Отырыс барысында серб тарапы 2027 жылғы 15 мамыр мен 15 тамыз аралығында Сербия астанасында өтетін Expo 2027 Belgrade халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу туралы айтты.
Өз кезегінде «QazExpoCongress» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дияс Әзбергенов Expo 2017 Astana көрмесі туралы айтып, қатысушыларды көрме кешенінің ағымдағы мәртебесімен таныстырды.
«EXPO көрме кешенінің аумағы – бұл ұлттық және халықаралық ұйымдардың табысты қызметі үшін бірегей экожүйе қалыптастырылған іскерлік орталық. Бүгінгі таңда кешен 100% толық. Ұйымдардың саны 150-ден асады, резиденттердің жалпы саны 15 мың адамды құрайды», деп атап өтті Д. Әзбергенов.
EXPO алаңының іскерлік бөлігі жалпы ауданы 530 мың м²-ден асатын 15 ғимараттан тұрады. Ғимараттарда «Астана» халықаралық қаржы орталығы, Astana Hub IT-стартаптар халықаралық технопаркі және Astana IT University сияқты ұйымдар орналасқан. Сондай-ақ Цифрлық үкімет офисі, Қаржылық мониторинг агенттігі, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі жұмыс істейді. Бұдан бөлек аумақта Конгресс орталығы, EXPO халықаралық көрме орталығы, Болашақ энергиясы мұражайы сияқты маңызды нысандар да бар.
Д.Әзбергенов сөзін қорытындылай келе, «QazExpoCongress» ұлттық компаниясы көрмелерді өткізу және оған қатысу тәжірибесімен алмасу, сондай-ақ оны көрмеден кейінгі пайдалануға қатысты ынтымақтастыққа дайын екенін атап өтті.
Сонымен қатар кездесу аясында тараптар Сербия мен Қазақстанда өткізілетін түрлі көрмелер мәселесін талқылады, олар екі елдің компанияларына өздерін серб және қазақстандық нарықтарда көрсетуге септігін тигізетінін атап өтті. Мұндай іс-шаралар екі елдің экономикасын әлемдік экономикалық және сауда ағындарына неғұрлым тығыз байланыстыру үшін компаниялардың экспорттық және инвестициялық көрсеткіштерін күшейтуге мүмкіндік береді.
«QazExpoCongress» ҰК» АҚ Маркетинг және PR департаменті