Отбасы • 13 Қыркүйек, 2024

Атажұртты асқақтатқан түрік отбасы

69 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елімізде өтіп жатқан көшпелілер ойындарын тамашалау үшін Анкарадан автобуспен шыққан түрік отбасы Түркия елшілігінде болды.

Атажұртты асқақтатқан түрік отбасы

Алыс жолдан келген қонақтар 5 400 ша­қырым жол жүр­ген. Қазақ топырағына табан тірегелі түрік отбасына көрсетілген жер­гілікті халықтың ықыласы жо­ғары болды. Елордаға барар жолда олар еліміздің түрлі қала­ла­рында тоқтайды. Шетелдік мей­мандар бұған дейін Ақтауда мен Ақтөбе облысында аялдады. Алдымен саяхатшылар Бай­ғанин ауданына, содан кейін Темір ауданы, Ақтөбе қаласы мен Хромтау ауданы тұрғындарының қонақжайлылығына тәнті болды. Ұлттық тағамдардан дәм татып, салт-дәстүрімен танысты.

Бас қалаға табан тіреген түрік отбасын бірінші күні қала әкімдігі қарсы алып, қазаққа тән сый-сияпат көрсеткен. Әкімдік саяхатшыларға Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының ашылуына билеттер табыс­тады. Меймандар 12 тамыз­да жолға шығып, Грузия, Ресей, Татарстан арқылы 21 күн­де Ас­танаға жеткен. Идил мен Бу­рак 2 жасар ұлымен бірге Дү­ние­жүзілік көшпелілер ойындарын көру үшін арнайы келген. Өздерінің айтуынша, «Көшпелі» деп аталатын шағын автобусты алыс сапарға арнайы жабдықтаған. Ерлі-зайыптылар көшпелілер ойынынан кейін сая­хаттарын Өзбекстан, Қырғыз Республикасының жерінде жал­ғас­тыруды ниет етіп отыр.

Сонымен бірге түрік отбасы Астанадағы Түркия елшілігінің резиденциясында қонақта болды. «Астанаға жеткенімізге қатты қуанып тұрмыз. Қазақпен түбіміз бір туысқан халықпыз. Шынымды айтсам, атажұртқа келгенде де көңіліміз алабұртып, көзімізге жас келді. Менің анам қырғыз. Қазақ халқының қонақжайлығы, көрсетіп жатқан ілтипаттарынан, үйімізде жүрген сияқтымыз. Саяхат барысында қазақ халқымен жақын танысып, қызықты уақыт өткізгіміз келеді», деді ағынан жарылған Идил Дуран.

Ыстанбұл қаласының тұр­ғыны Бурак Дуран қазақтың кең даласынан өтіп бара жатқанда ке­ремет әсер алғанын айтады. «Қазақ даласы өте үлкен, та­би­ғаты бізге ұнады. Алайда бір қа­ладан келесі қалаға жетудің өзі ұзақ уақыт алады екен. Жа­сыратыны жоқ, жолда автобус сынып, өзге де қиындық болды. Бірақ жергілікті әкімдік жедел жетіп, қолұшын созды. Қазақ халқының қонақжайлығын тағы да ерекше айтқым келеді, тіпті полицейлер де жәрдемін аямай, жол көрсетіп отырды», дейді түрік саяхатшысы.