Бизнес Форумға әлемнің 12 елінен: АҚШ, Аустрия, Жапония, Иран, Қырғызстан, Қытай, Малайзия, Моңғолия, Оңтүстік Корея, Өзбекстан, Ресей, Түркиядан 50-ден астам қандас кәсіпкер арнайы келді. Жалпы Қазақстандағы кәсіпкерлерді қоса алғанда шараға 200-ге жуық қатысушы жиналған. Форумда шетелдегі және Қазақстандағы бизнес қауымдастық өкілдері бірлесе жұмыс істеу және тәжірибе алмасу мәселесін ортаға салды.
Шара барысында қандастарымызға Қазақстанның экономикалық бағдарламалары мен инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылып, шетелдік кәсіпкерлерге заңнамалық қолдау көрсетілетіні айтылды.
Форум барысында қатысушылардың бастамасымен «Шетелдегі және Қазақстандағы отандас кәсіпкерлердің Кеңесін» құру ұсынылды. Бұл кеңес шетелдегі этникалық қазақтардың бизнес белсенділігін арттыру және олардың мәдени-гуманитарлық құндылықтарын сақтап қалу мақсатында жұмыс істемек.