Суретті түсірген – автор
Кездесуге Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары – Президент әкімшілігі ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов, қалалық мәслихат депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, этномәдени бірлестіктердің өкілдері мен «Ассамблея жастары» ұйымының белсенділері қатысты.
Іс-шараны ашқан М.Әзілханов Жолдауда айтылған міндеттердің жүйелі жүзеге асуына бір шаңырақ астына жиналған тату ұйым ретінде ассамблея айшықты үлес қосуы керек екенін айтты. Татулық пен тұрақтылық, рухани даму біздің басты бағдарымыз деген ол Жолдауда айтылған бірқатар бағытқа тоқталды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауында ел дамуына серпін беретін негізгі салаларды дамытудың маңызды қадамдарын атады. Лайықты нәтижеге қол жеткізу үшін кәсібилік пен адалдық басты құндылық екенін баса айтты. Алдағы 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланып, кәсіби білім жүйесін реформалауға қатысты бастама көтерілді. Президенттің жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттайтынын айтқаны – миллиондаған қарапайым еңбек адамдарына бағытталған үлкен құрмет. Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен азаматтардың қоғамдағы мәртебесін көтеру – орынды іс. Барша ҚХА мүшелері Отанымыздың өркен жаюына еңбек етуіміз керек, – деді М.Әзілханов.
Жолдауда айтылған тақырыптарға жекелей тоқталған этномәдени бірлестіктердің жетекшілері де ойын ортаға салды. «Барбанг» күрдтер қауымдастығы Алматы филиалының жетекшісі Анвар Надировтің сөзінше, дәстүрлі Жолдау елдегі экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған бастамалармен қатар, заң мен тәртіп саласына үлкен жауапкершілік жүктеп отыр.
– Президент кейінгі жылдары ауыл шаруашылығына көп көлемде қаржы бөлініп жатқанын айтып, елде 2 млн ірі қара мал мен 3 млн уақ мал санда бар да санатта жоқ болып анықталды деп саладағы шикілікті атап көрсетті. Мал шаруашылығы маманы болғаннан кейін, осындай шикіліктің Президент назарына іліккені олқылықтың орнын толтырады деп үміттенемін. Сондықтан бұл Жолдауды жаңа мүмкіндіктер мен болашаққа деген сенімнің көрінісі деп қабылдауға болады. Әрқайсысымыз ел дамуына үлес қосу мақсатында Жолдауда қамтылған бастамаларды қолдап, өз саламыз бойынша міндеттердің орындалуына үлес қосуымыз қажет. Әлеуметтік-экономикалық даму, қоғамда болып жатқан түрлі өзгерістер елді өркендетуге негізделген ілгері қадам деп есептеймін, – дейді А.Надиров.
Кездесуде қоғамда қызу талқыланып жатқан атом электр стансасын салу мәселесі де талқылаудан тыс қалмады. Ел аумағындағы ірілі-ұсақ стансалардың қуат-көзі қажетті сұранысты қамтуға қауқарсыз деген бірқатар сарапшы мәселеге сауатты көзбен үңілуіміз қажет деп пікір білдірді.
– Атом электр стансасын салу мәселесі – қоғамда үлкен сұраныспен талқыланып жатқан тақырып. Президент Жолдауында бұл жіті айтылып, халықтық референдум негізінде шешім қабылданатын болды. Өз басым бұл бастаманы қолдаймын. Неге десек, дамыған мемлекеттер бұл бағытта әлдеқашан оңтайлы қадамға барған. Біз де сол көшке ілесуіміз керек. Өндірісімізді өркендетіп, экономикалық қуатымызды арттыру үшін энергетикалық тәуелділік мәселесін түбегейлі шешіп алғанымыз жөн. Энергия тек өндіріске ғана емес, қоғам өміріндегі барлық саланың дамуы, біздің сапалы өмір сүруіміз үшін қажет. Кәсіпкер ретінде Бельгия, АҚШ, Еуропа елдерін жиі аралаймын. Мұндай стансалардың талайын өз көзіммен көрдім. Орынсыз фобиядан арылып, нақты қадам жасайық дер едім. Энергия тапшылығының реттелуі шетелдік инвесторларды көптеп тартуға, халықты тұрақты жұмыс орнымен қамтуға, энергия қорын көбейтуге жол ашады. Техникалық талаптар ескеріліп, жоба сала ғалымдарымен кеңесе жүзеге асса игі – деп атап өтті Қазақстан ұйғырлары этномәдени бірлестігінің төрағасы Абдулхалил Долкунтай.
АЛМАТЫ