Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»
Биылғы тамыз кеңесі де «Digital Kazakhstan: жаңа замандағы білім» тақырыбында өткен еді. Педагогтер осы бағытта жасанды интеллектіні мұғалімнің көмекшісі ретінде қолданудың жолдары мен заманауи технологиялардың элементтерін сабақ барысында пайдалану тәсілін талқыға салды. «Заманауи технологиялар педагогтерден жұмыс барысында жаңа ұстанымды талап етеді. Сондықтан мұны қолдануға білім берудің барлық сатысы дайын болуға тиіс. Енді әрбір педагогтің ІТ-құзыреті оның кәсіби біліктілігінің ажырамас бөлігіне айналуы шарт», деді Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.
Жасанды интеллект технологиясы қазірдің өзінде білім саласына үлкен өзгеріс әкеліп жатыр. Күнделікті сабақ барысында жасанды зердені қолдану арқылы педагогтер оқу материалдарын оңай дайындап, тапсырмаларды әр оқушының деңгейіне сай бейімдей алады. Мысалы, ЖИ-ге негізделген оқыту платформалары әр оқушының үлгерімін талдап, олардың күшті және әлсіз жақтарын анықтап береді.
«Жасанды интеллект мүмкіндігін күнделікті сабақ барысында қолдану – өте тиімді шешім. Мәселен, бұл технология оқушылардың «Gallup» секілді тестілеріне талдау жасап, әр балаға жеке даму жоспарын сызып береді. Бір мекеменің кәсіби бағдар берушісі бұл үдеріске кемінде екі-үш сағат жұмсайды, ал жасанды интеллект бұны бір минуттың ішінде дайындап бере алады. Одан бөлек, жасанды зерде оқушылардың білімін бағалау мен оларға кері байланыс беру үдерісін жеңілдетеді. Былайша айтқанда, бұл технология әр білім алушыға жеке виртуалды мұғалім сияқты қызмет атқарады. Бір айта кететін маңызды нәрсе – жасанды зерде мұғалімнің орнына жұмыс істемейді, тек оның көмекшісі болады, яғни педагогтің жүгін сәл жеңілдетеді. Жаңа технологиялар күннен-күнге дамыса да, жасанды интеллект әлі де қателесуі мүмкін», дейді Жамбыл инновациялық жоғары колледжінің мұғалімі Әлішер Жүнісов.
Осы күні оқушылар арасындағы байқаулардың да дені онлайн жүйеге ауысты. Сайыстың әділ өтуін қадағалап, нәтижесін шығарып, жеңімпаздарды анықтайтын да – жасанды интеллект.
«Қазір «Daryn kz» атты дарынды балалармен жұмыс істейтін цифрлы платформа әзірлетіп жатырмыз. Оның ерекшелігі – балалар емтиханды онлайн тапсырған кезде, жасанды интеллект қатысушылардың басқа браузерге кіргенін немесе әлдекімнен көшіргенін автоматты түрде анықтайтын болады. Қысқасы тестілеудің әділ әрі ыңғайлы өтуін қамтамасыз етеді. Цифрландыру бұрын да өз қарқынымен келе жатқан еді. Бұл үдерісті пандемия одан сайын жылдамдатты. Мәселен, біз ұйымдастыратын «Тарих ата», «Кенгуру», «Ақбота», «Тіл – тәуелсіздік тұғыры» сынды білім жарыстары қашықтан ұйымдастырылады. Одан бөлек, мамандандырылған мектептердің қабылдау жұмыстарын өткізгенде қатысушылар құжаттарын электронды түрде тапсырады. Ал емтихан барысы тікелей эфирден беріледі. Оны сілтеме арқылы ата-аналар, құқық қорғаушы орган өкілдері көре алады. Цифрландырудың тағы бір пайдасы – тестілеу нәтижесінің жауабы адамның қатысуынсыз анықталады. Яғни жасанды интеллект қатысушының қанша балл жинағанын сол сәтте-ақ есептеп береді. Кейінгі кезде сайыс жеңімпаздарына берілетін сертификаттарға QR-код қойып жүрміз. Бұл – марапаттарды көшіріп, жалған байқау ұйымдастыратын алаяқтарға қойылатын тосқауыл», деді «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы директорының орынбасары Нұрлан Жұмагелді.
Білім саласының көп мәселесін заманауи технологиялардың көмегімен шешуге болады. Осы бағыттағы стартаптар да аз емес. Солардың бірі – «BeyimАІ». Бұл – оқуға арналған әлеуметтік желі. Мұнда студент негізгі бағдарламадан түрлі білім алып, қосымша материалдар ала алады. Аталған қолданбаны қазір елімізде 25 мың оқушы мен 2 мың мұғалім пайдаланып, игілігін көріп отыр. Ал «Beyim Synaq» қосымшасы білім алушының емтиханға дайындалуына көмектеседі.
«BeyimTech» стартабының негізін қалаушы Нұрсұлтан Дүйсебаевтың айтуынша, балалар стандартты оқулықтардың орнына өзіне қажет және ерекшелігіне сай жеке бағдарламамен оқиды. Мақсат – әр балаға қажет уақытта сапалы білім ұсыну.
«Пандемия кезінде елімізде «OnlineMektep» платформасы жасалды. Ол Назарбаев зияткерлік мектептері мен «Bilim Media Group» компаниясының бірлескен өнімі еді. Платформаны 2,5 миллионға жуық оқушы мен 200 мың мұғалім қолданды. Пандемия аяқталғаннан кейін бүкіл әлемде онлайн оқу күнделікті тіршіліктің бір бөлігіне айналды. Дәл 2021 жылы Назарбаев зияткерлік мектебінің базасында «BeyimTech» зерттеу жобасы құрылды. Біз «болашақта онлайн оқудың идеал платформасы қандай болуы керек?» деп ойландық. Біздің команда «Blackboard», «Duolingo», «Moodle» және «Canvas» сияқты 40-тан астам білім қызметін талдап, әдістеме мен білім бағдарламаларын зерттеп, кеңес алу үшін шетелдік мамандарды елімізге әкелді. Бір жарым жылға жуық уақыт зерттедік. Содан кейін біз 20 мектеппен тікелей жұмыс істей бастадық. Ол жерге тәжірибе ретінде бірнеше білім қызметін енгіздік. Электронды платформалар оқу үдерісін қалай жақсарта алатынын талдадық. Осылайша, 3 жылдық терең ғылыми зерттеулердің арқасында біз онлайн оқыту әдістемесін жасадық», дейді Н.Дүйсебаев.
Білім саласындағы цифрландыру жұмыстары оқытудың тиімділігін арттыратыны анық. Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Цифрландыру және мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру департаментінің дерегіне қарағанда, 2024 жылы мектептердегі жоғары сапалы интернет көрсеткіші 3 есеге ұлғайтылған. Қазіргі таңда интернет жылдамдығы 89,5 пайызды құрайды. Мектептерді жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету мәселесін кезең-кезеңімен шешу үшін Оқу-ағарту министрлігі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, қазір екі жобаны жүзеге асырып жатыр. Мәселен, «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында 2066 мектепке талшықты-оптикалық байланыс желісі 2027 жылға дейін жүргізіледі. Одан бөлек, «Starlink» технологиялары қанатқақты жобасы аясында 1993 мектеп жоғары жылдамдықты интернетке қосылады. Қазіргі таңда 1757 мектеп жаңа технологиямен жабдықталған.
Цифрландыру департаменті директорының орынбасары Майра Маралбаеваның айтуынша, министрлік «eGov Mobile» мобильді қосымшасында білім туралы барлық мәлімет қолжетімді жаңа «Bilim» сервисін іске қосты. Бұл сервисте азаматтар үшін қолжетімді, ыңғайлы болатындай білім туралы барлық қажетті мәлімет берілген. Аталған қосымша «Білім беру ұйымын бітіргені туралы цифрлық құжаттар», «Баланың профилі және оқушылар жайлы қосымша ақпарат» сияқты бірнеше бөлімдерден тұрады.
«Сондай-ақ «eGov Mobile» мобильді қосымшасында «Білім туралы ақпарат» атты жаңа цифрлық құжат іске қосылды. Бұл балабақшада, мектепте немесе колледжде оқу фактісін растайтын білім туралы ақпаратты көрсетеді. Ата-аналарға оқу орнынан қағаз түріндегі анықтама алудың қажеті жоқ, «eGov Mobile» қосымшасынан білім туралы ақпаратты ұсынуы жеткілікті. Одан бөлек, 2023 жылдан бастап техникалық және кәсіптік білім туралы дипломдар цифрлық форматта «eGov Mobile» мобильді қосымшасында қолжетімді болды. 2024 жылы 2004–2023 жылдар аралығында берілген дипломдар, ал 2025–2026 жылдары – 2004 жылға дейінгі берілген дипломдар цифрлық форматқа ауыстырылады. Көрсетілген мерзімдерге сәйкес цифрлық құжаттардың болуын «eGov Mobile» қосымшасындағы «Цифрлық құжаттар» бөлімінде немесе «Bilim» сервисінде тексеруге болады», деді М.Маралбаева.
Балаларды мектептер арасында ауыстыру бойынша да мемлекеттік қызмет автоматтандырылған. Енді ата-аналар мен заңды өкілдер баланы бір мектептен екінші мектепке ауыстыруды үйден шықпай-ақ, «eGov.kz» порталында жүзеге асырады. Онда тұрғылықты жері бойынша немесе одан тыс жерлерде көрсетілген кез келген білім ұйымын таңдау мүмкіндігі беріледі.
«Мектеп оқулықтарының 100 пайызы цифрлық форматқа көшірілді. Олар қазіргі уақытта 11 платформада қолжетімді.Сондай-ақ балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамтамасыз ету және тиімді қаржыландыру мақсатында «Бірыңғай кезектілік» базасы әзірленіп, іске қосылды. Жаңа үлгі әрбір отбасына жеке қажеттіліктері мен қалауларына қарай төрт балабақшаға дейін таңдауға мүмкіндік береді. Жобаның жаңа моделі 2023 жылы Қарағанды облысының Шахтинск қаласы мен Солтүстік Қазақстан облысының Петропавл қаласында сынақтан өтті. Қазіргі таңда масштабтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар педагогтердің барлық мәліметі «Педагог портфолиосы» модулінде көрсетілетін болады. Сол арқылы мұғалімдерді жұмысқа орналастыру кезінде қағаз құжат айналымы мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою және конкурстық рәсімдерді ашық өткізу жоспарланып отыр», деді Цифрландыру департаменті директорының орынбасары.