Өнім әрі арзан, әрі дәмді
«Ауыл аманаты» жобасы басталғанда тұрғындар құжатын дайындауға өзіміз кірістік. Құжат жинау кезінде кейбірінің несие тарихы дұрыс болмай жатады немесе кепілге қояр мүлкі орталықтандырылған базадан шықпай жатады. Сол үшін несие мақұлданып кеткенше басы-қасында жүрдік. Кейбірі мемлекеттік бағдарлама арқылы қаржыландыруды тұтынушылық несиемен шатастырды. Әр үйді аралап түсіндірудің арқасында жұмыссыз азаматтардың жаңа іс бастауға құлшынысы артты. Алайда бір қиыны – кепілге қоятын ауыл үйлері ескі, саман кірпіштен тұрғызылғандықтан, банктер қабылдағысы келмейді. «Ақтөбе» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының мамандары Жылтырға келіп, бірнеше кездесу өткізді. Нәтижесінде, осы ауылдың 18 тұрғыны 2,5%-бен несие алып, кәсіп бастады. «Ауыл аманаты» жобасының артықшылығы – алғашқы жылы несие төлеуден босатылса, келесі жылы оны ай сайын ғана емес, тоқсан сайын, алты айда немесе бір жылда жинап төлеуге болады. Біз кәсіпкерге жер телімін беріп, су өткізуге көмектестік. Ауылымызда осы бағдарламамен несие алып, тауық, бөдене өсіріп, жұмыртқасын сатып отырған кәсіп иелері де бар. Олардың өнімін қорап-қорабымен сатып алып кетіп жатады. Жеке кәсіпкерлерімізді Ақтөбедегі «Табыс» базарында өтетін жәрмеңкеге баруға үгіттейміз», дейді ауыл әкімі Бек Тілеулесов.
Ауыл өнімінің бағасы арзан болғандықтан, бірден өтіп кетеді екен. Бұл сатушыға да, сатып алушыға да тиімді. Жеңілдетілген несиеге сиыр, жылқы, ешкі сатып алған тұрғындар жаз бойы құрт, ірімшік, сүт, айран, сары май, қаймақ, қымыз сатып, қаражат жинайды. Жылтырда қолдың сары майы 5 500 теңгеден сатылады.
Кәсіпкерлер көбейсе, бюджет ұлғаяды
Бір кезде тұрғындары жаппай көшіп кеткен Жылтырда тіршілік оянып келеді. Жеке кәсіпкер көбейген сайын ауыл бюджетіне төленетін салық та өседі. Өйткені төртінші деңгейлі ауыл бюджеті көлік, жер, жеке кәсіпкер салығымен толығады.
«Біздің ауылдық округ бюджеті осы жылы 3 млн теңгеге ұлғайды. Өсім «Ауыл аманаты» жобасымен несие алып, кәсіп бастаған шаруа қожалықтары, жеке кәсіпкерлер, кооперативтерден түскен табыс салығы есебінен көбейді», дейді Бек Тілеулесов.
Өткен жылы Шалқар ауылдық округінің бюджеті 1 млн 500 мың теңгені құраса, бір жылдың ішінде 3 млн теңгеге ұлғайған. Құмды алқапты, шөбі сирек өсетін, Борсық құмдары етегіндегі шөлейтті ауылдың негізгі мәселесі – малға беретін құрама жем, арпа-бидай тапшылығы. Оның сырттан жеткізу бағасы қымбат. Қыс жайлы болған жылдары төрт түлік құм арасын жайлап, қорада көп тұрмаса, алапат боран мен бет қаратпайтын ақшұнақ аяз туғанда малға жемшөп көп керек. Ауыл кәсіпкері Бауыржан Қарпов Қостанайдан арпа-бидай, арзандатылған жем әкеліп, екі есе арзан бағамен ауылға сатады.
Малдың шөбін шаруа қожалықтары өздері шабады. Биылғы көктемдегі еріген қардың мол суы, жазғы жаңбыр құмды белдеулерді жасыл бояуға бояп, тақыр жерге де шөп шыға бастаған. Бүгінде аудан орталығында бір төктің бағасы 700-750 теңгеден сатылса, шаруа қожалықтары шапқан шөбін ауылдастарына 650 теңгеден береді. Ауылдық округтің тағы бір мәселесі – қойшы, малшының жетіспеуі.
«Көктем туа салысымен қожалық иелері мал бағатын адам іздейді. Олар отбасылық малшыларға 250-300 мың теңге жалақы ұсынады. Малшыларға жалақысын дұрыс төлемейді деп те айта алмаймыз. Өйткені заңды тұлға ретінде тіркелген қожалықтар жұмыскермен келісімшартқа отырып, оның зейнетақы жарнасы мен еңбекақысын аударады. Алайда көп жағдайда ішімдікке үйір, үйсіз-күйсіз жандар қыста қорадағы малды қарауға жалданса, жаз шыға тастап кетеді. Елсіздегі қожалық малын бағуға келгенде, осындай жағымсыз жайт қалыптасты. Шаруа қожалықтары шөп шабу науқанында 200 мың теңге жалақыға тракторшы таппайды», дейді ауыл әкімі.
Құм тоқтату
Жылтырдың іргесінен енген сусыма құм ауылды басып келеді. Бұл – Аралдың бұйрат құмдарымен жалғасып жатқан Үлкен Борсықтың бір шеті. Тау-тау болып үйілген көшпелі бұйрат құмдардың бетін қайтаруға экологиялық бағдарлама керек. Құм тоқтатудың басты амалы – шөлге төзімді, тамыры терең жиде, тораңғыл, сексеуіл сияқты бұталар отырғызу. Былтыр осы ауыл көшелерін басқан құмды тоқтатуға аудандық бюджеттен 7 млн теңге қаржы бөлінген. Тапсырысты ауданның бір кәсіпкері ұтып алып, 5 млн 700 мың теңгеге құм басқан үйлердің іргесін тазартып, көлікке тиеп шығарды. Енді ауылдың бір қапталындағы құмдарды шығаруға биыл аудандық бюджеттен 2 млн теңге бөлініп, тендер жарияланды.
Тегін сары құм тұрғын үй мен ауылда салынып жатқан әлеуметтік нысандардың іргетасы мен қабырғасын тұрғызуға пайдаланылады. Былтыр ауыл азаматтары, жеке қожалық иелері қосылып, өз ортасынан қаражат шығарып, ауыл шетіндегі 20 гектар алқапты қоршап, ішіне қарағаш, сексеуіл, татар үйеңкісі, жыңғыл көшеттерін отырғызған. Кәсіпкер Ермекбай Ахетұлы екі жерден ұңғылап, 18 метр тереңдіктен тұщы су шығарып, су айдайтын мотор орнатқан. Жаз бойы кезектесіп көшеттерді суарған.
«Біз бұл жерге жиде, тораңғыл, сексеуіл көшеттерінен де өзге шөлге төзімді ағаштар отырғызғымыз келеді. Құмға жақсы өсетін татар үйеңкісі жерсінді. Жылауық тал да жақсы тамырланады. Құмнан ұңғы қаза бастағанда 1,5 метр тереңдіктен әуелі беке су көрінді. Беке су – қатты лайланған, ащы су. Одан әрі тереңдегенде бірте-бірте тазарып, тұщылана түсті. Тұщы су қоры бұйрат құмдардың астына жиналады», дейді Бек Тілеулесов.
Жылыжай мүмкіндігі
«Ауыл аманаты» жобасымен табысты жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлердің бірі – Серікболсын Жексенбаев кәсібін 2018 жылы бастаған. Екі жыл бұрын «Ауыл аманаты» бағдарламасымен тағы несие алып, жазғы жылыжайдың бесеуін салыпты. Оның «Green hоuse» кешені Жылтыр ауылының шетінде, тасжолға жақын орналасқан.
Жас кәсіпкердің құмның бетіндегі жылыжайда өсірген қияр, қызанақ, құлпынай, түрлі дәмдеуіш шөптерін аудан тұрғындары қысы-жазы сатып алады. Шалқар аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Айбек Ембергеновпен бірге Серікболсынның жылыжай кешеніне келдік. Қатар-қатар орналасқан бес жылыжайдың бірінде қияр, екіншісінде қызанақ, үшіншісінде салат жапырақтары, төртіншісінде көк жуа мен аскөк, басқа да дәмдеуіштер өсіп тұр. Іші қапырық ыстық. Өсімдік тамырын қорғау үшін жерге қатар-қатар қара пластик жамылғы төселген. Аптап ыстықта су үнемдеу технологиясын пайдаланатыны көрініп тұр. Осы тәсіл өсімдік қатарында арамшөптің көбейіп, артық судың далаға ағып кетуін болдырмайды.
Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан университетін агроном мамандығымен аяқтаған жас кәсіпкер жылыжайда көкөніс өсіру тәжірибесін өз қателігінен сабақ ала жүріп үйренгенін жасырмайды.
«Жылыжайда құлпынай, көкөніс өсіруді бірге бастаған жігіттер тастап кетті. Қиын деп тастай берсек, бұл шаруаны кім істейді? Негізі әр ауданның өз жылыжайы болған кезде жыл бойы жұртты жас көкөніспен қамтамасыз етер едік. Құнарсыз, сусыма құмның бетіне көкөніс өсіру оңай емес. Талай күредік, бетіне саз жайдық, қарашірінді топырақ төседік. Көктемде ауылдың мал қораларынан шыққан көңді жаямыз. Өйткені жыл сайын топырағын ауыстыру керек. Жазда өнімімізге аудан орталығында бәсекелестік жоғары. Жұрт жазға қарай көл жағасына бақша егетін болғандықтан, қияр-қызанақ көбейеді де, бағасы түседі. Соған қарамастан, мейрамханалар біздің көкөністі жақсы алады», дейді Серікболсын.
Ақтөбе облысы,
Шалқар ауданы