Озық технологиялар мен олардың орнықты дамудағы маңыздылығына арналған жиында Электрондық қаржы орталығының мамандары мемлекеттік қаржы жүйесін жаңғыртып, басқару жүйесінің тиімділігін арттыратын бірнеше өнімді көпшіліктің назарына ұсынды. Атап айтқанда, бюджеттік жоспарлауды автоматтандырып, ақпараттық сүйемелдеу тақырыбына басымдық берілген. Оның артықшылығы бюджет қаражатын тиімді бөлуді арттырып, сол үдерістің ашықтығын қамтамасыз етеді. Ал бірыңғай сатып алу платформасы – мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің, басқа да алаңдардың сатып алу үдерістерін біріктіріп, қолданушылардың ыңғайлылығы үшін мониторинг пен бақылауды қамтамасыз ететін өнім. Сондай-ақ Электронды тауарлар каталогінің техникалық ерекшеліктерді автоматты түрде қалыптастырып, бұрынғы бағаларды талдау мен тауар айналымын бақылауға мүмкіндік беретін деректерді сақтап, басқаруда пайдасы орасан. Тағы бір жоба – онлайн бюджеттік мониторинг. Ол камералды бақылауды жүргізуге, бюджет қаражатын тиімсіз игерілу тәуекелдерінің алдын алуға және қаржылық бұзушылықтарды азайтуға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, Қаржы министрлігінің бірыңғай байланыс орталығы – азаматтармен кері байланысты жақсарту мақсатында ведомствоның ақпарат жүйелерінің коммуникациялық арналарын біріктіретін жоба.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Қазақстан халқына Жолдауында мемлекеттік қаржы саласындағы цифрлы трансформацияны Үкіметтің басым міндеттерінің қатарына қосқан еді. Бұл ретте Қаржы министрлігі салық бағыты мен кедендік реттеуде, бюджетті жоспарлау мен аудит ісінде цифрлы бастамаларды жоспарлы түрде іске асырып жатқанын айта кетейік.
«Қазір әлемдік көшбасшылардың қатарына қосылуды мақсат етсең, экономиканың барлық саласына цифрлы технологияларды кеңінен қолдану қажет. Бүгінде біздің сала мемлекеттік қаржы жүйесінің цифрлы архитектурасына оң әсер ететін көптеген бастаманы мықтап қолға алды. Мұнда бірнеше жобаны ұсынып отырмыз. Атап айтқанда, Мемлекеттік жоспарлаудың ақпараттық жүйесі, бірыңғай сатып алу платформасы, «Электрондық шот-фактуралар» ақпарат жүйесі, «Электронды тауарлар каталогі» ақпарат жүйесі, Онлайн бюджеттік мониторинг және Бірыңғай байланыс орталығы», деді «Kazakhstan Tech Solution Day» көрмесінде Қаржы вице-министрі Әсет Тұрысов.
«Электрондық қаржы орталығы» АҚ басқарма төрағасы Дияс Крамшеевтің айтуынша, еліміз қазір цифрландыру саласында біршама жетістікке жетіп, көшбасшы елдердің қатарынан көрініп келеді.
«Мемлекеттік қаржы жүйесін цифрлы трансформациялау осы үдерістің негізгі элементі саналады. Жоғарыда аталған жобаларды енгізу мемлекеттік қаржыны басқару үдерісінің тиімділігін нығайтып, ашықтықты қамтамасыз етумен бірге азаматтардың сенімін арттырады», деді ұйым басшысы.
Айта кетейік, БҰҰ ЭСКАТО-ның Азия-Тынық мұхиты конференциясы цифрландыру мен IT саласына жауапты министрлерді, халықаралық ұйымдарды, жеке сектор мен азаматтық қауымдастықтың өкілдерін қоса алғанда, 50-ден астам елдің делегациясын біріктіреді. Оның негізгі мақсаты – орнықты даму көрсеткіштеріне қол жеткізу арқылы өңірдегі барлық елге цифрлы ресурстарға тең қолжетімділікті қамтамасыз ету, сондай-ақ цифрлы технологиялар саласындағы ынтымақтастықты дамыту.