Киносарапшы және фестивальдің бағдарлама директоры Ержан Жұмабековтің айтуынша, 20 елден келіп түскен 670 өтінімнің ішінен фестивальдің байқау бағдарламасына қатысатын 33 фильм іріктеліп алынған. Байқауға Қазақстан, Грузия, Әзербайжан, Армения, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Ресей секілді елдерден келген кино өкілдерінің қарасы мол.
– Қатысушылар арасында студенттер де, белгілі жас режиссерлер де бар. Фильмдердің түрлі жанрды қамтығаны қуантады. Әлеуметтік драмалармен қатар, хоррор, мюзикл, триллер жанрында түсірілген фильмдер де бар. Байқауға қатысатын фильмдер, негізінен, өзін-өзі тану және отбасы құндылықтары тақырыптарын қамтыған, – деді Е.Жұмабеков.
Фестиваль Қазақстан режиссері Кенжебек Шайқақовтың «Айқай» фильмімен ашылды. Фильмнің халықаралық премьерасы жыл басында Пусан халықаралық кинофестивалінде өткен болатын. Биылғы бағдарламаның тағы бір ерекшелігі, толықметрлі фильмдердің дебюттік байқауы енгізіліп отыр. Байқау бағдарламасындағы фильмдерді көрсетуден басқа фестивальде танымдық іс-шаралар да өткізіледі: шеберлік сабақтары, шығармашылық кездесулер және жетекші кинорежиссерлердің авторлық дәрістері, кино мамандарының панельдік сессиясы жоспарланған.
IX Халықаралық кинофестивальдің аясында AlmaU университетінің қабырғасында өткен III Халықаралық кинотанушылар мен киносыншылар форумы маңызды іс-шараның салмағын арттыра түскен айтулы оқиғаның біріне айналды. Форум кинотану саласындағы үздік жұмыстарға арналған Ұлттық сыйлықты табыстау салтанатымен ашылды.
Алғашқы сөз тізгінін алған Кинотанушылар мен киносыншылар форумының төрағасы Ержан Жұмабеков ұйымдастырушылардың жыл сайын форумды тың жаңалықтармен, маңызды шаралармен түрлендіріп, форматына заманауи реңк беріп отырғанын атап өтті. Осылайша биыл алғаш рет форум бағдарламасы шеңберінде кинотану саласындағы үздік жұмыстарға арнайы сыйлықтар белгіленіп, бірнеше кинотанушы кино өнерін өркендету ісіне қосқан үлесі үшін марапатталды.
– Негізгі мақсат – тасада жүрсе де, таудай жұмыс атқарып, алайда еңбегі еленбей жүрген кинотанушылар мен киносыншыларға көптің назарын аударту. Биыл біз осы форум аясында сала мамандарының еңбегін өз уақытында әділ бағалауымыз керек деп шештік. Енді кинотанушыларға арналған жеке дара сыйлық бар, – деді сыйлықтың маңызына тоқталған Е.Жұмабеков.
Алғашқылардың бірі болып «Қазақстан киносыншылар қауымдастығының президенті» Гүлнәр Әбікееваға «Кинотану саласына қосқан үлесі үшін» сыйлығы табысталды. Сондай-ақ, «Кинотану саласындағы үздік студенттік жұмыс» – «Бауырына салу» фильмінде бала қиялындағы бақыт болмысын талдаған Әзиза Қуандық, «KinoScope» хабарын жүргізіп, «Кинотану саласындағы үздік телебағдарлама» аталымын жеңіп алған Әсия Бағдәулетқызы, «The Kazakh Poet, Darezhan Omirbaev» атты ғылыми зерттеу мақаласы «Кинотану саласындағы үздік мақала» деп танылған Камила Габдрашитова биылғы Ұлттық кинотану сыйлығының лауреаттары атанды.
Форумның алғашқы күні өнертану докторы, кинотанушы Гүлнәр Әбікееваның «Нациостроительство в Казахстане и других странах Центральной Азии: отражение в кинематографе» атты кітабының тұсаукесері өтті. Бұл – кітаптың толықтырылып, қайта басылған нұсқасы және ол тұңғыш рет Киносыншылар форумында таныстырылып отыр. Бұған дейін кітаптың тұсаукесері Бішкекте өткен болатын.
Кітап тұсаукесерінен кейін кинотанушы Инна Смаилованың «Қазақ киносының жаңа тынысы» атты авторлық дәрісі өтті. Киносыншы әйел кинорежиссерлер туындыларының ерекшелігіне тоқталып, Айжан Қасымбек, Әсел Әушәкімова, Мәлика Мұхамеджан, Шәрипа Оразбаева, Жаннат Алшанова және Алина Мұстафина сынды айбынды режиссерлердің көрнекті жұмыстарын атап өтті.
Кинотанушылар форумы AlmaU университетінде 8 қыркүйекке дейін жалғасады. Жалпы, халықаралық Baiqonyr кинофестивалі тоғыз жылдан бері мемлекеттің қаржылық қолдауынсыз ұйымдастырылып, киноиндустрияны дамытуға дербес өз үлесін қосып келеді. Сонымен қатар, фестиваль осы уақыт аралығында дарынды режиссерлерге қолдау көрсетіп, жергілікті авторлардың әлемдік кино қауымдастығына шығуына мүмкіндік беретін шығармашылық алаңына айналды. Осы тоғыз жыл ішінде Қазақстанның және басқа елдердің 102 қатысушысы фестиваль лауреаты атанды. Фестиваль ТМД елдерінің Мемлекетаралық гуманитарлық ынтымақтастығы қорының қолдауымен өтіп келеді.
АЛМАТЫ