Қоғам • 13 Қыркүйек, 2024

Тың тетік табысқа жетелейді

74 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кейінгі жылдары еліміздің кеден қызметінде цифрлы трансформациялау ба­ғы­тында қанатқақты жобалар қолға алынып, бұл көрсетілетін қыз­мет түрлерінің сапасын арттырып, жұмыс үдерісінің ашықтығына жол ашты.

Тың тетік табысқа жетелейді

Сурет: ашық дереккөзден

Таяуда ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында шекара маңындағы кеден бекеттерінің мәселесіне назар аударып, олар­ды дамыту жөніндегі жұмысты қыс­қа мерзімде аяқтауды тапсырған бола­тын.

Міне, осы мақсатта Қаржы министрі Мәди Такиев Жетісу және Алматы облыстарына жұмыс сапарымен барып, «Нұр Жолы» және «Қалжат» кеден бекеттеріндегі тың өзгерістерді бағамдап қайтты. Осы ретте министрлік еліміздің өткізу бекеттерінде цифрлы сервистерді жүйелі түрде енгізуді мықтап қолға алғанын айта кетейік.

Айталық, қазір «Кеден» ақпараттық жүйесін әзірлеу жұмысы қарқын алды. Бұл – отан­­дық кеден саласындағы цифр­лы ше­­шім. Аталған жүйе «АСТАНА-1», «Экс­­­­порт­тық-импорттық операциялар жө­­нін­­­дегі бірыңғай терезе», «ТАИС-2», «ЖБО» жүйелерін алмастырады.

Озық жүйе кедендік операциялардың барлық кезеңі мен қатысушыларымен өзара іс-қимылды қамтиды, сондай-ақ рұқсат беру құжаттарын әкелу мен алудан бастап, тауарлар шығарылғаннан кейінгі бақылауды қарастырады.

«Еліміздің транзиттік әлеуетін дамыту мақсатында шекарадағы өткізу пункттерін толыққанды жаңғырту жалғасын табады», деген Мәди Төкеш­ұлы, кеден ісін ілгерілетуге арналған озық шешімдерді енгізуді арттыра түсуді тапсырды.

Бұл орайда биыл Қазақстан – Қытай шекарасында орналасқан «Нұр Жолы» автомобиль өткізу бекеті арқылы 266,5 мың көлік өткенін айта кету керек. Былтырғы кезеңімен салыстырғанда өсім 2 есе артқан.

Ал «Қалжат» автомобиль өткізу пункті арқылы биылғы 8 айда 30 мың­ға авто­көлік өтіпті. 2023 жылмен салыс­тыр­ғанда өсім 24%-ға дейін ұлғайды.

Тұтастай алғанда, жаңғырту жұ­мыстарына сәйкес ескі инфра­құры­лымды бұзып, жаңа өткізу пункттерін салу қарастырылған.

Сонымен қатар Астана қаласында болатын бас диспетчерлік басқармаға кеден бекеттерін бақылауды цифрландыру және орталықтандыру бойынша жұ­мыстар атқарылып келеді. Мұнда сала­лық бақылау қызметтері, оның ішінде шекара қызметі де орналастырылады.

Аталған өзгерістер өткізу бекеттері­нің инфрақұрылымын жақсартып, дамыта түседі. Шекарадан жайлы өтіп, мемлекеттік бақылау түрлерін сапалы жүргізу үшін барлық жағдай жасалады. Көліктерді қабылдау 6 есе ұлғайтылып, тауарларды өткізудің барлық циклін авто­маттандыру арқылы шекарадан асу уақыты 30 минутқа дейін азая түседі.