Дүниежүзілік көшпенділер ойындары • 12 Қыркүйек, 2024

Көшпелілер ойындары: Бүгін ел намысын кімдер қорғайды

156 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Туризм және спорт министрлігі көшпелілер ойындарында бүгінгі жарыс күнінде жүлдеге таласатын ұлттық құрама спортшыларының сайыс кестесін жария етті, деп жазады Egemen.kz.

Көшпелілер ойындары: Бүгін ел намысын кімдер қорғайды

Фото: Ерлан Омар|EQ

Сағат 11.00-де көкпардан Қазақстан ұлттық құрамасы Қырғызстан командасымен кездесіп, алтын жүлдені сарапқа салады. Ойын «Қазанат» ипподромында өтеді.
 
Ипподромда сағат 16.30-да көк бөрүден Қазақстан мен Қырғызстан арасында финалдық матч өтеді.
 
Ал ипподром маңындағы этноауылда сағат 10.00-де теңге ілуден жарыс басталады. Бес белес сайысынан Бекнұр Серіков өнер көрсетсе, сағат 15.00-де Рахат Комбаров қос құлаш сайысы бойынша сынға түседі. ​
 
Этноауылда сағат 10.00-де құсбегілер жарыс жолына шығады. Бүркіт, қаршыға және сұңқар салу іріктеу кезеңі мен жартылай финал өтеді. Бүркіт салудан Ерзат Байқадамов, Серікбек Күнтуған, Арман Қошқаров, ал қаршыға салудан Дәурен Аршабай, Бағдат Кеуенов, Құдайберген Рауилұлы, Ерлан Кенжетаев, ителгі салудан Бақдәулет Бабажан мен Ибрагим Базарбаев сынға түседі.
 
«Арғымақ» ат-спорт кешенінде сағат 10.00-де дәстүрлі садақ атудан командалық сайыстар бастау алады. Қазақстан намысын 10 спортшы қорғайды. Әйелдер: Динара Жақсылықова, Фариза Сабыржан, Айкөркем Батихан және Ажар Төлеуқанова. Ерлер: Ербол Тапенов, Бақберген Сәлімов, Қасымхан Қанат, Марат Бексұлтан, Мақсат Әбдікерімов және Жәнібек Құлмырзаев.
 
Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында сағат 10.00-де татар халқының көне ұлттық белбеу күресі корэштен ерлер арасында төрт салмақ дәрежесі бойынша жарыстар басталады. Ел намысын Әділет Шалғынбекұлы (64 келі), Бекнұр Бектай (75 келі), Ернар Байжігіт (90 келі) және Нұрсұлтан Қожагелдіұлы (+90 келі) қорғайды.
 
«Алау» мұз сарайында сағат 10.00-де түрік халқының ұлттық күресі ашыртмалы аба гюрешінен бес салмақ дәрежесі бойынша спортшылар сынға түседі. Ұлттық құрама сапында Марат Нигматуллаев (60 келі), Әділет Ахметғали (70 келі), Ерзат Арғынов (80 келі), Айдос Ғалымов (90 келі) және Мұхтар Дәлелханұлы (+90 келі) бозкілемге шығады. Ашыртмалы аба гюрешине 19 мемлекеттен 74 спортшы қатысады.
 
«Алау» мұз сарайында сағат 10.00-де қырғыз халқының ұлттық ойыны ордодан іріктеу сыны басталады. Ел намысын Нұржігіт Ануарбекұлы, Нұрқанат Молжігітов, Алмас Қарабаев, Мұхамбетжан Нұрланұлы, Мырзамұрат Кайыпбеков, Айбек Амангелдіұлы. Талғар Әбілхан және Салмоорбек Субаналиев қорғайды. Ордоға 7 мемлекеттен 56 спортшы қатысады. Ақтық кезең 13 қыркүйек күні өтеді.
 
«Думан» қонақ үй және спорт кешенінде сағат 10.00-де Батыс Африка халықтарының зияткерлік ойыны овариден сайыс басталады. Овариден ұлттық құрама сапында Әсел Далиева, Аңсаған Қожанәсіп, Серік Ақтаев және Ернұр Мерешев Бексұлтан Бостандықов, Ерсұлтан Әуелбай, Мөлдір Серікқызы жүлдеге таласады.