Тағзым • 09 Қыркүйек, 2024

Еске алу: Ерте үзілген үміт

53 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Күнделікті күйбең тіршіліктің жетегінде жүріп аңғармаймыз, бірімізге асыл іні, бірімізге таудай аға бола білген Талғат Батырханұлы Пошимовтің бұл өмірден өткеніне де бір жыл толыпты.

Еске алу: Ерте үзілген үміт

Қарапайым ауыл баласы, сол кездегі М.Әуезов атындағы Шым­­­кент педагогикалық инсти­тутының «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша бітіріп, еңбек жолын Шымкент қаласындағы мектепте дене шы­нықтыру пәнінің мұғалімі болып бастады.

Білім беретін мектептегі ұйым­дастырушылық қабі­летін байқаған өңірдің дене шы­нық­тыру және спорт басқармасының басшылығы 1991 жылы басқар­маға қарасты «Облыстық №1 олимпиада резер­вінің маман­дан­дырылған балалар мен жас­өспірімдер спорт мек­тебі» дирек­торының оқу-ісі жөнін­дегі орынбасары қызметіне та­ғайындайды.

1992 жылдан бастап осы спорт мектебінің директоры қыз­­­­метін атқарған Серік Адам­ұлы Төкеев 2000 жылы Ұлттық штат­­­­тық құрама командалары ди­рек­циясының басшысы болып тағайындалуына байланыс­ты орнына оның орынбасары, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы, педагогика ғылымдарының кандидаты Талғат Батырханұлы бекітіліп, дайындаған спортшылары әлем­дік деңгейдегі спорттық жарыс­тарда жоғары нәтижелерге қол жеткізе білді.

Осы жылдар аралығында спорт мектебінің спортшылары Азия чемпионаттары, жазғы Азия ойындары, әлем чемпионаттары мен жазғы Олимпия ойындарында олжа салып, жүлдемен оралды.

2000 жылы Аустралияның Сидней қаласында өткен жаз­ғы Олимпиадада еліміздің Ұлттық құрама ко­мандасының сапында Талғат Батырханұлы басқаратын спорт мектебінің алты бірдей түлегі жасындай жарқылдады. 57 кило салмақ дәрежесіндегі былғары қолғап шебері небәрі 20 жастағы түркістандық Бекзат Саттарханов жазғы Олимпия ойындарының чемпионы атанса, еркін күрес шебері Геннадий Лалиев 4-орынды, бокстан халықаралық дәре­жедегі спорт шебері Олжас Ора­залиев 5-орынды иеленді.

Осы спорт мектебінен түлеп ұшқан талантты түлектің бірі – Отырар ауданының тумасы, самбо күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, ересектер арасында үш дүркін (2001,2003, 2005) Азия чемпионы, бүгінде Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы Құрал Орынбасарұлы.

2004 жылы Грекия астанасы Афинада өткен жазғы Олимпия ойындарында спорт мектебінің еркін күрес бөлімінен түлеп ұшқан Геннадий Лалиев күміс жүлдеге ие болса, 2008 жылы Қытайдың Бейжің қаласында өткен жазғы Олимпиада аламанында былғары қолғап ше­бері Еркебұлан Шыналиев қола медаль еншілеп, еліміздің мерейін үстем етті.

Сондай-ақ 2010 жылы Син­гапур елінде тұңғыш рет өт­кізілген жасөспірімдер арасын­дағы жазғы Олимпия ойын­да­рында таеквондо шебері Нұр­сұлтан Мамаев күміс медаль иеленді. Талғат Батырханұлының басшылығымен дайындалған спортшылар арасында, бокс­тан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, КСРО және Еу­ропа жеңімпазы, Қазақстан Рес­публикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, әлемнің «Үз­дік жаттықтырушы» атағын екі рет иеленген Мырзағали Айт­жанов, былғары қолғап ше­берлері, Қазақстан Респуб­ликасының еңбегі сіңген спорт шеберлері, әлем чемпиондары Біржан Жақыпов, Қайрат Ера­лиев, ауыр атлетикадан Қа­зақ­стан Рес­публикасының еңбек сіңірген спорт шебері, жазғы Азия ойын­дарының жеңімпазы Вя­чеслав Ню, Сергей Копытов және бірнеше спорт саңлағын атауға болады. Бүгінде осы атал­ған спортшылардың бәрі спорт саласында қызметтерін абыроймен атқарып жүр.

Ойшылдар елінде дүниеге келген Талғат Батырханұлы Оң­түстік Қазақстан және Түр­кіс­тан облысындағы спорт сала­сының дамуына елеулі үлес қосқан санаулы мамандардың бірі еді. Бұған дәлел Талғат Пошимов басшылық еткен жыл­дары спорт мектебі 5 рет об­лыстың «Үздік спорт мекемесі» атағына ие болды.

Қазақта «Орнында бар оңа­лар» деген аталы сөз бар. Бү­гін­де Талғат Батырханұлымен жан жары Замира жеңгей тәрбиеле­ген 4 ұл-қыздан 7 немере өсіп келеді.

Келешекте ел спортын тізгін­деген басшылар білікті маманның дене шынықтыру және спорт саласын дамытуға қосқан үлесін лайық­ты бағалайды деген үміт­теміз.

Көзі тірісінде ағамызбен қыз­меттес және дәмдес болған бар­лық бауырларға 2024 жылдың 14 қыркүйек күні, сағат 13.00-де Шымкент қаласы, «Нұрсәт» шағын ауданы «Сейітжан қари Ес­­жанұлы» мешітінде құран оқы­лып, жылдық асы берілетінін хабарлаймыз.

 

Аға-іні, әріптестері