Аймақтар • 12 Қыркүйек, 2024

Зәруліктен құтқаратын зауыт

46 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақтауда ең өзекті мәселенің бірі – ауызсу. Әсіресе жазда, аптап ыстықта қиын. Қала әкімінің міндетін атқарушы Нұртас Салидың айтуынша, өзекті мәселені жеңілдету үшін Ақтау қаласында 6 жоба жүзеге асырылып жатыр. «МАЭК» ЖШС жазғы маусымда тәулігіне шамамен 52 000 текше метр ­ауызсумен қамтамасыз етеді. Жаз айларында қосымша қажетті ауызсу көлемі шамамен 20-25 мың текше метрді құрайды.

Зәруліктен құтқаратын зауыт

Сурет: ашық дереккөзден

«Ақтау қаласының ауызсу тап­шы­лығын жою бағытында 6 жоба іске асырылып жатыр. Олардың қатарында «Каспий» су тұшыту зауытын тәулігіне 20 000 текше метрден 40 000 текше метр­ге дейін кеңейту» жобасы бар. Бұл жоба іске асырылғаннан кейін, қалаға жаз мезгілінде тәулігіне қосымша 6 000 текше метр ауызсу беріледі деп күтіліп отыр. Сонымен қатар жеке инвестор көмегімен «Алека» ЖШС тарапынан қуаттылығы тәулігіне 4 000 текше метр су тұшыту қондырғысын орнату» жобасы жүзеге асырылып, маусым айында іске қосылды. Ал «МАЭК» ЖШС «ОСЖТ-2» аумағында өнімділігі тәулігіне 6 000 текше метр су тұшыту қондырғыларын салу» жобасын іске қосу жұмыстары осы жылдың шілде айына жоспарланған. Ауызсу мәселесін шешу бағытындағы жобалардың бірі – «МАЭК» ЖШС-да қуаттылығы тәулігіне 4 000 текше метр дистилляциялық тұшыту қондырғылары (ДТҚ) жабдығын ауыстыру». Бұл жобаны 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында іске асыру жоспарланған», дейді қала әкімінің міндетін атқарушы Нұртас Сали.

Сондай-ақ жеке инвестор «СК-А-Строй» ЖШС есебінен «Ақтау қаласында су тұшыту зауытының құрылысын салу» жобасы бар. Аталған жоба аясында су тұшыту зауыты жыл соңында тәулігіне 3 500 текше метр ауызсу өндіріп, биыл шілде айында зауыт қуатын тәулігіне 7 000 текше метрге дейін арттыру көз­деліп отыр.

«МАЭК» ЖШС аумағында кері осмос қолдану арқылы тәулігіне 24 000 текше метр су өндіру қондырғыларын салу» жобасына тиісті түзетулер енгізіліп жатыр.

Аталған жобалар толық жүзеге асқан жағдайда қаладағы ауызсу мәселесіндегі біраз түйін тарқатылады деген үміт бар. Тұрғын саны жылдан-жылға артып, су тұшыту, жеткізу жабдықтары ескірген қала бұл бағытта әлі талай идеялардың туындап, жобалар мен жоспарлардың батыл іске асуын қажет етеді.

 

Маңғыстау облысы