Суретті түсірген – Қарлығаш НҰРЖАН
Өндірісті дамытуға 69 млрд теңге бөлінген
Соның бірі – «Айранкөл» кен орны. Атауының «қара алтынға» емес, тағам түріне қатысы жөнінде дерек жоқ. Кен орнының маңынан көл де көрінбейді. Дегенмен бұл кен орны Атырау қаласынан 215, Жылыой ауданының орталығы Құлсары қаласынан 40 шақырым қашықта орналасқан. Аталған кеніштен «Каспий мұнай» АҚ-ның мұнайшылары 2006 жылдан бері мұнай өндіріп келеді.
Компания бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Әлнұр Шәмшиевтің дерегіне жүгінсек, кен орны 1979 жылы ашылған. Ал мұнай өндіру ісі 2000 жылы басталған. Мұнай қоры шамамен 5,8 млн тоннаны құрайды. Баррельмен бағаланатын «қара алтын» 1 600–2 500 метр тереңдіктен алынады.
«Біздің компанияда бір ғана кен орны бар. Бұл – «Айранкөл» кен орны. Мұнда 219 адам жұмыс істейді. Мұнайшылардың 79 пайызы – Атырау облысының тұрғындары. 90 пайызын жігіттер, 10 пайызын әйелдер құрайды. Әріптестеріміздің орташа еңбек өтіліне 10 жыл болған», дейді Ә.Шәмшиев.
Оның айтуынша, кен орнында өндірістің тиімділігін арттыруға, қоршаған ортаға әсерді азайтуға баса мән беріліп отыр. Осы мақсатта заманауи технологияларды енгізуге қомақты инвестиция салынған. Мәселен, кейінгі 10 жылда өндірісті дамытуға 69 млрд теңге бөлінген. Ал 2016 жылдан бері мұнай қоры мен өндіруді ұлғайту үшін 59,7 млрд теңге инвестициялық қаржы жұмсалған.
Мұнай ғана емес, газ да шығады
«Мұнда мұнай өндіру, дайындау жаңа технологиямен іске асырылады. Басқаша айтқанда, қоршаған ортаға төгіліп, топырақ қабатына ағып жатқан мұнай жоқ. Мәселен, жер астынан өндірілген «қара алтынды» жинау бекеттеріне жаңа технологиялар орнатылды. Тұтқырлығы жоғары мұнай жаңадан орнатылған АБЗВН қондырғысымен өлшенеді. Мәселен, мұнай өлшеу бекетінің біреуіне бір мезгілде құбырмен 14 ұңғымадан өнім жеткізіледі. Содан соң өнім тұндырғыш сепараторына түседі. Мұнда мұнай құрамындағы ілеспе судың 95 пайызы бөлініп алынады. Тазартылған өнім «DÜCHTING PUMPEN» компаниясы шығарған сорғымен мұнай дайындау бекетіне айдалады. Бұл бекетте өнім тауарлық сапаға дейін дайындалады», деп түсіндірді Ә.Шәмшиев.
Қазір «Айранкөлде» 200 ұңғыма мұнай беріп тұр. Оның ішінде 43 ұңғыма телеметрияға қосылған. Осылайша, ұңғыма ернеуі мен сорғы параметрлеріне монитроинг жүргізіліп отыр. Кен орнынан жылына 900 мың тонна «қара алтын» өндіріледі. Шикізаттық көмірсутектің 50 пайызы отандық зауыттарға жеткізіледі. Мұнаймен бірге жылына 20 млн текше метр шамасында ілеспе газ алынады. Ілеспе газ ауаға жағылмайды. Көгілдір отын кен орнындағы вахталық кенттегі қажеттілікке және өндірістік қондырғыларға қолданылады.
Кәсіпорын қызметі онлайн жүйемен жабдықталған
Өндіріске енгізілген жаңа технологияның бірі – «Smart Field» жүйесі. Бұл технология кен орнындағы жұмыстың бәрін онлайн бақылауға жол ашты. Сондай-ақ жаһан елдері қызығушылық танытқан ESG стандарттарына сәйкес жасыл технологияларды енгізуді көздейтін даму стратегиясы бар.
«Smart Field Airankol» жедел басқару орталығында мұнай өндіруге қатысы бар істің бәрі айнадағыдай көрініп тұр. Цифрландыру және ақпараттық технология бөлімінің басшысы Алмат Имашевтің айтуына қарағанда, арнайы мамандар кен орнындағы мұнай өндірілетін ұңғымаларға бір орталықтан бақылау жүргізеді.
«Озық технологияның көмегімен құбырдағы мұнайдың қысымы, температурасы, көлемі нақты дәлдікпен көрініп тұрады. Ұңғымалардан мұнай жинау, дайындау бекеттеріне тартылған құбыр бойында ақау анықталса, қысым төмендеп, мұнай ағынының көлемі азайса, мамандар «қара алтын» алатын сорғыға жедел жетеді. Мамандар орталықтағы мәліметтерді тәулік бойы жіті қадағалайды», дейді ол.
Әлнұр Шәмшиевтің пікіріне сүйенсек, «Smart Field» технологиясының тиімді жүйе екені байқалып отыр. Әсіресе «Odoo» бағдарламасы – мұнайшылардың құжатын, медициналық сақтандыру, іссапарға бару, еңбек демалысына шығу кезеңін онлайн қадағалауға таптырмайтын тәсіл. Мұнайшылар қолына қағаз ұстап, кабинет аралап жүрмейді. Арнайы бағдарламада іссапарға баратын мұнайшы туралы мәлімет дайын тұрады. Сондай-ақ жол жүру билетін алу, іссапарға бару-қайту шығыны, бұйрық шығару, қол қою толығымен онлайн режімде атқарылады.
«Кен орнындағы барлық жұмысқа қашықтан бақылау жүргізіледі. Орталықта мұнай өндіру, құбыр бойындағы, мұнай, су жинайтын қазандықтардағы барлық дерек көрініп тұрады. Инженерлер кеніштегі ахуалды қалт жібермейді. Мұнай өндірілетін аумақ, жалпы кен орны дронмен бақыланып, күдік тудырған деректің бәрі тіркеледі», дейді Ә.Шәмшиев.
Компания – үздік 50 салық төлеуші қатарында
Биыл компанияның өндірген 1 тонна мұнай үшін төленетін салық көрсеткіші артқан. Салықтың осы түрі бойынша «Теңізшевройл» ЖШС-дан кейінгі екінші орында тұр. Бас директордың қаржы және экономика жөніндегі орынбасары Тұрар Әбдібаевтың дерегінше, мұнайшыларға жалақы кешіктірілмей беріледі.
«Өндіріске енгізілген жаңа технология мұнайды өндіруге, дайындауға жұмсалатын шығынды азайтты. Жұмыс тиімділігі мен кіріс артты. Ең төменгі жалақы 850 мың теңгеден басталады. Жалақы мұнайшының еңбек өтілі мен лауазымына байланысты төленеді. Компанияның есебінен мамандар біліктілігін жетілдіріп, оқу орталығында жаңа технология меңгеру курсынан өтеді. Зейнетке шыққан жұмысшыларға 10 айлық жалақы мөлшерінде біржолғы төлем беріледі. Кейінгі он жылда 551 млрд теңге салық төленді. Компания 2022 жылдан бері еліміздегі ең ірі 50 салық төлеушінің қатарына кірді», дейді Т.Әбдібаев.
Мұнайшылар 14 күндік ауысыммен жұмыс істейді. Бір ауысымда 110 мұнайшы бар. Жұмыс беруші мен мұнайшылар арасында еңбек дауы жоқ. Табысы мол, бірлігі жарасқан компанияға Жәмила Ғұмарованың жұмысқа орналасқанына 20 жыл болыпты.
«Вахталық жұмысқа Атырау қаласынан келемін. Жаз мезгіліндегі аптап, қыстағы суық ағзаға да, көңіл-күйге де әсер етеді. Оның үстіне, жұмыстан кейін шаршау болады ғой. Вахталық кенттегі жатақханада шаршағаныңды басатын, күнделікті тұрмысқа қолайлы жағдай жасалып отыр. Тұрақты жұмысымыз бар, жалақымыз кешіктірілген емес. Мерекелерге байланысты сыйақы беріледі», дейді Жәмила Ғұмарова.
«Айранкөл» кен орнының аумағында мұнайды жинау, дайындау бекеттері, электр стансасы бар. Вахталық кенттегі жатақханалар 120 орынға есептелген. Оның маңында жасыл желек көп. 2021-2023 жылдары 820, биыл 100 көшет егілген. Мұнайшылар үшін спорт зал, фельдшерлік бекет, монша-кір жуу кешені ашылған. Асханада бір мезгілде 100 адам тамақ ішеді. Дәмі тіл үйіретін ас мәзірі күн сайын өзгертіледі. Үлкен шаһардағы мейрамханалардың ас мәзірінен кем емес.
Атырау облысы