Кәсіпкер • 12 Қыркүйек, 2024

Ерболаттың етігіне сұраныс жоғары

65 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елімізде отандық өнім өндірушілердің саны күн санап артып келеді. Оның ішінде екінің бірінің қолынан келе бермейтін етікшілік кәсібі де бар. «Ерінбеген етікші болады» демекші, шеберден шыдамдылық пен ыждағаттылықты талап ететін осы кәсіпті шалқарлық Ерболат Айтжанов сәтті жүргізіп отыр.

Ерболаттың етігіне сұраныс жоғары

Өңірімізде сирек кездесетін етікші­­лік ісін ол «Ауыл аманаты» жобасы аясын­да қолға алды. Бағдарлама арқылы ­7 млн 300 мың теңге несие рәсімдеп, етік ­тігуге қажетті тігін машиналарын, өзге де құрал-жабдықтарын сатып алып, түрлі өлшемдегі аяқкиім қалыптарын жасатты. Жеке тұрғын үйінің жанын­дағы етік тігу шеберханасында қазір үш адам жұмыс істейді. Цехтың заманауи тігін машиналарымен айына 200 сыңар қысқы етік дайындауға мүмкіндігі бар.

«Етікшілік ата-бабамыздан мирас болған кәсіптің бір түрі. Өнімің сапалы болса жерде қалмайды. Әзір­ге ересектердің қысқы етіктерін тіге­міз. Оның ішінде түрлі өлшемдегі қо­­нышты аяқкиіммен қатар түздегі шаруашылыққа арналған саптама етік­тер бар. Пайдаланылатын былғары­ның барлығы оңтүстік өңірлердегі цех­тарда мал терісінен өңдеп жасалған. Қажет­ті шикізаттың алғашқы топтамасын ­Шым­кент, Алматы, Тараз қалалары­нан, табанына қолданылатын материалды Ресей елінен тапсырыспен алдырт­тық. Біздің қолымыздан шыққан етіктер қыста жылы әрі толығымен табиғи өнімнен жасалған деп нық сеніммен айта аламыз», дейді кәсіп иесі.

«De shoes» деп аталатын аяқкиім жасау цехының алға қойған бірнеше жос­пары бар. Соның бірі – балалар аяқкиі­мін көбірек жасау және оны тұтынушы­ға қолайлы бағада ұсыну. Қазір мұнда дайындалған cаптама етіктің бағасы – 20 мың, қонышты аяқкиімдер 30 мың теңгенің шамасына бағаланып отыр. Тың кәсіпке ден қойған Ерболат­тың бұл істе ақылшысы және шеберхана жұмысын үйлестірушісі – етік шебері Досбол Әбдібаев есімді азамат. Кәсіп иесіне ағайын болып келетін Досболдың тері өңдеу жұмысынан бастап, аяқкиім тігу ісінде жинақтаған тәжірибиесі ­20 жылдан асады.

«Жанымызда Қытай сияқты алып мем­лекет тұрғанда жазғы аяқкиім тігіп бәстесуіміз әзірге қиындау. Бірақ олар да осындай шағын цехтарда өндірілген өнімдерімен әлем нарығына шығып отыр. Бұл жерде тәуекел мен қолдау керек деп есептеймін. Сапалы болса, қысқы аяқкиімге сұраныс болады. Елімізде мал терісі тегін болғанымен, былғары мате­риалы тым қымбат. Оған себеп – тері өңдеу шаруашылығының кенжелеп тұр­ғаны. Осыны әр өңірде жандандыратын уақыт келді», дейді Досбол.

Ресми деректерге сүйенсек, мем­ле­кетімізде аяқкиім өндіретін 70 шақ­ты шағын және орта кәсіпорын бар. Алай­да олар ішкі нарықтың 5 пайызын ғана қамтамасыз ете алады. Саудалана­тын аяқкиімнің 95 пайызы – импорт­тық өнімдер.

Отбасылық кәсіп ретінде басталған Ерболат Маратұлының етік тігу цехы отандық аяқкиім өндірісіне тамшыдай болса да өз үлесін қосарына сенеміз.

 

Мұхтар МЫРЗАЛИН

 

Ақтөбе облысы,

Шалқар қаласы