Осы орайда Ұлттық экономика министрлігіне қарасты Экономикалық зерттеулер институты (ERI) екі жылдан бері Азия даму банкімен бірлесе әзірлеп келе жатқан Өңірлік әл-ауқат индексінің маңызды көрсеткішінің бірі – халықтың жергілікті мемлекеттік органдарға сенімінің деңгейі. Бұл зерттеу Еуропалық әлеуметтік зерттеу, Дүниежүзілік құндылықтар шолуы, Еуропалық құндылықтар зерттеуі, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының Жақсы өмір индексі сияқты озық тәжірибелерге сүйене отырып, статистика мен сауалнама деректері негізінде дайындалған.
Аталған зерттеуге қарағанда, өткен жылы барлық өңірдің ішінде Батыс Қазақстан облысы (БҚО) тұрғындарының жергілікті әкімдіктерге сенімі салыстырмалы түрде жоғары болып шықты. Осы жөніндегі көрсеткіш 2022 жылғы 55,3 пайыздан 71,1 пайызға дейін көтерілген. Мұның басты себебі былтыр Жайық өңірі тұрғындарының қаржылық әл-ауқаты 10 балдық көрсеткіш бойынша алдыңғы жылғы 5,9 балдан 6,4 балға дейін артқандығында болса керек. Бұған қоса, БҚО-да сыбайлас жемқорлық деңгейі 5,86 балдан 3,95 балға дейін төмендеген. Батысқазақстандықтардың сайлау үдерісіне сенімі 38 пайыздан 39,9 пайызға дейін артқандығы жергілікті мәслихаттарға сенім деңгейінің де 43,9 пайыздан 59 пайызға дейін көтерілуіне әсерін тигізгені анық. Сондай-ақ жергілікті соттар (48,3 пайыздан 61,3 пайызға дейін) мен полицияға (50 пайыздан 66,5 пайызға дейін) сенім де біршама артқан.
Жамбыл облысында әкімдіктерге сенім 49,3 пайыздан 63,7 пайызға дейін көтерілген. Себебі Әулиеата өңірінде тұрғындардың қаржылық әл-ауқаты 5,27 балдан 6,91 балға дейін көтеріліп, жемқорлық 7,2 балдан 5,43 балға дейін азайған. Жамбылдықтардың сайлауға сенімі 15,3 пайыздан 37,8 пайызға дейін артқан. Нәтижесінде, мәслихаттарға сенім деңгейі де 28,4 пайыздан 51,6 пайызға дейін өскен. Соттар (35,6 пайыздан 45,5 пайызға дейін) мен полицияға (40,4 пайыздан 41,6 пайызға дейін) сенім де біршама жоғарылаған.
Түркістан облысы тұрғындарының қаржылық әл-ауқаты былтыр 6,12 балдан 6,21 балға дейін жақсарған. Ал әкімдіктерге сенім көрсеткіші 44,8 балдан 58,6 балға дейін артқан. Сайлауға сенім 25,2 пайыздан 41,3 пайызға дейін нығайғанына сәйкес мәслихаттарға сенім де 36,5 пайыздан 72,4 пайызға дейін жоғарылаған. Бұл – түркістандықтар әкімдерден гөрі мәслихат депутаттарына көбірек сенім артып отырғанын көрсетеді. Облыста соттарға (42,9 пайыздан 54,8 пайызға дейін) және полицияға (48,3 пайыздан 50,3 пайызға дейін) сенім арта түскен.
Қаржылық әл-ауқаты былтыр 5,92 балдан 6,97 балға дейін артқан қызылордалықтардың жергілікті әкімдіктерге сенімінің деңгейі – 51,4 пайыз. Алайда бұл көрсеткіш алдыңғы жылғымен салыстырғанда 5,5 пайыз төмен. Қызылорда облысында сайлауға сенім деңгейі 10,6 пайыздан 34,4 пайызға дейін артып, жергілікті мәслихаттарға сенім 19,4 пайыздан 42,1 пайызға дейін жоғарылаған. Сыр өңірінде соттарға сенім 28,8 пайыздан 44,3 пайызға дейін артқан, ал полицияға сенім 43,5 пайыздан 42,6 пайызға дейін төмендеген.
Абай және Атырау облыстарының мемлекеттік органдарына да тұрғындардың жартысынан көбі сенім білдірген. Бұл өңірлерде халықтың қаржылай әл-ауқаты да, сайлау үдерісіне сенім деңгейі де біршама артқан.
Өзге өңірлердің мемлекеттік органдарының ішінде халықтың жартысының сеніміне ие болғаны некен-саяқ. Дегенмен Қарағанды облысының әкімдіктері бір жыл ішінде өз көрсеткішін 8,2 пайыздан 48,8 пайызға дейін, яғни айтарлықтай жақсартқанын атап өткен жөн. Ал көмірлі өңірде тек полиция ғана тұрғындардың жартысының көбінің (51,6 пайыз) сеніміне ие болған.
Солтүстік Қазақстан облысында тұрғындардың көпшілігі полиция (61,7 пайыз) мен соттарға (54,9 пайыз) ғана сенім артып отыр.
Тұрғындардың жергілікті билікке сенімі ең төмен өңір – Маңғыстау облысы. Былтыр маңғыстаулықтардың әл-ауқаты 5,9 балдан 6,6 балға дейін артқанына қарамастан, қаржылық қиындықтарға тап болғандар әлі де көп. Ал өңірдегі сыбайлас жемқорлық көрсеткіші 6,04 балдан 8,17 балға дейін шарықтап кеткен. Сондықтан да әкімдіктерге сенім деңгейі 56,6 пайыздан 13,7 пайызға дейін құлдырап кеткен. Сайлауға сенім көрсеткіші 37,6 пайыздан 4,9 пайызға дейін, ал жергілікті мәслихаттарға сенім 46,3 пайыздан 9,3 пайызға дейін кеміген. Соттар (45,3 пайыздан 13,7 пайызға дейін) мен полиция да (48,8 пайыздан 4,9 пайызға дейін) жұрт сенімінен жұрдай болуға жақындаған. Биылғы жылы осы облыстың және жергілікті құқық қорғау органдарының бірінші басшылары түгелдей ауыстырылғандығы бекерден-бекер емес.
Жетісу облысының жергілікті билігіне сенім деңгейі де мәз емес. Бұл өңірде тұрғындардың қаржылық әл-ауқаты 6,04 балдан 5,24 балға дейін төмендеген, ал сыбайлас жемқорлық 5,34 балдан 5,82 балға дейін ұлғайған. Сол себепті әкімдіктерге сенім 63,5 пайыздан 30,3 пайызға дейін, яғни екі еседен астам кеміген. Сайлауға сенім 63,7 пайыздан 18,7 пайызға дейін күрт құлдырап, жергілікті мәслихаттарға сенім де 59,7 пайыздан 27,5 пайызға дейін азайған. Соттар (63,3 пайыздан 36,1 пайызға дейін) мен полицияға (63,9 пайыздан 36,1 пайызға дейін) сенім артушылар қатары да селдіреген.
Ақмола, Алматы, Ақтөбе облыстарының мемлекеттік органдарына сенім деңгейі 40 пайыздан төмен. Олардың ішінде тек Ақмола облысының полицейлері ғана респонденттердің 41 пайызының қолдауына ие болған.
Еліміздің үш мегаполисі тұрғындарының жергілікті билік органдарына сенімі де төмендеп кеткен. Алматы қаласы тұрғындарының қаржылық әл-ауқаты 5,8 балдан 5,98 балға дейін жақсарғанымен, сыбайлас жемқорлық 6,67 балдан 7,31 балға дейін ұлғайған. Алматылықтардың қаладағы әкімдіктерге сенімінің 40,3 пайыздан 26,5 пайызға дейін азаюының басты себебі осы қоғамдық індеттің өрши түскені болса керек. Бұған қоса, оңтүстік астанада халықтың сайлауға сенімі 36,7 пайыздан 17,6 пайызға дейін, ал қалалық мәслихатқа сенімі 36,5 пайыздан 22,2 пайызға дейін құлдыраған. Алматылық соттар (46,9 пайыздан 26,5 пайызға дейін) мен полицияға (47 пайыздан 34,7 пайызға дейін) сенім де кеміген.
Астана қаласында да тұрғындардың қаржылық әл-ауқаты 5,74 балдан 6,38 балға дейін артқанымен, сыбайлас жемқорлық деңгейі 7,12 балдан 7,03 балға дейін ғана азайған. Бұл көрсеткіш – елордада жең ұшынан жалғасушылық сияқты келеңсіздік деңгейі әлі де жоғары екендігінің айғағы. Сондықтан да респонденттердің жергілікті әкімдіктерге сенімі 40,3 балдан 26,5 балға дейін төмендеген. Сондай-ақ астаналықтардың сайлауға сенімі 36,7 пайыздан 17,6 пайызға дейін, ал қалалық мәслихатқа сенімі 36,5 пайыздан 22,2 пайызға дейін азайған. Елордалық полицияға да халық сенімі 43,7 пайыздан 38,6 пайызға дейін төмендеген. Бас шаһарда тек соттарға деген сенім 33 пайыздан 38,1 пайызға дейін артқан.
Былтыр Шымкент қаласы тұрғындарының қаржылық әл-ауқаты 6,47-ден 6,08 балға дейін нашарлаған. Сыбайлас жемқорлық деңгейі 6,84 балдан 6,53 балға дейін, яғни сәл ғана азайған. Осыған байланысты шымкенттіктердің қаладағы әкімдіктерге онсыз да шамалы сенімі 33,3 пайыздан 33 пайызға дейін төмендеуіне шәк келтіру қиын. Дегенмен үшінші мегаполисте сайлауға сенім – 22,8 пайыздан 26,7 пайызға дейін, ал қалалық мәслихатқа сенім – 26,9 пайыздан 30,6 пайызға дейін артқан. Бұл жергілікті халық өздері сайлаған депутаттарға көбірек үміт артып отырғанын білдіреді. Алайда соттар (33,3 пайыздан 27 пайызға дейін) мен полицияға (45,2 пайыздан 28 пайызға дейін) деген мардымсыз сенім одан сайын құлдыраған.
Пайымдап қарасақ, тұрғындардың қаржылық әл-ауқаты артқан әрі сыбайлас жемқорлық азайған өңірлерде жергілікті билік органдарына сенім нығая түскен. Ал экономикалық жағдайы нашарлап, тұрғындардың табысы азайған өңірлерде жекелеген құқық қорғау органдары ғана халықтың көпшілігінің сеніміне ие болған. Сонымен қатар, кей өңірде сайлауға және жергілікті мәслихаттарға сенім деңгейі артқандығы – еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі оң нышан.