Дүниежүзілік көшпенділер ойындары • 11 Қыркүйек, 2024

Көпті таңдандырған көшпелілер әлемі

359 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Астанада өтіп жатқан аламан V Дүниежүзілік көшпелілер ойындары аясында қалада ашылған этноауылдар келушілерге есігін айқара ашқан. Қазақ мәдениетінің бай мұрасы бір арнаға тоғысқан орында халық қарасы қалың. Өңірлерден бас қалаға арнайы жеткен таланттар ақшаңқаң киіз үйлер атырабын ән-күйге бөлеп, өнерін ортаға салып жатыр, деп жазады Egemen.kz.

Көпті таңдандырған көшпелілер әлемі

Суреттерді түсірген: Ерлан Омар «EQ»

«Қазанат» ипподромы маңындағы аумағы ат шаптырым ауылда спорттық сайыс өтетін алаңдар, шеберлер қолынан шыққан бұйымдар көрмесі, «Өнер ордасы» атты бас сахна, ұлттық тағамдардың дәмін татуға арналған фуд-корттар мен сейіл-серуен құруға қолайлы аймақтар жасақталған. Өткен мен бүгіннің бейнесі ерекше үйлесім тапқан ауылды аралай жүріп еліміздің  өшпес өркениетіне еріксіз тамсанасың. Біз кешкен бұл күйді бар келушілер бойынан өткізіп жатқаны анық. Себебі жиналғандар киіз үйлер алдындағы сахналық көріністерді ынтызарлықпен тамашалап, ән-жырды ықыласпен қосыла шырқап жатыр.

пп

«Халқымыз «мың рет естігеннен бір рет көрген артық» деп айтып жатады ғой. Сол қағидамен бүгін отбасымызбен этноауылға келдік. Көрер қызық көп екен. Ауылдың тиянақты ретпен жасақталғаны көңілімнен шығып жатыр. Мына киіз үйлер аймақтардың бар асылын Астана төрінде паш етіп тұр. Облыстардан табылған жәдігерлер заманауи лэд-экрандарда көрсетіліп жатыр. Қазірдің өзінде Маңғыстау, Алматы облысы, Шығыс Қазақстан мен Алматы қалаларының киіз үйлеріне бас сұқтым. Алмалы шаһардың символына айналған алма ағаштарын, сол алманы көрсетудегі эстетикалық шешімі қатты ұнады», дейді Астана қаласының тұрғыны Айгүл Икрамжан.

Ал бас сахнада бұл күні Ақмола облысынан келген 200-ден аса жас дарын мен өнер ұжымдары Арқаның ән-күйімен құлақ құрышын қандырып жатты.

«Бүгін Көкшетау қаласы, Ақмола облысының барлық ауданы мен Қосшы қаласынан жиналған дәстүрлі әншілер, эстрада әндерін орындаушылар, «К.Күмісбеков» атындағы ұлттық аспап оркестрі мен «Гәкку» би ансамблі, «Ұлан ғасыр» квартеті дайындаған кеш өтіп жатыр. Ақмола облысынан атағы дархан даланы шарлаған өнер алыптары туған. Соның бірі – Үкілі Ыбырай. Сондықтан бүгінгі концерт шымылдығын Үкілі Ыбырай бабамыздың әнімен түрдік. Ақмола облысының әр ауданындағы мәдениет үйлерінен басы қосылған 150 домбырашы бүлдіршін көрсеткен өнер халық еңсесін көтеріп, рухтандырғаны ерекше сезілді», деді әнші, актер, Ақмола облысы Целиноград ауданындағы Мәдениет үйінің әншісі Бауыржан Нұрымбетов.

Этноауылға табан тіреген қонақтар, V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарындағы спорттық сайыстарға қатысушылар мен шетелдік туристердің қазақтың ұлттық қолөнеріне деген қызығушылығы жоғары. Әр дүңгіршекте сауда да қыз-қыз қайнап жатыр. Ақмола облысының темірден түйін түйген, тері илеген, он саусағынан өнер тамған шеберлері де орта толтырған. Көкшетау қаласындағы «Granat» шығармашылық мектебінде тәлім алып жатқан оқушылардың қолынан шыққан бұйымдар көрмеге арнайы жеткізілген. Балаларды көркем сурет өнерінің қыр-сырына баулитын мектеп қыш құмыра мен қазақы нақышпен көмкерілген жейде, шоппер, тақия, шапанның сан алуан түрін саудаға шығарған.

«Біздің шығармашылық мектеп 2016 жылдан бері оқушыларды қолөнер бұйымдарын жасауға баулып жүр. Астанаға алып келген бұйымдарымызды 10-16 жас аралығындағы оқушылар әзірлеген. Киімдердегі принттер кәсіби суретшілердің қылқаламынан туған. Шәкірттеріміз суретшілермен коллабарация жасай отырып, жүрек қалауындағы бұйымдарды істейді. Техникалық ашылудан бері этноауылда қызмет көрсетіп тұрмыз. Шетелдік туристер «World nomad games-тің» логотипі бейнеленген дүниелерді көптеп сатып алып жатыр», деді «Granat» шығармашылық мектебінің негізін қалаушы Анар Сәттібаева.

«Көшпелілер әлемі» ауылындағы этношатырда аты қалыптасқан отандық кәдесый брендтерімен қатар, облыс іскерлерінің бұйымдары да көз тартады. Маңғыстау облысы Ақтау қаласынан келген жергілікті шеберлер одағының мүшесі - Бақылы әже көрмеге киіз үйдің ішін жасақтауға арналған бау-басқұр, шашақ-құрларын алып келген. 15 жасынан бау тоқып, киіз басуды меңгерген әже әуестенетін ісін бүгінде немерелеріне үйретуді қолға алған.

лл

«Жастық шақтан алған үлгіміз жадымызда жатталып қалған. Мемлекеттік қызметте жүргенде де қолөнерден қол үзбедік. Ала жіптен әдіптелген бауларға өз өңірімізде сұраныс жоғары. Ал осындағы Маңғыстау облысының үш киіз үйі біздің бұйымдармен әсемделді. Көрмеге қойылған бұйымдарды үйде істейміз, бүгінде немерелерім моншағын өткізіп қолғабыс жасайды», деді Бақылы Бопанайова.

Елордада өтіп жатқан көшпелілер ойындарының спорттық сайыстарында 89 елден келген қатысушылар бақ сынап жүр. Демек, кемінде шартараптың 89 мемлекетіне көшпелілер ойынының дүбірі естіліп жатыр. Этноауылды аралай жүріп Түркияның беделді теле-радио кешенінен келген әріптестерімізді кезіктірдік. Қызу жұмыс арасында «TRT» тілшісі Ескендер Маметовтен қандай ақпарат таратып жатқанын сұрадық.

«Біз Түркиядан арнайы келдік. Астанадағы көшпелілер ойындары қатты ұнап жатыр. Қазір спорттық жарыстар мен этноауылдағы фольклорлық қойылымдар туралы репортаж, халық ойындары туралы хабар дайындап жатырмыз», дейді Ескендер Маметов.

пп

Көңілді қуантқаны - этноауылда топ-топ шетелдік туристер жүр. Біз тілдескен үндістандық Индежит Синх мырза Қазақстанда өтіп жатқан көшпелілер ойындарына америкалық достарымен бірге келіпті.

«Дүниежүзілік көшпелілер ойындары - ғажайып іс-шара. Астанаға әлемнің түкпір-түкпірінен мыңдаған адам келсе екен деймін, өйткені қазір елдің бай мәдениеті жақсы таныстырылып жатыр. Қазақтардың өз мәдениетін мақтан тұтатынын көріп жатырмыз. Спорттық ойындар мен мәдени іс-шаралардың бір уақытта, жақын маңда өтіп жатқаны сіздердің мәдениеттеріңізбен жақынырақ танысуға жақсы мүмкіндік беріп жатыр. Интеллектуалды, күштік ойындар өте қызық өтіп жатыр. Келесіде өтетін көшпелілер ойындарына тағы келеміз», деді Үндістаннан келген турист.

Астананы дүбірге бөлеп жатқан көшпелілер ойындары мен «Көшпелілер әлемі» аталатын этноауылдағы той-думан 13 қыркүйекке дейін өтеді. Этноауыл жұмысы 11:00-ден басталып, 21: 00-де аяқталады.

пп