяқ жәбірленушіге Рудеск, Хоптудеск, Анидеск, Таймфьюер т.б. бағдарламаларды жүктеуге көн­діреді. Сосын осындайлардың көмегі­мен мобильді құрылғыға қашықтан қол жеткізе алады. Петропавл қаласының 73 жастағы тұр­ғынына қоңырау шалған алаяқ өзін тіпті Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкері­мін деп таныстырған. Барынша салмақ­ты сөздермен жәбірленушіні сен­дірген ол сіздің салымшылық шотыңыздан лаңкес­тік әрекеттерді қолдауға ақша аударыл­ды. Сондықтан қалған ақшаңызды қауіп­сіз шотқа аудару керек деп банк реквизит­те­рін берген. Осыған сенген жәбірленуші бір­ден 2,5 млн теңгесінен айырылған...

Алаяқтар бұлардан басқа да схемалар­ды жиі қолданады. Сондықтан кез келген адамның шотыңыздағы ақшаңызға қатысты сұрағына мән бермеген дұрыс.

 

ПЕТРОПАВЛ