Мектеп • 12 Қыркүйек, 2024

Қабілетті жастарға – заманауи мектеп

74 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында саяси-экономикалық мәселелермен қатар ағарту саласына, сапалы білім беруге ерекше назар аударылған.

Қабілетті жастарға – заманауи мектеп

Сурет: sputnik.kz

Жолдауда «бүгінгі заман талабына сай келетін оқу орындарын қолдауға, әрбір грант құны жастардың сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасауға тиіс» деп көрсетілді. Одан әрі «өз кәсібін жетік меңгерген адамдар ұлт сапасын арттырады. Ұстаздар білімді ұрпақ тәрбиелеу арқылы еліміздің өркендеуіне жол ашады. Сондықтан, педагогикалық жоғарғы оқу орындарына талапты, қабілетті жастарды қабылдауға баса мән беру керек. Бұл бағыттағы жұмыстардың бет алысы жақсы, оны жалғастыру қажет» делінген.

Әлемдік тәжірибеде ерекше қабілетті, талантты бала­ларға сапалы білім берумен, Еуропа елдерінде арнайы мамандандырылған мектептер айналысады. Олар ғасырлар бойы адамзатқа қызмет етіп, тәжірибе жинақтаған, теориялық жағынан да жүйеге келген оқу орындары.

Бізде егемендік алған соң ғана, өткен ғасырдың 90-жылдарынан бастап жаңа типті мектеп-лицей, гимназия, дарынды балалар мектептері құрылып, қарқынды жұмыс істей бастады. Олар талантты да қабілетті балаларды бөлек оқытып, сапалы білім беруде әжептәуір жоғары көрсеткішке қол жеткізді.

Солардың бірі – Батыс Қазақстан облыстық маман­дан­дырылған дарынды балалар мектебі еді.

Ширек ғасыр бойы облыстық дарынды балалар мектебі мектеп мәртебесіне сәйкес элитарлық білім берді. Оның үздік көрсеткішке жетуіне негіз болған – төмендегі әлемдік инновациялық тәжірибелер еді.

Ең алдымен, мектеп мүлде тыңнан, жоғары педа­гогикалық оқу орнының ғылыми-әдістемелік, мате­риалдық негізінде құрылды, институттың ректоры профессор Тұяқбай Рысбеков жоғары оқу орнының ғылыми-әдістемелік базасын оқушыларға студенттермен бірдей пайдалануға толық мүмкіндік жасады.

Сонымен қатар сыныпта оқушының қабілет-қызы­ғушылығына қарай бірыңғай бейінді білім беруде жекелеген пәндер тереңдетіліп оқытылатын англо-саксондық және әр оқушының шығармашылық жеке-дара қабілетін дамыту бағытындағы финляндиялық жүйе жүзеге асырылды. Бұл бағыттар біздің жағдайымызда да өзінің ерекше тиімділігін көрсетті. Оқыту үрдісін әр оқушының қабілет-мүмкіндігіне қарай жүргізе отырып, бейінді білім беру моделін жүзеге асыруға қолайлы болып шықты. Мектепте бірден Франция, Германия, Қытай елдеріндегі таңдау және міндетті пәндерді жан-жақты меңгертуде, оқушылардың күрделі де көлемді теориялық тұрақты инновациялық сауатын дамытудағы лабораториялық-практикалық материалдарды қосарланған сабақ арқылы жүзеге асыру қолға алынды. Ол барған сайын әдістемелік жағынан жетілдіріліп, сапалы білім берудің басты факторына айналды. Білім стандартын оқушылардың жүйелі, тұрақты меңгеріп отыруын қамтамасыз етуде жапондық білімді бақылаудың мониторингтік әдістеріне ерекше мән берілді.

Білімді бақылаудың біртұтас жапондық мониторингтік жүйесі оқушының білім алу, мұғалімнің білім беру үрдісі деңгейін күнделікті, тоқсандық, жылдық тұрақты бақылау арқылы әр оқушының білімді сапалы меңгеруін қамтамасыз еткен ең бір инновациялық тәсіл болды. Осы негізде дарынды балаларға арналған мектептің түлектері соңғы ондаған жыл бойы қатарынан жоғары оқу орындарына грантпен 100 пайыз қабылданып отырды. Жүз пайыз! Бұл – бұған дейін республикада болмаған көрсеткіш. 150-ден астам шәкіртіміз «Болашақ» бағдарламасы бойынша әлемнің ең таңдаулы университеттерінде, 20-дан астамы В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті жанындағы А.Колмогоров мектебінде білім алды.

Бір өкініштісі, бүгінде осы озық тәжірибе өз дәрежесінде дами алмай отыр. Жолдауда Мемлекет басшысы қабілетті жастарға сапалы білім берудегі әлемдік озық тәжірибелерді өз дәрежесінде жалғастыру қажеттігін айтты. Біз осыдан үміт етеміз.

 

Нәсіпқали ДӘУЛЕТОВ,

педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор