27 Қаңтар, 2015

Құлдыраған мұнай бағасы

662 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Ол жұмыс орындарына қауіпті емес КачалкаІрі елдер арасындағы геосаяси мүдделерден туындаған текетірестер мен мұнай бағасының әлемдік деңгейде құлдырауы қарапайым халықты біраз алаңдаушылыққа алып келген болатын. Әсіресе, мұнайлы Маңғыстауда «мұнай мекемелерінде қысқартулар жүреді екен» немесе «мұнай бағасының төмендеуіне байланысты мұнайшылардың да айлық жалақысы азаятын болыпты» деген әңгімелер қылаң бере бастаған еді. Алайда, Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі ұсынған ақпар өлкедегі аталмыш саладағы алдын алу шараларының барысынан хабардар етті. Айтуынша, Маңғыстау облысындағы ірі мұнай өндіруші компаниялар өз жұмысшылары алдындағы әлеуметтік міндеттемелерін орындайтындықтарын нақтылай түскен. Қаңтардың 15-і күні Маңғыстау облысының әкімі А.Айдарбаев өңірдегі ірі мұнай және газ өндіруші компаниялар бас­шыларымен кездесіп, мұнай баға­сының төмендеуіне байланысты алдағы уа­қытта еңбек ұжымдарындағы әлеуметтік тұрақ­тылықты сақтау мәсе­лесін талқылады. Өткен жылдың басынан бастап әлемдік нарықта мұнай бағасының төмендеуі байқалғандығын, қазіргі таңда барреліне 46 доллар болып тұр­ғандығын, оның аймақтағы мұ­най өндіруші кәсіпорындардың қаржылық-шаруашылық ахуалында көрініс бергендігін айтқан А.Айдарбаев қазіргі таңдағы ең өзекті мәселе об­лыстағы кәсіпорындар қызметінің тұрақтылығын ұстап қалу екендігін назарға берді. – Алдымен жұмыс орындарын сақтап, жалақының төмендеуі мен жұмыс орындарының қысқаруына жол бермеу керек. Біз биыл және алдағы жылы барлық кәсіпорындарда әртүрлі жағдайларда тұрақтылықты, жұмыс орындарын сақтау үшін қажетті тиісті шараларды қамтамасыз етуге тиіспіз. Бұл кәсіпорын басшылары мен кәсіподақ ұйымдары төрағаларының алдында тұрған міндет. Біз өңір тұрғындарының әлеуметтік ахуалының нашарлауына жол бермеу үшін барлық мүмкіндіктерді қарастыруымыз қажет, – деді ол. Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ш.Ильмуханбетова еліміздің және Маңғыстау облысының келешек­тегі экономикалық саясатының не­гіз­гі бағыттары туралы хабардар ет­­се, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ, «Өзен­мұнайгаз» АҚ, «Қаражан­басмұнай» АҚ және «Бузачи­Оперейтинг ЛТД» компаниясы филиалы басшылары 2015 жылға арналған өндірістік жоспарлары туралы баяндады. А.Айдарбаев Маңғыстау облысы әкімдігі мен Маңғыстау облыстық кәсіподақтар кеңесі, Маңғыстау облыстық Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және кәсіпорындар басшылары арасында әріптестік меморандумына қысқа мерзімде қол қоюға ұсыныс білдірді. Құжатта кәсіпорындардың еңбек ұжымдарында тұрақтылықты қамтамасыз ету, оның ішінде жұмыс орындарын сақтау және қызметкерлерді негізсіз жаппай жұмыстан босатудың алдын алу, тараптардың келісілген шараларды Қазақстан заңнамаларына сай жүзеге асыру арқылы әлеуметтік салдарды барынша азайту жұмыстары айқын жазылған. Меморандуммен танысудан соң тараптар оған 20 қаңтарда қол қояды деп күтілуде. Әрине, қаржы-экономикалық тұрғыдағы әлемдік ахуалдың, халық­аралық жағдайдың қалай болмасын өзге елдерге өзіндік әсері болмай тұрмайтыны белгілі. Алып елдердің өзінің салы суға кеткендей әуре-сарсаңға түскен кезеңде біз ішкі тұрақтылықты сақтап қала алсақ – ол үлкен мерей. Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».   Маңғыстау облысы.