Үкімет • 07 Қыркүйек, 2024

Мәди Такиев: Шекарадағы өткізу пунктерін толыққанды жаңғырту жалғасын табады

98 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

ҚР Қаржы министрі Мәди Такиев Жетісу және Алматы облыстарына жасаған жұмыс сапарында «Нұр Жолы» және «Қалжат» кеден бекеттерінде болып, көлік-логистика саласының дамуымен танысты. Осы орайда министрлік еліміздің өткізу пункттерінде цифрлы сервистерді жүйелі түрде енгізіп жатқанын айта кетейік.

Мәди Такиев: Шекарадағы өткізу пунктерін толыққанды жаңғырту жалғасын табады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында шекара маңындағы кеден бекеттерінің мәселесіне назар аударып, оларды дамыту жөніндегі жұмысты қысқа мерзімде аяқтауды тапсырған-ды.

Аталған кеден бекеттері Қазақстан-Қытай шекарасында орналасқан. Мәселен, «Нұр Жолы» автомобиль өткізу пункті арқылы 266,5 мың көлік өткен. Былтырғы кезеңімен салыстырғанда өсім 2 есеге артқан.

Ал «Қалжат» автомобиль өткізу пункті арқылы биылғы 8 айда 30 мың автокөлік өтіпті. 2023 жылмен салыстырғанда өсім 24% дейін ұлғайды.

Еліміздің транзиттік әлеуетін дамыту мен шекералас мемлекеттермен тауар айналымын ұлғайту мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі Қытай Халық Республикасымен, Өзбекстан Республикасымен және Түрікменстан Республикасымен арадағы шекаралық өткізу пункттерін толыққанды жаңғыртуды қолға алды.

Айта кетейік, жаңғырту жұмыстарымен 9 автомобиль өткізу пункті қамтылды, оның ішінде: 5 ҚХР-мен («Алакөл», «Қалжат», «Майқапшағай», «Бақты», «Достық-теміржол»), 4 ӨР-мен («Қапланбек», «Қазығұрт», «Атамекен», «Тәжен»), 1 ТР-мен («Темір-баба») және Астана қаласында БДБ тауарлардың өткізу пункттері арқылы өтуін бақылауды бір жерде біріктіреді.

Жаңғырту жұмыстарына сәйкес ескі инфрақұрылымды бұзып, жаңа өткізу пункттерін салу қарастырылған.

Сонымен қатар Астана қаласында болатын Бас диспетчерлік басқармаға кеден бекеттерін бақылауды цифрландыру және орталықтандыру бойынша жұмыстар атқарылып келеді. Мұнда салалық бақылау қызметтері, оның ішінде шекара қызметі де орналастырылатын болады.

Аталған өзгерістер өткізу пункттерінің инфрақұрылымын жақсартып, дамыта түседі. Шекарадан жайлы өтіп, мемлекеттік бақылау түрлерін сапалы жүргізу үшін барлық жағдай жасалады. Көліктерді қабылдау 6 есеге ұлғайтылып, тауарларды өткізудің барлық циклін автоматтандыру арқылы шекарадан асу уақыты 30 минутқа дейін азаяды.

Бұдан басқа «Кеден» ақпараттық жүйесін әзірлеу жұмысы қарқын алды. Бұл отандық кеден саласындағы цифрлы шешім. Аталған жүйе «АСТАНА-1», «Экспорттық-импорттық операциялар жөніндегі бірыңғай терезе», «ТАИС-2», «ЖБО» жүйелерін алмастырады.

Жаңа жүйе кедендік операциялардың барлық кезеңі мен қатысушыларымен өзара іс-қимылды қамтиды, сондай-ақ рұқсат беру құжаттарын әкелу мен алудан бастап, тауарлар шығарылғаннан кейінгі бақылауды қарастырады.

Сонымен бірге Мәди Төкешұлы Nur Zholy Customs Service халықаралық көліктік-логистикалық орталығының қызметімен танысты. Мұнда ведомство басшысы шағын көлік құралдарына арналған жаңа уақытша сақтау қоймаларын қарап шықты.

Nur Zholy Customs Service ЖШС-нің кеден және шекара қызметтерімен бірлесіп атқарған жұмысының арқасында халықаралық көлік-логистикалық орталығының алаңы ұлғайтылып, көліктердің келуінің технологиялық схемасы өзгертілді, сол секілді тәуліктік жұмыс режімі енгізілді. Осы арқылы тәулігіне 200-ден 1500 жүк көлікке дейін өтетін болды.

Инвесторларды тарту арқылы өткізу пунктінен 5 км қашықтықта шағын көліктерге арналған уақытша сақтау қоймасының құрылысы аяқталды. Оның жұмысы логистикалық процестерді жақсартуға тиіс.

Транзитті оңтайландыру мен сыртқы экономикалық қызмет қатысушылары үшін, оның ішінде Қытай Халық Республикасымен кедендік деректермен алысу бойынша жағдайларды жақсартуға бағытталған қытайлық ірі компаниялармен екі меморандумға қол қойылды.

Өңірдің дамуы мен шекара маңындағы аудандардағы өмірдің жақсаруына әсер ететін жұмыс орындары ашылып, әлеуметтік кепілдіктер беріле бастады. Мәселен, жұмыс орындары 35-тен 110-ға дейін ұлғайтылды.

Инвесторлардың есебінен «Қалжат» өткізу пунктінде шағын көлік құралдары үшін уақытша айналма жол салынды, бұл шамамен 328 шағын көліктің қозғалысын реттеуге септесті.

Осы іссапарда М.Такиев өңір әкімі М.Сұлтанғазиевпен бірге Шонжы ауылының тұрғындарымен кездесті. Оның барысында министр таяуда ғана жарияланған Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауындағы әлеуметтік-экономикалық мәселелерге ерекше назар аударды. Ведомство басшысының айтуынша, министрлік пен тұтастай Үкіметтің қызметіндегі маңызды бағыттардың бірі – әлеуметтік салаға қолдау көрсету. Бұған 2025 жылы 9,8 трлн теңге бағытталады. Шығыс көлемі 2024 жылға қарағанда 794 млрд теңгеге ұлғаяды.

2025 жылы республикалық бюджет қаражаты есебінен өңірлерге бөлінетін ақша 348 млрд теңгеге ұлғайып, 7,4 трлн теңге көлемінде болады. Атап айтқанда, Алматы облысының субвенциялары 203,6 млрд теңгеге жетті. Қаражат білім беру гранттарына, халықты сумен қамтамасыз етуге, жылу желілерін жөндеуге, елді мекендерді газдандыруға, автожолдарды жөндеуге, бизнесті қолдауға жұмсалады.