Медицина • 06 Қыркүйек, 2024

Алматы дәрігерлері туабітті дерті бар келіншекті айықтырды

94 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыдағы №7 Қалалық клиникалық аурухана дәрігерлері жамбастың туабітті кеселінің кесірінен мүгедектікке душар болған 28 жастағы келіншекке қайталан бермейтін ерекше күрделі операция жүргізіп, жылдар бойы жанын қинаған аурудан айықтырды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алматы дәрігерлері туабітті дерті бар келіншекті айықтырды

Науқас туабітті дисплазия, жамбас буынының кемістігі, жамбастың жоғарғы жағының шығып кетуі сынды диагноздармен өмір сүріп келген. Осы детттің салдарынан бір аяғы екіншісінен 10 см қысқарып, өмір бойы аяғын сылтып басатынын айтады. Оған қоса, науқастың соңғы кезде тізе буындары, жіліншігі ауырып, аяқтарының қозғалуы қиындаған. Уақыт өте келе жамбасы қисайып бел ауруына душар болыпты.

Жетінші аурухананың травматолог-ортопед мамандары консилиум ұйымдастырып, науқасқа ота жасау туралы шешім қабылдады.

«Біз сүйек қалыбын реттеуге арналған остеотомия әдісін қолдандық. Пациенттің аяғын созып ұзартып, шетелде шығарылған заманауи эндопротез орнатылды. 28 жыл өмірін осы дертпен алысуға арнаған науқас операциядан кейін екінші күні-ақ аяққа тұрды, арнайы құрылғының көмегімен жүріп-тұра бастады. Өмірге құлшынысы артып, көңіл-күйі көтерілген пациенттерді көру біз үшін де үлкен бақыт», дейді аурухананың Полижарақат бөлімшесі меңгерушісі Рамазан Аскеров.

Дәрігердің айтуынша, бұл өте күрделі ота. Себебі операция барысында буын мен жүйке жүйесінің зақымдану қаупі туындайды. Оның үстіне, аяқты созып ұзартқан кезде құйымшақтағы нерв қысылып, буындар үзіліп кету қаупі жоғары болатын.

«Жалпы, асқан біліктілік пен дәлдікті, ептілікті талап ететін мұндай хирургиялық операциялар өте сирек жасалады», дейді маман.

Бас-аяғы 5 сағатқа созылған бірегей операция міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен жасалды.