Қоғам • 11 Қыркүйек, 2024

Президент Архиві «Archive Hack: Ақылды архив» бәйгесіне қатысуға шақырады

111 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Президент Архиві «Archive Hack: Ақылды архив» бәйгесіне қатысуға шақырады Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві, Satbayev University және Yandex Qazaqstan «Archive Hack: Ақылды архив» хакатоны өтетінін хабарлайды, деп жазады Egemen.kz.

Президент Архиві «Archive Hack: Ақылды архив» бәйгесіне қатысуға шақырады

Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві, Satbayev University және Yandex Qazaqstan алғаш рет архив ісі саласындағы инновациялық технологиялық шешімдерді әзірлеуге бағытталған «Archive Hack: Ақылды архив» хакатонын өткізеді.

Іс-шара 24-25 қыркүйек күндері Алматы қаласында топтық сайыс форматында өтеді және Қазақстан архивтерінің цифрлық трансформациясындағы маңызды кезең болмақ. Хакатон жеңімпаздарын қазылар алқасы таңдайды, жеңімпаздар Satbayev University білім беру гранттарымен және Yandex Qazaqstan қаржылай сыйлықтарымен марапатталады.

Хакатонға IT және тарихи мамандықтарда (және аралас бағыттардағы) оқитын университет пен колледж студенттері, сондай-ақ Алматы қаласының 10-12 сынып оқушылары қатыса алады. 

Олар архивтік деректерге қолжетімділікті жақсарту, оларды цифрландыру, қорғау және сақтау бағытында жобалар әзірлеу үшін бақ сынайды. Хакатон ұйымдастырушылары қатысушыларға тарихи материалдарды және Қазақстанның мәдени мұрасының деректеріне қолжетімді әрі қызықты етіп шешімдер әзірлеуді тапсырма етіп қойды. Хакатон барысында қатысушылар Yandex Qazaqstan сарапшыларынан қолдау мен тәлімгерлік көмек ала алады.

ҚР Президенті Архивінің директоры Әлия Мұстафина: «Біз жастардың IT дағдыларын дамытуға және заманауи цифрлық технологияларды архив ісіне енгізуге бағытталған білім беру бастамаларына ерекше назар аударамыз. Бұл хакатон - шын мәнінде бірегей жоба, барлық қатысушы бағалы тәжірибе жинап, еліміз үшін маңызды жұмыс атқарады», деді.

Yandex Cloud Qazaqstan бизнесінің жетекшісі Арыстанбек Жолдасбеков: «Қатысушылар алдында маңызды міндеттер тұр: бүлінген құжаттардан деректерді қалпына келтіру, суреттерді жақсарту, мәтінді тану алгоритмін құру немесе виртуалды архивті әзірлеу. Біз заманауи технологиялар мен қатысушылардың күш-жігері мәдени мұраны сақтауға және оны болашақ ұрпаққа қолжетімді етуге көмектесетініне сенімдіміз. Yandex Qazaqstan жобаларды табысты жүзеге асыру үшін қажетті ресурстар мен тәлімгерлік қолдау көрсетеді», деді.

Satbayev University академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Раиса Өскенбаева: «Біз «Archive Hack: Ақылды архив» хакатонын өткізу алаңына айналғанымызды мақтан тұтамыз. Бұл студенттер мен оқушылар үшін IT және жасанды интеллект саласындағы білімдерін тәжірибеде қолданудың бірегей мүмкіндігі. Бұл хакатон жаңа технологияларды дамытуға серпін беріп, мәдени мұрамызды сақтау мен насихаттауға үлес қосады деп сенеміз. Жеңімпаздар біздің университеттің білім беру гранттарына ие болады», деді.

Барлық ниет білдірушілер арнайы сайттағы форма арқылы тіркеле алады.