Құрылыс • 13 Қыркүйек, 2024

Жөндеу жұмысы жалғасады

61 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Облыс орталығы Тараз қаласында кейінгі жылдары негізгі көшелердің жолын жөндеу, жаңадан жол салу жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп жатыр. Ұзақ жылдар бойы «Сапалы жолдың азабын тартып жүрміз. Бізге қашан дұрыс жол салынады?» деп жергілікті атқарушы билікке базынасын айтып келген «Бурыл» тұрғын алабы тұрғындарының да мәселесі оңынан шешіле бастады.

Жөндеу жұмысы жалғасады

Бақытжан Орынбеков қала әкімі қызметіне тағайын­дал­ғаннан кейін БАҚ өкілдерімен өткен кездесуде «Бурыл» тұрғын алабындағы тұрғындардың тіле­гіне назар аударатынын, бірін­ші кезекте жол салу мәсе­лесін қол­ға алатынын айтып, уәде берген еді. Қала басшысы серті­нен тайған жоқ.

«Облыс орталығындағы то­зы­ғы жеткен көшелердің жолын қалпына келтіруге барынша назар аударып отырмыз. Өйт­кені тұрғындар бірінші кезекте жол мәселесін алға тартатыны бесенеден белгілі. Кейін­гі жылдары жалпы ұзындығы 87,5 шақырымды құрайтын 145 көшеге асфальт жабындысы тө­селді. Жалпы алғанда, Тараз қаласында 1445 көше бар еке­нін айта кеткен жөн. Оның ішін­де асфальты бар көшенің саны 902-ні құрап отырса, шағал тасжолдар саны – 543. Өткен жылы жол мәселесін шешу үшін қазынадан 3,6 млрд теңге қарастырылды. Бөлінген қаржы есебінен жоғарыда айтқан 145 көшеден бөлек, Саңырық батыр, Шостакович көшелері қайта жаңғыртудан өткізілді. Жалпы, қала көшелерінің жолын жөндеу жұмыстары ілкі сәтке де саябырсымақ емес», дейді Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков.

Расында, соңғы уақытта қа­ладағы біраз көшенің жолы жөнделді. Жергілікті атқарушы билік бірінші кезекте халық тығыз орналасқан көшелердің жолын қалпына келтіруге баса назар аударып отырғанын айта кеткен жөн. Қолға алынған ауқымды жұмыстардың нәти­же­сінде қанағаттанарлық жағ­дайдағы жолдың үлесі 61 па­йыздан 65 пайызға дейін артып отыр.

ке

«Осы жылы жалпы ұзын­дығы 68,6 шақырымды құрайтын ­­118 көшені және 18 шақырым­­­­­дық ­­7 жаяу жүргінші жолын ­­ор­та­­­­ша жөндеуден өт­кі­зіп жа­тыр­­мыз. Одан бө­лек, «Ком­му­наль­­ник», «Лето», «Ветеран», «Хи­мик», «Юби­лейный», «По­беда» алап­тарындағы жал­­пы ұзын­дығы 73,8 шақы­рым­ды құ­райтын 165 көшедегі шағал жол орташа жөндеуден өткі­зіл­мек. Қолға алған осы жұмыс­ты дер кезінде орын­даған соң қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 65 пайыздан 70 пайызға дейін артады», дейді қала басшысы.

«Бурыл» және «Барысхан» тұрғын алаптарына қоныстан­ған халықтың саны жыл өткен сайын артып келеді. Сондықтан да мұндағы көшелердің жолын қалпына келтірудің маңызы зор. «Бурыл» тұрғын алабында былтыр басталған ауқымды жұмыс осы жылы да сәтімен жалғасып жатқанын айта кеткен ләзім.

«Расында, «Бурыл А, Б, В» және «Барысхан» тұрғын ала­бының халқы үшін сапалы жол ұзақ жылдар бойы өзек­ті мәселе болып келді. Ілге­ріде жер­гілікті жұрт бірінші кезекте жол мәселесін алға тар­татын. Кейінгі жылдары ха­лықтың көкейкесті проблема­сын шешуге басым­дық бе­ріп, жұмысты жүйеледік. Қазір­гі кезде «Бурыл» және «Барыс­хан» тұрғын алабын­дағы көше­лерде жұмыс жүйелі түрде жүр­гізіліп жатыр. Өт­кен жылы «Бурылдағы» 75 көше­нің 13-ін асфальттасақ, биыл қал­ған көшелерге толықтай асфальт жа­бындысының бірінші қа­ба­ты төселді. Ал «Барысхандағы»­ ­8 кө­шеге осы жылы асфальт жабын­дысын төсеу жоспарлан­ған. Сондай-ақ биыл қала көше­лері мен шағын аудандардың ішкі жолдарын жөндеу жұмыста­ры­на жергілікті бюджеттен 900 млн теңге қарастырылды. Кон­курс нәтижесі бойынша жеңімпаз мердігерлермен келісімшарт жасалып, қазіргі таңда тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр», деді Б.Орынбеков.

Қала жұртын алаңдатқан ­басты мәселенің тағы бірі – кә­різ суы кешені. Қазіргі кезге де­йін кәріз суы қала маңын­дағы, Жамбыл ауданы аумағындағы сүзгі алаңдарына құйылып жа­тыр. Мұндағы алаңдар ай­тар­лықтай деңгейде толды. Сал­дарынан жерасты суының лас­тану қаупі төніп тұрғаны сөзсіз. Жергілікті атқарушы билік тұрғындар тілегін назардан тыс қалдырған жоқ. Кешен салу мәселесін шешуге қолдан келгенше тырысып жатыр. Әри­не, бұл кешенді салу жұмысы бір жылда аяқтала салмайтыны анық.

«Тараз қаласында кәріз су­лары кешенін салу уақыт күт­­тірмейтін үлкен мәселе еке­ніне ешкімнің таласы жоқ. Кө­кейкесті проблеманы бәріміз бес саусағымыздай жақсы бі­ле­міз. Дәл қазір кәріз сулары көршілес Жамбыл ауданында орналасқан 217 гектар аумақтағы сүзгі алаңдарына құ­йылып жатқанынан хабардарсыздар. Сүзгі алаңдары шамадан тыс артық толғандықтан, Аса өзені мен жерасты суларының ластану қаупі бар екенін жоққа шығармаймыз.

Жұрт көкейіндегі өзекті мәселе біздің де назарымыздан тыс қалған емес. Тараз қаласының кәріз суларын тазарту кешенінің құрылысын салу бойынша «Жол картасы» әзірленгенін айта кеткен ләзім. «Жол картасына» сәй­кес, «Еуропалық Қайта Құру» және «Даму» банкінен тиісті грант бөлініп, техникалық-эко­номикалық негіздеме уақ­тылы дайындалды. Қазіргі кез­де аталған техникалық-эко­номикалық негіздеме мемле­кеттік сараптамадан өткізіліп жатыр.

Жоғарыда айтқан жұмыс аяқталғаннан кейін салалық және экономикалық сараптама жүргізіліп, мердігерді анықтау бойынша халықаралық конкурс өткізіледі. Құрылыс жұмыстары 2025-2027 жылдарға жоспарланды», деді Б. Орынбеков.

Облыс орталығы Тараз қала­сында жергілікті халықты жұ­мыспен қамту іс-шаралары да жос­парға сәйкес жүргізіліп жат­қанын айта кеткен жөн. Жер­гілікті атқарушы билік келтір­ген дерекке жүгінсек, осы жылы 21 035 тұрғынды жұмысқа орналастыру жоспарланса, қазіргі кезге дейін 12 250 жұмыс орны ашылыпты. Өткен жылдың есеп­ті мерзімімен салыстырсақ, жұ­мыссыздық деңгейі 4,9 па­йызды құрап отыр. Бұл былтырғы көр­сеткіштен 0,8 пайызға төмен.

 

Тараз