Саясат • 07 Қыркүйек, 2024

Сербиямен серіктестік нығаяды

48 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ынтымақтастықтың келешегі мен жаңа бағыттары Белградта (Сербия), сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Сербия үкіметаралық комиссиясының III отырысында талқыланды. Қазақстан тарапын Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин басқарды.

Сербиямен серіктестік нығаяды

Сурет: ortcom.kz

Сербия – еліміздің Оңтүстік-Шығыс Еуропадағы маңызды сауда серіктесі.

«Бізде сауда ынтымақ­тас­тығы­ның үлкен әлеуеті бар. Сербияға ­$500 млн-нан астам сомаға шикізат­тық емес тауар­лардың 90-нан астам түрін жеткізуді ұсынуға дайынбыз. Бұл – металлургия, мұнай-химия, тамақ, химия, машина жа­сау сала­ларының өнімдері, көлік құ­ралдары, құрылыс тауарлары. Оған барлық өндірістік және көлік­тік-логистикалық мүмкіндіктер бар», деді Серік Жұманғарин отырысқа қаты­сушыларға.

Өз тарапынан Сербия Пре­мьер-министрінің орынбасары – Ішкі істер министрі Ивица Дачич елдер арасындағы сауда-экономикалық әріптестікті терең­детуге мүдделілік білдіріп, үкі­метаралық комиссияның III отырысы жаңа бірлескен жобаларды құруға елеулі қадам болатынын атап өтті.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин Қазақстан Сербияға бұршақ, пияз, қарақұмық, жарма және бидай экспортын ұлғайтуға дайын екенін атап өтті. Мал шаруашылығы саласында ба­лық және балық өнімдерін, бал, құс еті, жылқы еті, сиыр еті және сүт өнімдерін жеткізу мүмкіндіктерінен бөлек, еліміз шошқа етiн жеткізуді қарастыруы мүмкін. Сонымен қатар жаңа сүт-тауар фермаларының құрылысын ескере отырып, еліміз Сербиядан асыл тұқымды сиырлар мен асыл тұқымды материалдарды импорттауға мүдделі.

Отырыс күн тәртібіндегі маңызды мәселе көлік саласы болды. Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары атап өткендей, Қазақстан мен Сербия арасындағы қолданыстағы құқықтық база елдеріміз арасында аптасына 14 жолаушы рейсін орындауға мүмкіндік береді.

«Қазақстан әуежайларында «ашық аспан» режімі жұмыс істейді. Біздің елдеріміз арасында тікелей рейстер­дің ашылуы Сербияның Еуропаға кө­лік хабы болуына мүмкіндік бере­ді. Сондай-ақ біз Қазақстан мен Қытай­дан Сербияға және одан әрі Еуропа елдеріне жүк тасымалын тран­зитті дамытуға мүдделіміз. Осы мақ­сатта Транскаспий халықаралық көлік маршрутының мүмкіндіктерін қарастыруды ұсынамыз», деді Серік Жұманғарин.

Сербияда EXPO-2027 көрмесін өткізу қарсаңында үкіметаралық ко­мис­сияның отырысында Халықара­лық көрмелер бюросы тарихтағы ең табысты мамандандырылған көрме ретінде танылған EXPO-2017 көрмесін өткізудің қазақстандық тәжірибесі таныстырылды. Сонымен қатар тараптар жұмыспен қамту, ғылым, білім, туризм, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт саласындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады.

2023 жылдың қоры­тындысы бо­йынша еліміздің Сербиямен тауар айналымы $91,2 млн құрады, бұл өткен жылдың сәй­кес кезеңімен салыс­тырғанда 23,3%-ға жоғары ($74,8 млн). Экспорт 38,7%-ға өсті. Жалпы, тауар айналы­мында Қазақстан мен Сер­бия арасындағы ауыл шаруашылы­ғы ­­өнімі саудасының үлесі шамамен 22,7 ­млн құрады. Импорттың негізгі кө­лемі – жүгері, күнбағыс тұқымда­ры, тірі өсімдіктер. Экспорттың негіз­гі көлемі – қарақұмық, тары және бас­қа да дәнді дақылдар.