Білікті ғалымдар бас қосқан жиында еліміздегі көлік инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған мәселелер жан-жақты талқыланды. Сонымен қатар қатысушыларға жол құрылысында өнеркәсіптік қатты минералды қалдықтарды (ҚҚҚ) пайдалану технологиясы таныстырылды.
Форум барысында «Каздоринновация» ЖШС директоры Руслан Асматулаев жаңа құрылыс материалдарын жасауға ТМҚ пайдалануды көздейтін инновациялық шешімді ұсынды. Бұл құрылыстың экономикалық тиімділігін арттырып қана қоймай, қалдықтардың жиналуына байланысты экологиялық мәселелерді де оң шешеді.
Сондай-ақ жол беріктігін едәуір арттыратын, әсіресе күрделі геологиялық жағдайларда, жол жабындарының беріктігін қамтамасыз ететін топырақты реактивті ерітіндімен төсеу технологиясы да тақырып арқауына айналды.
Жиында бизнеспен тығыз ынтымақтастық маңызына айрықша назар аударылды. Форумға қатысушылардың басты мақсаты – ғылымға арналған технологияларды дамыту ғана емес, сонымен бірге бизнеске негізгі салалық мәселелерді шешуге тиімді көмектесетін шешімдерді жасау. Бұл жұмыстар бизнес сұранысын қанағаттандырып, тұрақты да жоғары технологиялық инфрақұрылымды құруға ықпал ететін отандық жол өнімін әзірлеуге бағытталуға тиіс екені баса айтылды.
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғалымдары Әсел Жексембаева мен Марат Қонқанов материалдар құрамын дәл таңдау, жаңа жол технологиясын сынауға наноқұрылымдар деңгейінде терең зерттеулер жүргізуге қатысты өз идеяларын ұсынды. Олар өндірістік қалдықтар негізіндегі «жасыл» материалдарды белсенді пайдалануды ұсынып, жақсы нәтижеге жетуге бизнеспен бірлесіп жұмыс істеуге шақырды. Сондай-ақ жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының ғылыми инфрақұрылымын нығайтуға мақсатты грант бөлу туралы да айтылды. Бұл бастапқы кезеңде терең зерттеу жүргізуге, жаңа материалдардың сапасын арттыруға мүмкіндік бермек.
Сонымен қатар жиында кадр мәселесі де сөз болды. «ҚаздорҒЗИ» АҚ құзыреттерді дамыту орталығының директоры Гүлжамал Омарова кадрлық дағдарыстың себептері мен оның жағымсыз салдарына тоқталды. Шешім ретінде жол құрылысына инновацияларды табысты енгізуге білімді мамандар даярлау жүйесін жақсарту, біліктілікті арттыру және кәсіби құзыреттілікті дамыту ұсынылды.
Қысқасы, форум маңызды өзгерістердің катализаторы болды. Ғылым мен бизнес ел инфрақұрылымын жаңартып, қажетті инвестицияларды тартатын жаңа отандық өнімдер мен шешімдерді жасау үшін бірігіп отыр. Ұлттық ғылым академиясының қолдауымен өткен мазмұнды іс-шара еліміздегі жол саласын болашақта дамытуда маңызды рөл атқарады.