Жетісуда Мәдениет үйінсіз отырған ауылдар бар. Соның бірі – Қоғалы ауылы. Талай жылдан бері қаңырап қалған мәдени орда биыл есігін қайта ашты. Осы бір мерейлі сәтте Кербұлақ ауданының әкімі Қанат Есболатов сөз алып, халықты құттықтады.
«Мәдениет – ұлттың мәйегі, рухани қайнар көзі ғана емес, өміріміздегі негізгі саланың бірі. Біз бұл саланы жаңғырту арқылы елдің рухын, өткені мен бүгінін жаңғыртамыз, ұлы мұраларды қалыптап, тың дүниелерді ұрпаққа мирас етеміз. Жас өрендер сапалы білім, саналы тәрбие алып қана қоймай, мәдени, әдеби тұрғыда да таным көкжиегін кеңейтуге тиіс. Кешегі бабалардай тарихта атын, соңында ізін қалдыруы керек. Ол үшін де әлеуметті мәдени қолдау ауадай қажет. Ал бүгін күрделі жөндеуден кейін әсем келбетімен өздеріңізге пайдалануға берілгелі тұрған Мәдениет үйі – баршамыздың игілігіміз», деді Қ.Есболатов.
Әкім лебізінен кейін аудандық мәслихат төрағасы Қайрат Бекеев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бөкен Рысбеков, мәдениет саласының ардагері Людмила Пинчина сөз алып, ыстық ықыластарын білдірді. Рухани, мәдени тұрғыда үзік-үзік толғамдарын жеткізіп, соңыра Мәдениет үйінің лентасын салтанатты түрде қиды. Өз кезегінде көпшілік жаңғырған Мәдениет үйіне еніп, жергілікті өнерпаздардың концертін тамашалады.
«Бұл – ерекше күн. Мәдениет үйі ел игілігіне берілді. Осынау рухани мекеме ішінде кітапхана желісі жұмыс істейді. Онда 39 мың кітап қоры бар. Жаңа ашылған Мәдениет үйінде, соның ішінде көптеген игі шара өтетін болады, сол үшін қуаныштымын», деді 35 жылға жуық ауыл кітапханасының тізгінін ұстап келе жатқан Райхан Байтаева.
Қоғалы ауылының тұрғыны Кенжегүл Нұрсұлтанова: «Бүгін – менің өмірімнің сәулелі сәттерінің бірі. Қоғалы ауылындағы қуанышты оқиға. Мәдениет үйінің архитектуралық әрленуі ауыл ажарын ашады. Осы мәдениет мекемесін пайдалануға бергеніне облыс, аудан, ауыл әкіміне, құрылысшыларға шексіз алғысымды білдіремін», дейді.
Аудан әкімінің айтуынша, Мәдениет үйінің құрылысы 2020 жылы басталғанымен, шегіне жетпей жұмыс тоқтаған. Бастапқы мердігермен келісімшарт үзілген. Осы Мәдениет үйінің күрделі жөндеу жұмысы бойынша «ЖетысуКазСтройСервис» ЖШС-мен 62 миллион 125 мың теңгеге келісімшарт жасалып, Мәдениет үйі заманға сай жаңғырып отыр. Биыл шалғайдағы 12 ауылға қажетті мәдени нысандар блокты-модульді конструкциядан салына бастады.
Айта кетейік, жалпы тұрғындарының саны 1 мың адамнан аспайтын 12 ауылға блокты-модульді клубтар орнатуға облыстық бюджеттен 1,7 млрд теңге қарастырылған. Өткен жылы тәжірибе ретінде ең алғаш Ескелді ауданының Қоңыр ауылында БМК (клуб) тұрғызылса, биыл оған қоса Алакөл, Ескелді, Қаратал, Көксу, Кербұлақ аудандарының ауылдарында жаңа үлгідегі блокты-модульді мәдени нысандардың құрылыс жұмысы жүріп жатыр.
Солардың бірі Кербұлақ ауданы Шұбар ауылында орнатылуда. Қазіргі таңда нысандағы құрылыс жұмыстарының шамамен 40 % аяқталған.
«Металл конструкцияларын құрып бітірген соң сэндвич панельмен қаптаймыз. Содан соң сыртқы жұмысына кірісеміз. Клубтың 120 орындық көрермен залы, 11 бөлмесі болады. Құрылыс жұмыстарының кестесіне сай алда екі ай уақытымыз бар, белгіленген мерзімде аяқтауды жоспарлап отырмыз», дейді мердігер «Ақтөбе экорт» ЖШС прорабы Бірлік Қантбаев.
Елді мекенде мәдениет ошағының салынатынына ауыл тұрғындары қуанып жүр.
«Ауылымызда осындай жаңа нысан салынып жатқанына ризамыз. Балабақша, мектебіміз бар. Енді мәдениет ошағы ашылса, жастардың бос уақытын пайдалы өткізуіне жақсы мүмкіндік туады. Өзіміз де бір мезгіл концерт көрсек, мереке өткізсек, сырттан келетін әртістердің ойынын тамашаласақ, ауыл тұрғындарына да рухани демалатын орын болар еді», дейді ауылдық Аналар кеңесінің төрағасы Нүкетай Күзенбаева.
Жалпы, Жетісу облысында 200-ден астам мәдениет нысаны халыққа қызмет көрсетеді. Облыс құрылғалы бері 7 жаңа мәдениет нысаны ашылды, соның 5-еуі – мәдениет үйі, 1 музей, 1 кітапхана.
Жетісу облысы