Отбасы • 11 Қыркүйек, 2024

Дәрігерлер династиясы

1083 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елдің өркендеуі үшін барлық мамандықтың маңызы зор. Әсіресе ұлт саулығын сақтау жолында аянбай еңбек етіп жүрген дәрігерлердің жөні бөлек, қадірі артып тұр.

Дәрігерлер династиясы

Атырауда бір кә­сіп­ті динас­тия­ға ай­нал­дыр­­ған отбасылар көп. Со­ның қатарында мұнайлы өңір жұрт­шылығына кеңінен таныс Басаролла Харесовтің жан­ұясы бар. Қазір үш буынға ұлас­қан дәрігерлер династия­сын­да бұл кәсіпті екі уролог, фти­зиа­тор, окулист, невропатолог, сто­матолог, жалпы тәжі­ри­бе дәрі­­гері жалғастырып келеді. Олар­дың жалпы еңбек өтілі – 155 жыл.

Басаролла Харесовтің ма­ман­­­дығы – уролог. Ақтөбе медицина институтын 1969 жылы бітірген соң еңбек жолын облыстық ауруханада бастаған. Жас маман осы ауруханада дәрігерлік тәжірибесін шыңдап, алдыңғы буынның ақыл-кеңесін, тәлімін алудан жалықпады. Сөйтіп, 1972-1973 жылдары бас дəрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары болды. Төрт жылда өз ісінің білгірі атанып, ұжымда мақтаулы дәрігерге айналған оған облыстық қан құю стансасын басқару міндеті жүктелді.

Өз ісін жетік білетін дәрігер 1986 жылы облыстық ауруханаға қайта оралды. Ұйым­дастыру қабілеті де, іскерлігі де жетілген Басаролла Харесов тағы да бас дəрігердің емдеу ісі жөнін­дегі орынбасары лауазымын атқарды. Ал 1993-2006 жылдары урология бөлімінің меңгерушісі болды. Кейін уролог-ординатор ретінде науқастарды емдеп, жас буынды осы мамандықтың қыр-сырына үйретті. Ұзақ жылғы жемісті еңбегі үшін КСРО Денсаулық сақтау ісінің үздігі атанды.

Оның өмірлік жары Базаргүл Мырзағалиеваның мамандығы – фтизиатр. Өкпесіне дақ түскен жандарды емдеуге барынша атсалысып, мамандығына адалдығынан айнымаған жан.

«Біз де балаларымыздың дәрігерлік кәсібімізді жал­ғастырғанын қаладық. Өйт­кені ақ халат киген дәрігер­дің жаны аппақ, жүрегі таза бо­лады. Адамзат үшін ең қа­дір­лі мамандық – дәрігер. Сон­­­дықтан балаларымызға бұл ма­ман­дықтың маңызын ұғындыра алдық деп ойлаймын. Соның нәтижесіндей, төрт бала­мыздың екеуі дәрігер маман­дығын таңдады. Біздің дәрі­герлік кәсібіміз үшінші буынға жал­ғасты. Қазір әулеті­мізде жеті дәрігер бар», дейді Б.Харесов.

Әке-шешесінің дәрігерлік жолын жалғастырған Әлібек Баса­рол­лаұлы 8-сыныптан соң Атырау медициналық учили­щесінде оқыған. Жазғы демалыста жедел жәрдем стансасында санитар болып жұмыс істеген екен. Ал қызы Венера окулист болуды мақсат етіпті. Адамның көз жанарын сақтауға үлес қосу үшін жоғары білім алған. Қазір жоғары санатты дәрігер облыстық офтальмология ауруханасындағы білікті маманның біріне айналған.

«Жоғары білім алуға М.Оспа­нов атындағы Батыс Қазақ­стан медициналық акаде­мия­сына оқуға түстім. Маман­ды­ғым – уролог. Қазір әкемнің жолын жалғастырып, облыстық ауруханада жұмыс істеймін», дейді Әлібек Басарол­лаұлы.

Осы әулеттің келіні Гүлсім Қазмағамбетова да дәрігер мамандығын таңдаған. Ол да Ақтөбедегі медициналық академияны бітірген. Қазір облыстық балалар ауруханасында невропатолог болып жұмыс істеп жүр. Күйеуі Әлібек Басароллаұлы екеуі алты бала тәрбиелеп отыр.

Дәрігерлер династиясының үшін­ші буынын Балжан Əлібек­қызы мен Нұржан Нұрлан­ұлы жал­­ғас­­тырып келеді. Балжан ­стоматология саласын мең­гер­­ген. Ал Нұржан – жалпы тəжірибе дəрігері.

 

Атырау облысы