Аймақтар • 11 Қыркүйек, 2024

Өрлеудің кілті – өнім өндіру

109 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Отандық өнім» туралы аз айтылып келе жатқан жоқ. Бұл орайдағы жеткен жетістігіміз де, қолымыздан келмей жатқан кемшілігіміз де баршылық. Бір сүйсінерлігі, кейінгі жылдары ауылдық жерлердегі тұрғындардың да өнім өндіруге деген құлшынысы арта түсті. Бұған мемлекет тарапынан ауылды көтеруге бағытталған бағдарламалардың да игі әсері тиіп жатқаны байқалады. Сондай-ақ «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы да жергілікті әкімдіктермен бірлесіп «Бір ауыл – бір өнім» атты ауылдағы тауар өндірушілерді ынталандыруға ықпалы зор көрме-байқауын тұрақты өткізе бастағанының да оң ықпалы бар. Биыл Ұлытау облысында бұл жоба алғаш рет қолға алынды. Ауыл, аудандарда басталған байқаулардан озып шыққандар жуырда облыс орталығындағы көрме-байқауда бақ сынады.

Өрлеудің кілті – өнім өндіру

Өңірлерді дамыту, халықтың әл-ауқатын жақсарту, кәсіпкерлердің халықаралық нарықта бәсекеге қабілетті, сапалы өнім өндіруіне қолдау көрсету, ауыл тұрғындарын сұранысқа ие бірегей өнім шығаруға тартуды мақсат тұтқан облыстық «Бір ауыл – бір өнім» бай­қауына 50-ге тарта кәсіпкер қатысты. Олардың көрме-байқауға ұсынған өнімдері де әртүрлі.

Облыстың әр шалғайынан келген өнім өндірушілерді облыс әкімінің орынбасары А.Идрисов , Ұлытау облысы бойынша «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Г. Қаженова құттықтады.

«Мемлекет басшысы ауылды көтеру, ауыл халқының кәсіпкерлікпен айналысуына жан-жақты қамқорлық жасау, көмек көрсету жөнінде жиі айтады. Нақ­ты белгіленген тапсырмалар бар. Біз көрме-байқаудан мемлекет тарапынан қолға алынып жатқан нақтылы қамқор­лықтың өз жемісін бере бастағанын байқадық. Алдағы уақытта ауылдардағы өнім өндірушілер қатары арта түсетіні күмәнсіз», деді облыс әкімінің орынбасары Алмаз Идрисов.

Гүлмира Қаженова шеберлердің, ісмерлердің қолдарынан шыққан дү­ние­лердің тартымдылығына, ұлттық тағам өнімдерінің экологиялық тұрғыдан таза­лығына назар аударды. Әрине, әр тауар иесі өз өнімін ерекше санайды. Дегенмен көрме мақсаты – озықтың озығын анықтау.

Ұлытау ауданынан келген Сағыныш Битенованың өнімдері бірыңғай жүннен тоқылған бұйымдар екен. Кейде ауыл адамдарының арасынан «малдың жүні ешкімге керексіз, текке ысырап болып жатыр, тіпті өртеп жіберуге, көміп тастауға мәжбүрміз» дегенді де есітіп қалып жүр­геніміз белгілі. «Жібекті түте алма­ған жүн етеді» дейтін сөз осындай жағдайдан, яғни қолда барды ұқсата алмаудан шықса керек. Сағыныш болса қаншалықты қиындығына қарамастан, малдың жүнін ысырап етпей, ұқсатуды мақсат тұтыпты.

«Қырқылған жүнді жуып, тазартудың өзі әжептәуір жұмыс. Кептіріліп, тазартылған соң майдалап түту де, иіру де керек. Содан соң, не жасағың келеді, қиялыңа ерік бер де, жасай бер», дейді ол.

Кәсіпкер С.Битенова жүннен тек киім-кешек емес, балалардың түрлі ойыншығын да жасайды екен. Оның ойы – осы бағыттағы ісін одан әрі дамыта түсу. Қазіргі кезде шаруаның көбін қолмен атқаратын ол келешекте осы заманғы технология жетістіктерін пайдалануды ойластырып жүр.

Күлбарам Жараспаева «Жетіқоңыр» ауы­лында тұрады. Мал өсірумен айналысатын оның жеке кәсіпорны облыстық көрме-байқауға келушілердің назарын бірден аударды. Өйткені ол мұнда бұқтырылған ет өнімдерін ұсыныпты.

«Өзіміздің шаруа қожалығымыздағы сиырдың, жылқының етін бұқтыруды қолға алдық. Бұл өте дәмді болады. Өте қарапайым түрде дайындаймыз. Тиісті дәмдеуіштерін қосып, өз сөліне бұқтырамыз. Біздің жақтың малының еті онсыз да дәмді болып келеді. Өйткені жусанға жайылады ғой. Қорада бордақылап ұстамаймыз. Жейтіні де, іше­тіні де –даланың суы мен шөбі. Осындай экологиялық таза ет бұқтырылған кезде мүлдем бөлек дәмге ие болады», дейді.

Нұрбол Қалиевтің «Қалиев» жеке кә­сіпорны 2015 жылдан бері мал шаруашы­лығымен айналысып келеді.

«Мыңғыртып мал айдаған да жақсы, бірақ сол малдың етін, сүтін нақты өнімге айналдыра білсек, бәрінен де дұрысы сол болмақ. Біз жеңілдікті несие арқылы сүтті бағыттағы сиырлар сатып алдық. Сөйтіп, құрт, қаймақ, ірімшік дайындауға кірістік. Алғашында айналамызға сататын болсақ, қазір бізге Жезқазған, Сәтбаев қалаларын айтпағанда, Қарағанды мен Астанадан арнайы тапсырыс беріп алдыратын тұрақты алушыларымыз бар. «Сіздердің қаймақтарыңызға қасық енбейді, ірімшіктеріңіздің дәмі таңдайымызда тұрып қалады» деп мақтап жатады. Әрине, сатып алушының мұндай лебізін естіген соң мерейміз өседі. Халыққа одан әрі мүлтіксіз қызмет көрсету жағын ойластыра бастаймыз. Сәтін салса, сүтті мол беретін сиырлардың басын одан әрі көбейткелі отырмыз», дейді Нұрбол.

Міне, жұмысы жүрген, ертеңіне сенген азаматтың сөзі. Бұлар көрме-байқауға қатысқан кәсіпкерлердің өзіміз тілдесіп үлгергендері ғана. Мұндай азаматтар қатары жыл санап өсе түсетініне сенім мол. Өйткені «Бір ауыл – бір өнім» жобасы бойынша өндіріліп, іріктелген өнімдер маркетингтік қолдау тауып, сертификатталатын болады.

Ұлытау облысында алғаш рет өткізілген жобаның бергені көп болды. Алыс ауылдардан келген кәсіпкерлер бір-бірімен танысып, білісті, тәжірибелерін бөлісті. Облыс экономикасын дамытуға елеулі үлес қоса алатын мүмкіндік бар екенін байқатты. Кәсіпкерлікке деген сенімдері нығайды.

«Гүлденсе ауыл – гүлденеміз бәріміз» дейтін бұрынғыдан қалған сөз әлі де маңызын жойған жоқ. Себебі қаланың тірегі – дала. Даланың мәні де, сәні де – ауыл. Ауылдың ажары – өнім өндіріп жатқан азаматтар. Өрлеудің кілті – өнім өндіру екенін түсіну қалаға да, далаға да ортақ міндет.

 

Ұлытау облысы