Мәдениет • 05 Қыркүйек, 2024

Сальвадор салған суреттер

35 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Сальвадаор Дали... Өнер биігі, өре асуы. Жұмбақ жүрегінен шыққан самалды жаһанға жайған суретшіні білмейтін мәдениетті жан кемде-кем болар. Жалықтырмас жам­поздың қолынан туған өнердің түпнұсқасы елге келді дегенде, өрекпіген көңіл кемерінен аса түскен.

Сальвадор салған суреттер

Әлемге даңқы асқан Сальва­дор Далидің 61 еңбегі Астана­да­­ғы «Хас Санат» көрме гале­рея­­сына жеткізілуі елеулі оқи­ға. Экс­­­по­зиция құрамына «Кар­­­мен», «Алиса ғажайыптар елін­де», ­«Да­­линиан жылқылары», ­«Ма­хаб­бат трилогиясы» серия­ларынан бірнеше көркем сурет­ енген. Дали қазақ үшін аса қа­дір­лі, мәні биік жылқы атау­лы­ны ерекше ұнатса керек, суретте­­рін­де көбірек бейнелеген екен. Соны­мен бірге кестелі туындылар таби­ғат сазына толы. Сірә, кез келген талантты өнерпаз жұм­бағы­ның кілті табиғатпен тұтаса білуін­де жатса керек.

Әр­алуан суреттерге қарап, терең ойға шомасыз. Бір қара­ғанда, көзге тосын, көңілге оғаш көрінгенмен, түйіні терең, адам ойына орала бермейтін бейнелер мол. Таңғажайып өнер туындыларын түпнұсқадан өз көзімізбен тамашалап, толағай әсерге бөлендік.

– Биыл сюрреалимз жанры­ның пайда болғанына 100 жыл толады. Оған қоса, әлем Саль­ва­дор Далидің 120 жылдық ме­рейтойын тойлап жатыр. Осы қос айтулы датаға үле­сіміз­ді қос­­қымыз келді. Бұл көр­мені өткізуге бір жыл дайын­дал­дық. Мұнда 61 литогра­­фия қойыл­ған. Олар­дың барлы­­ғы түп­­нұсқа. Әлемнің әр еліндегі кол­­лек­цио­нерлердің жеке қоры­нан алынды.

Атақты ағылшын жазушысы Льюис Кэрролдің «Таңға­жайып­тар әлемдіндегі Алиса» шығармасы көпшілікке таныс. Сол ертегіні Сальвадор Дали қыл­­қаламы­на арқау еткен. 1969 жылы өте шектеулі серия­мен 12 көр­некті сурет салып шыққан. Со­лар­дың бірқатары осы көрмеде ұсынылды, – дейді өнертанушы Сергей Трощенков.

Әйгілі майталман мыңға тарта суретті дүниеге әкелгені айтылады. Ал кейбір өнертанушы­лар атпал ердің еңбегі 2 мың­нан асатынын баян етеді. Не десек те, өнерпаздың бар өмірін бір мақ­сатқа сарп етіп, адамзат игілігі үшін еңбек еткені айқын.

ва

– Саль­вадордың ерекшелігі – ол өзі үшін жаңа­лық ашқан адам. Әлемде ең үлкен жаңалық ашқан адам­ның бірі. Логотип дейміз ғой, Саль­вадор сол логотипті жа­саудың шебері болған. Ол фотоны да мең­­герген, оның актерлік те шеберлігі бар, сегіз қырлы бір сыр­­лы деп айтуымызға болады, – дей­ді Қа­зақстанның еңбек сіңір­ген қайрат­кері, суретші Жанұзақ Мүсәпір.

Біз тамашалаған көрме ерек­ше­­лікке толы. Әр сурет өзі­не жеке қарауға, ой көзімен үңілу­ге мәжбүрлейді. Мәселен, «Ма­хаббат трилогиясы» суреті әйелі Галаға арналған. Талай та­лант­тың шабытын шақырған Гала сұлу алғаш көргеннен-ақ сурет­шінің жүрегін баурайды. Астро­ло­гия, мистиканы ұнатқан ерекше әйелдің сұлбасы таро карта­ларының бейнесі арқылы салын­ған. Суретте екі ғашық­тың ар­ман-тілегі, құпия сырлары әр­түрлі бояулар арқылы шебер берілген.

Сальвадор Дали – қоғамдық ойға түрен салған бірден-бір өнер иесі. Ол қалыптасқан түсініктерді бұзып, болмыс-бітімімен жаңа баспалдаққа шықты, жаңа құр­лық ашты. Қайда жүрсе де сен­сациялық әрекет жасап, ерек­шелігін айқын таңбалап жүр­ді. Иә, ел арасында тентек талант атанған алыптың мұрасы – өміршең. Бұған заман мен бұқара куәгер. Елордамызда ай соңына дейін үздіксіз жалғасатын өнер мере­кесіне келушілердің қарасы арта берері даусыз.

Соңғы жаңалықтар