Есірткі • 10 Қыркүйек, 2024

Еріктілердің есірткіге қарсы іс-шарасы

123 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қоғамда есірткі қылмысының таралу ауқымы, әсіресе оған жасөспірімдер мен жастардың үйірсектігі бәсеңдемей тұр. Адам өміріне балта шабатын, қалыпты тіршіліктің тұнығын лай­лайтын қауіпті кеселмен күрес толастамауға тиіс. Осыған орай жуырда жаңа оқу жылының басталуына байланысты Ішкі істер министр­лігі мектептер, колледждер мен жоғары оқу орындарында құқық­тық білім беру мақсатында республикалық акция бастады.

Еріктілердің есірткіге қарсы іс-шарасы

Коллаждарды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»

Науқан аясында қыр­күйек айында бар­лық оқу орнында по­ли­­ция басшыларының қатысуымен кездесулер өтпек. Ол жерде жо­ғары сынып оқушылары мен сту­денттерге қылмыстық жауап­кер­шілікке әкеп соқты­ратын әрекеттер туралы жан-жақты ақпарат беріледі.

«Ер жетіп, өз қолы өз аузына жете бастаған жастар есірткіні та­ныс­тарының өтінішімен уақытша сақтау немесе тасымалдау, граффити-жазуларды салу, хабарландырулар немесе QR-кодтар тарату, форумдарда, мессенджерлерде есірткі туралы оң пікірлері бар посттар қалдыру сияқты әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілік бар екенін түсінуі маңызды», дейді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің баспасөз қызметі.

Алғашқы кездесуді аталған департамент қызметкерлері елордалық IT университетінде өткізді. Жоғары оқу орнының оқытушылары мен әкімшілігіне студенттердің қатысуымен жасалуы мүмкін құқық бұзу­шылық түрлері, университетте және жатақханаларда есірткіні жар­намалау және тарату тәсіл­дері, студенттердің есірткіні қолдану белгілері туралы айтылды. «Бұл әңгіме қалаға жаңадан келген және есірткіні тарату немесе жарнамалау арқылы жеңіл табыс табуға тартылуы мүмкін бірінші курс студенттеріне өте маңызды. Сондықтан осы университеттегі келесі қадам – 1-2 курс студенттерімен кездесу. Біздің мақсатымыз – ақпаратты жастардың бәріне жеткізу», деді сала мамандары.

Жоғарыда айтылғандай, жас­­тар мен жасөспірімдердің қаты­­суымен жасалатын есірт­кі қылмыстарының бірі – көше­лердегі граффити жазуларын салу. Бір қараған адамға ол қабырғаға салынған әдемі жазу ғана болып көрінуі мүмкін. Алайда есірткі пайдаланатын адамдарға бұл «таптырмас» бағыт-бағдар. Яғни ол жерде есірткі сататын сайттардың атауы жазылады.

Осы қылмыстарға қарсы күрес аясында қазір ел аумағында граффити жазуларды өшіру науқаны жүріп жатыр. Алматы облысында полицейлер жыл басынан бері 800-ден астам есірткі граффитилерін жойды. Бұл туралы таяу күндері облыстық Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Ардақ Қайсаров коммуникациялар орталығында өткен брифингте мәлімдеді.

Жасөспірімдер мен жастар арасындағы нашақорлықтың алдын алу, сондай-ақ син­те­ти­калық есірткінің таралуына қарсы қабылданып жатқан іс-шаралар туралы баяндаған ол есірт­кі өндіретін зертханаларды анықтауға үлкен назар аударыл­ғанын айтты. «Жыл басынан бері Алматы облысының полицейлері 12 есірткі зертханасын анықтап, жойды. Біз мектеп оқушыларымен, ата-аналармен және мұғалім­дер­мен профилактикалық дәріс­тер мен семинарлар ұйым­дастыра отырып, білім мекемелері­мен­ белсенді ынтымақтастықта жұ­мыс істейміз. Жастар арасын­да нашақорлықтың алдын алу және анықтау маңызды. Соны­мен қатар 8 айда 400-ге жуық про­фи­лактикалық іс-шара жүр­­гі­зіл­ді», деп мәлімдеді А.Қайсаров.

Тәртіп сақшысы нашақор­лық­пен күресу профилактикалық және жедел шараларды қамтитын жүйелі көзқарасты қажет ететінін атап өтті. Осы тұрғыда жас­тар мен жасөспірімдер есірткі сату­шылардың ықпалына көбі­рек ұшырайтын білім меке­мелеріне ерекше назар аударылады. «Біз волонтерлермен де белсенді жұмыс істейміз. Жыл басынан бері олардың көмегімен 800-ден астам граффити жойылды. Халық арасында құқық­тық са­уат­­тылықты арттыру мақ­са­тын­­да 214 іс-шара, 36 спорт­­­тық іс-шара, 29 жұмыс кез­де­суі өтті», деп толықтырды А.Қай­са­­ров.

Граффитиге қарсы күрес Қара­ғанды облысында да бастау алды. 7 қыркүйекте Теміртауда өткен іс-шараға 500-ден астам ерікті, полиция және күзет ұйымдарының қыз­меткерлері қатысып, 3 мың­нан астам жазу мен заңсыз жар­на­малық суреттерді өшірді.

Ауқымды акцияға тартылған қатысушылар 5 адамнан тұратын 100 топқа бөлініп, әрқайсы­сы өздері­нің маршруттық карталарын алды. Бұл ретте проблеманың салдарымен емес, себебімен де күрескен маңызды. Яғни граффити жазуларды салатын адамдарды ұстау да күн тәртібінен түспеуге тиіс. Қарағанды облысы Полиция де­партаменті бастығының орынбасары Әбіл Әбілдиннің айтуынша, биыл ­15 шілдеде Теміртау қаласының полиция қызметкерлері есірткі сайттарын жарнамалап, граффити жазуларды салғаны үшін Қарағанды қаласының 39 жастағы тұрғынын ұстаған. «Полиция бұл адамның қала­ның жеті көше­сіндегі 36 үйге 186 граффити жазба қал­дырғанын анықтады. Қазіргі уақыт­та оған қатысты қылмыстық іс қоз­ғалды, тергеу жүргізіліп жатыр», деді ол.

Мұндай іс-шаралар есірткі қылмысына қарсы күрестің маңызды бөлігі саналады, қала­­­ның көрнекі келбетін жақ­сар­туға, сондай-ақ жастарды теріс ықпалдан қорғауға кө­мек­теседі. Жан-жақты алдын алу жұмыстарына жастардың өздері де араласып, атсалысып, үлестерін қосып жатыр. «Мен есірткіні қолдануға үзілді-кесілді қарсымын, оларды насихаттауға жол бермеуіміз керек. Есірткіні жарнамалайтын граффити мен басқа да суреттерді өшіру акциясына қатысқаныма қуаныштымын. Себебі бұл біздің қоғамда саламатты және қауіпсіз ортаны сақтау үшін маңызды», деді Қарағанды қаласының индустриал­ды уни­верситетінің студенті Әділет Айдархан.

Айта кетейік, мұндай акция еліміздің барлық аймағында тұрақты түрде жалғасын таппақ.