Пікір • 10 Қыркүйек, 2024

Маңызды қадам

75 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қоғам ішінде соңғы кездері қандай түйткілді мәселелер көтеріліп жүрген болса, соның барлығы ел үмітін арқалаған Жолдаудан көрініс тауып отыр.

Маңызды қадам

Президент алдағы уақытта шұғыл қолға алынып, атқарылуға тиіс тоғыз жұмыс бағытын атап айтты. Оның қай-қайсысы болсын, елдің ертеңіне өзекті, уақыт сұранысынан туындап отырған күн тәртібіндегі мәселелер. Мәселен, ақша-несие саясаты мен фискалды саясаттың арасындағы үйлесімсіздік, инвестициялық ахуалды және бизнес жүргізуге қажетті жағдайды жақсарту, елі­міз­дің өнеркәсіп әлеуетін толық пайдалану, инфрақұрылымға қатысты өзекті мәселелердің бәрі де алдағы уақытта жаңаша қар­қынмен қолға алынып, өз шешімін таппақ.

Президент елдің әл-ауқа­тын көтеруге үнемі жіті көңіл бөліп келеді. Сондай-ақ ұлт денсаулығын нығайту мен әлеу­меттік қолдау жүйесін жаң­ғыр­тудың маңыздылығын атап өтті. Жолдауда 2025 жылдан бастап «Әлеуметтік әмиянды» енгізу арқылы әлеуметтік қолдау тетіктерін қайта қарау міндеті қойылып отыр. Бұл халықтың мұқтаж топтарына барынша атау­лы және нақты көмек көрсетуге мүмкіндік бермек. Шын мәніндегі мұқтаж жандар мемлекет тарапынан тұрақты қолдау табады. Бұл өз кезегінде әлеуметтік әділеттілікті арттырып, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартады.

Сонымен қатар Жолдауда мемле­кеттік басқарудың тиімді­лігін арттыруға да көп көңіл бө­лін­ген. Бұған бюрократиялық процедураларды қысқарту, басқарудың барлық деңгейінде заманауи басқару әдістерін енгізу кіреді. Цифрландыру және инновацияларды енгізу мемлекеттік аппарат жұмысының тиімділігін айтарлықтай арттырмақ.

Жолдаудың әрбір бөлімінде цифрландыру құралдары арқылы салалық саясатты іске асыру тиімділігін арттыру мәселесі қоз­ғалғанын айта кету керек. Олар – салықтық әкімшілендіруді цифрланды­ру, жолдарға интеллектуалды жүйе­лерді ен­гізу, бірыңғай меди­­циналық ақпараттық жүйе құру, «электронды үкімет» платформасына жасанды интеллект технологияларын енгізу сынды тың бастамалар.

Жолдауда көтерілген тағы бір маңызды бағыт – қоғамда заңдылық пен тәртіпті нығайту мәселесі. Тыныштығы кеткен елде даму да, өркендеу де болмайды. Бірлігі жарасқан, қауіпсіз қоғамда ғана бизнес гүлденіп, экономиканың өсуі қарқын алады. Бұл мем­лекеттік саясатымыздың басым бағыттарының бірі болып қала береді. Азаматтардың құқықтарын қорғауға және қоғамның әрбір мүшесінің жауапкершілігін арт­тыруға бағытталған нақты және әділ ережелерді енгізу – тұрақты дамудың негізі.

Атом электр стансасын салу – елімізде көптен көтеріліп жүрген тақырыптардың бірі. Ел тұрғындары бұрын АЭС мәсе­лесіне үрке қараған болса, соңғы жылдары энергия тапшылығының анық біліне бастауына байланысты бұл қуат көзінің керек екенін түсінді. Түрлі сарапшылар қазір халқымыздың басым бөлігі АЭС құрылысын қолдайтынын айтады. Дегенмен Президент Қ.Тоқаев «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын негізге ала отырып, республикалық референдум өткізуге шешім қабылдады. Бұл елге керек мәселе, сондықтан ол туралы соңғы шешімді де халықтың өзі қабылдауға тиіс. Ендеше, азаматтарымыз белсен­ділік танытып, 6 қазан күні бір кісідей референдумға қатысып, дауыс бергендері жөн.

Президенттің келер жылды Жұ­мысшы мамандықтары жылы деп жариялауы – елдің болашағын ойлағаннан туған бас­тама десек артық емес. Шын мәнінде бізде қарапайым, бірақ қоғамға ең қажетті мамандар тапшы. Еліміз дәнекерлеушіден бастап кран машинисіне дейінгі сапалы кадрларға мұқтаж. Мемлекет басшысы 2019 жылға дейін орта бизнестің экономикадағы үлесін 15 пайызға жеткізуді міндет етіп қойды. Ал бұл межеге бізді жоға­рыда аталған жұмысшы мамандар жеткізері анық. Сондықтан Мемлекет басшысының бұл бастамасы да ел өміріне серпін әкеліп, жастарымыздың өз болашақтарын дұрыс таңдауына септігін тигізеді деп үміттенеміз.

Жалпы айтқанда, Жолдауда айтылған әрбір ой – Әділетті Қазақ­­станды құру жолындағы ма­ңызды қадамға айналары хақ. Ол үшін еліміздің әр азаматы бұл үдерістен шет қалмай, бола­­ша­ғымызды өз қолымен жасауға атсалысуға тиіс.

 

Алмас Кәдірбекұлы,

журналист