Соңғы кездері әлемдік баспасөз беттерінде Еуропада орын алып отырған дағдарыс нәтижелері туралы әртүрлі пікірлер білдірілуде. Жалпылай алғанда, ол пікірлерді қайшылықты деп бағалауға болады. Мұны бұқаралық ақпарат құралдарының беттерінде жарияланып жатқан жаңалықтар мен қоғамдық көңіл-күйдің әрі-сәрілігі қуаттай түседі.
Сарапшылардың бірқатары қазіргі сәл-пәл алға басушылықты көп ұзаққа созылмайтын үдеріске балап отыр. Олардың пікірінше, жағдайды түзету үшін жүйелі шаралар қажет. Сондай-ақ, Еуропалық одаққа кіретін елдер жағдайында да әркелкіліктің басым екендігі көзге ұрынып көрінетіндей. Мұны төменде беріліп отырған хабарлардан да аңғаруға болады.
Грекия: білім мен денсаулық сақтау салалары сауықтыруды қажет етеді
Білім беру мен денсаулық сақтау – кез келген қоғамның басты мәселесі. Грекияда бұл салалардағы проблемалар бұрыннан да байқалған болатын. Алайда, 2008 жылы басталып кеткен борыш дағдарысы осы жағдайды одан әрі ушықтыра түсті.
Бүгінгі күні мұғалімдер мен оқушылар, ата-аналар білім беру саласының елдегі ішкі саясаттың басты бағыты болудан қалғандығын әбден мойындап отыр. Қатаң үнемдеу шаралары оған бөлінетін мемлекеттік шығындарды айтарлықтай азайтып жіберді. Дағдарыс басталғаннан бері мұғалімдердің жалақысы төрттің бір ширегіне дейін қысқарып кетті.
Никос пен Мария – жоғары сыныптарға сабақ береді. Олардың өздерінің төрт баласы бар. «Біз секілді көп балалы отбасылар тапқан еңбекақыларын айдың аяғына дейін зорға жеткізеді. Өйткені, мұғалімдердің жағдайы бұрынғыға қарағанда, әлдеқайда ауырлап кетті ғой. Олардың қайсыбірі ендігі уақытта штаттан тыс жағдайда жұмыс істеуге мәжбүр болып жүр», дейді Никос.
«Бүгінгі Грекияда оқытушылықпен айналысу үшін ең алдымен энтузиаст болу қажет. Өйткені, алдағы күнге бірдеме өзгереді-ау дегендей сеніммен қарамасақ, қазіргі жағдайда жұмыс істеу өте ауырлап барады. Әрине, біздің мақсатымыз – балаларға білім беру. Осының қоғамға пайдалы іс екендігінің өзінен қуат алып отырмыз. Ата-аналар да өз тараптарынан балаларының дұрыс білім алғандығын қалайды. Осы жағдай бізді алға сүйреп келеді», дейді Мария.
Әзірге Никос пен Мария өз қызметтерін сәтті жалғастырып келе жатқандар қатарында. Ал төлемақысыз еңбек демалысына шығарылған мұғалімдердің жағдайы бұдан да қиындай түскен секілді.
«Жалпы, ондай жағдай да менің басымнан өткен. Мен мектепте суреттен сабақ берген кезімде жұмыстан қысқарып бір жарым жылдай үйде отырып қалдым. Сол кезде қатты қиналдым. Ең бастысы, босқа өтіп жатқан уақытыма жаным ашыды. Сонан кейін үй жұмыстарымен белсенді түрде шұғылдана бастадым. Тамақ әзірледім. Салоникиде оқитын қызыма азық-түліктен сәлем-сауқат жіберіп тұрдым. Ұлыма көмектестім. Сөйтіп, қол бостықтан туындайтын күйзелісті жағдайдан аман қалдым. Ақырында мені мектеп қайтадан жұмысқа шақырды», дейді Никос.
Ол өзінің бос отырған кезінде Грекиядағы білім беру саласының болашағы туралы көп ойланғандығын айтады. Оның пікірінше, саясаткерлердің бұл проблемаға ұзақ мерзімді көзқарасы әлі күнге дейін қалыптаса қойған жоқ.
Димитрис – университет студенті. Ол Еуропалық одақ елдері арасында Грекия басшылығының білім беру саласына көп көңіл бөлмейтіндігін айтып шағынады. «Сондықтан да біз үкімет басына жаңа биліктің келгендігін қалаймыз», дейді ол.
Димитристің сөзінің де жөні бар секілді. Грекия дағдарысқа кіргеннен бері білім саласын қаржыландыруды барған сайын төмендетіп келеді. Қазіргі күні бұл ел білім саласына ішкі жалпы өнімнің 4 пайызын ғана жұмсайды. Ал Еуропалық одақтағы орта көрсеткіш 5,26 пайыз болып отыр.
Енді денсаулық сақтау саласына келетін болсақ, бұл салалардағы олқылықтарды Грекияның барлық азаматтары айқын сезініп отыр деп айтуға болады. Әсіресе, тұрмыстық жағынан көп қорғалынбаған азаматтарға қиын тиюде.
«Денсаулық сақтау саласында жағдай әбден ушығып тұр. Жақсы дәрігерді табу өте қиын. Дәрілер мен дәрігерлік қызмет барған сайын қымбаттап барады. Ал олардың қызметтерінің сапасы төмендей түсуде. Сондықтан да кейде дәрі сатып алу үшін наннан да бас тартуға тура келеді», дейді афиналық зейнеткер.
Денсаулық сақтау саласына бюджеттен бөлінетін шығындар да жыл өткен сайын төмендеп келеді. Егер 2012 жылы бұл көрсеткіш 5 миллиард 280 миллион еуроны құраса, 2015 жылдың бюджетінен бар болғаны 4 миллиард 220 миллион еуро қарастырылып отыр.
Елдегі жұмыссыздық бұл мәселені одан әрі ушықтыра түскендей. Өйткені, Грекияда медициналық сақтандыру жұмыс орны бойынша ғана жүзеге асырылады.
«Медициналық сақтандыру біздің елімізде сіздің жұмысыңыздың бары мен жоғына қатысты, дағдарыстың алғашқы жылдарындағы жұмыс орындарының жаппай қысқаруы елдегі 2 миллионға жуық адамды әлеуметтік қорғаусыз қалдырып отыр», дейді афиналық дәрігер.
Медицина саласындағы жұмыс орындарының қысқаруы өз алдына, сонымен қатар, дәрігерлердің жалақысы да азайтылуда. Бұл жалпы бюджет арқылы қаржыландыратын барлық салаларға қатысты болып отыр. Сондықтан Грекияның мыңдаған мықты деген мамандары соңғы жылдары Еуропаның басқа елдерінен жұмыс қарастыруда.
«Соңғы алты жылда жеті жарым мыңнан астам Жоғарғы медициналық кеңестің мүшелері шетелдерден жұмыс тауып отыр. Олар көбінесе Ұлыбритания мен Германияға және басқа да скандинавиялық елдерге барып қызмет істеуде», дейді жоғарыдағы дәрігер.
Денсаулық сақтау мен білім беру саласындағы жағдайдың ушығуы Грекиядағылардың барлығын ойландыруда. Қоғамдағы көңіл-күй саясат саласына да үлкен әсер етуде. Білім беру мен денсаулық сақтау саласы бұрынғы кездегідей елдің басты басымдықтарының біріне айналуы керек. Осыны әркім түсініп отыр. Бірақ қаржыға келгенде осы түсінушіліктердің өзі түкке де аспай қайтадан сейіліп сала беретін секілді.
Эстониялық топ-менеджерлердің экономикалық оптимизмі құлдырай түсуде
«Зерттеу деректері көрсеткеніндей, Эстониядағы топ-менеджерлердің экономикалық оптимизмі соңғы жылдары едәуір төмендей түсті. Қазір бұл көрсеткіш Скандинавия елдеріндегі топ-менеджерлерінің көңіл-күйімен теңесті», деп мәлімдеді жуықта эстон теледидары арқылы PricewaterhouseCoopers (PwC) Eesti аудиторлық компаниясының басшысы Аго Вилу.
Давос қаласында жуықта ғана болып өткен әлемдік экономикалық форумда PwC әлемдегі топ-менеджерлердің көңіл-күйіне жасалатын зерттеулерінің кезекті қорытындысын шығарған болатын. Бұл зерттеулер 180-нен астам елде жүргізілген. Қазіргі экономикалық жағдайға байланысты өздерінің пікірлері мен бағаларын 1300-ге жуық топ-менеджерлер білдірген.
Зерттеу жалпы топ-менеджерлердің көңіл-күйі былтырғы деңгейде қалғандығын көрсетті. Компаниялары өткен жылды табыспен қорытындылаған топ-менеджерлер саны да былтырғы жылғы деңгеймен шамалас шыққан.
«Егер жалпы картина былтырғы деңгеймен шамалас деп бағаласақ, ал әрбір елдегі нақты жағдайға келгенде көрсеткіштердің неғұрлым құбыла түскендігін байқаймыз. Мәселен, АҚШ-тағы оптимизм деңгейі бұрынғымен салыстырғанда, едәуір арта түссе, Ұлыбритания мен Батыс Еуропада аздап қана алға басушылық сезіледі. Ал енді осының алдында ғана экономикалық жұлдыздарға айналған кейбір елдерде экономикалық оптимизмнің деңгейі құлдырай бастапты. Осындай тұжырымды ірі экономикалардың бірі Қытайға қатысты да қолдануға болады. Топ-менеджерлердің көңіл-күйі әсіресе, Эстонияда төмендеп кеткені байқалады», дейді Аго Вилу форумда жасаған есебінде.
Аго Вилу бұл ретте Эстония топ-менеджерлерінің көңіл-күйіне бекерден-бекер назар аударып отырмаған секілді. Егер осыдан бір жыл бұрын ғана Эстониядағы топ-менеджерлердің 41 пайызы өздері басқаратын кәсіпорындардың айналым қаржысы арта түсетіндігіне сенімді болса, қазіргі күні бұл көрсеткіш 25 пайыздың айналасында ғана болып отыр. Яғни, көңіл-күйдің көп құлдырағандығы сезіледі.
«Бір кездері Эстония топ-менеджерлері өздерінің шарықтау сәттерін бастан кешірген болатын. Сол кезде мұндағы көңіл-күй көрсеткіші көп жоғарылап кеткен еді. Енді ол Скандинавия елдерінің, атап айтқанда, Финляндия және Швециямен теңесіп отыр. Демек, қазіргі кез үшін мұның өзі сонша бір жаман көрсеткіш те емес», деп жұбатты жиналғандарды Аго Вилу.
Тұрғын үйлер қымбаттай бастады
Латвияда өткен жылдың үшінші тоқсанында тұрғын үй бағалары 2013 жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 11,7 пайызға өскен.
«Бұл – жалпы Еуропалық одақ елдері бойынша үшінші көрсеткіш», деп мәлімдеді Eurostat бюросының статистикалық мәліметтеріне сүйене келе осы жағдайға талдау жасаған LETA агенттігі.
Агенттіктің келтірген деректері бойынша Ұлыбританияда да тұрғын үйлер 11,7 пайызға қымбаттапты.
Ал тұрғын үй бағасының жыл ішіндегі ең шарықтауы Ирландияда байқалған. Мұндағы өсім көрсеткіші 15 пайызды құраған. Эстонияда ол – 13,2, Швецияда 10,3 пайызды құраса, Литвада 10,1 пайыз болған.
Агенттіктің келтірген деректері бойынша, жыл ішіндегі тұрғын үй бағасының ең көп құлдырауы Словенияда байқалып отыр. Мұнда баға төмендеуі 5,4 пайыз болған. Италияда тұрғын үй бағасы 3,8 пайыз төмендесе, Румыниядағы төмендеу көрсеткіші – 2,3 пайыз.
Сонымен бүтіндей алғанда, Еуропалық одақ елдерінде тұрғын үй бағалары 2013 жылдың үшінші тоқсанымен салыстырғанда 2,3 пайызға өсе түскен. Ал Еуроаймақ елдерінде ол өсім 0,5 пайыз көрсеткішті құраған.
Еуропалық орталық банк жаңа ынталандыру шараларына кірісті
Бұдан бұрын күтілгеніндей, Еуропалық орталық банк жаңа ынталандыру шараларын қолға алғандығын мәлімдеді. Банктің жоспары бойынша Еуропалық одақ елдерінің қарыздары 550 миллиард еуро көлемінде сатып алынбақ. Осыған байланысты бірқатар сарапшылар өздерінің пікірлерін білдіруде.
Олардың пікірінше, орталық банктің басшысы Марио Драги осы шараны қолға алу арқылы инвесторларды еуропалық елдердің облигациялары мен банктердің активтерін ашық сауда арқылы сатып алу қажеттігіне түбегейлі сендіргісі келеді. Осы ретте Bioomberg сауалдамасына тартылған экономистердің басым бөлігі банктің негізінен алғанда мемлекеттік облигацияларды сатып алатындығын атап көрсеткен. Spiegel журналының деректері бойынша, облигациялар еуроаймақтағы елдер экономикасының көлеміне сәйкес сатып алынатын болады. Сатып алудың басым бөлігі (18 пайызы) неміс қарыздарына, 14 пайызы француздарға, 12 пайызы испандарға, 9 пайызы италиялықтарға тиесілі. Басқа қалған елдерде бұл көрсеткіш 5 пайызды құрайтын болады.
Алдын-ала мәлім болғанындай, сатып алу көлемі әрбір ел қарызының төрттен бір бөлігінен аспауы тиіс.
Грекия бағалы қағаздары бұл бағдарламаға қатыстырылмайды. Себебі, олар қойылған талапқа сәйкес келмейді.
Еуропалық орталық банктің бағдарламасы бойынша елдердің ұлттық банктері болуы мүмкін шығындардың кем дегенде тең жарымын өз мойындарына алуға тиіс, деп хабарлаған неміс баспасөзі.
Financial Times газетінің есептеуінше, еуроаймақ елдерінің айналымда жүрген кірістілігі жоқ керісінше, шығынды саналатын бағалы қағаздардың көлемі бүгінгі күні рекордтық көрсеткішке жетіп, 1,2 триллион еуроны құрап отыр. Осыған байланысты сарапшылар пікірінше, еуроның долларға қатысты бағамы төмендей түсетін болады.
Еуропалық банк аталған шешімді қабылдау сәтінде еуроның бағамы 11 жылдық төменгі көрсеткішті көрсетіп, 1 еуроның құны 1 доллар 15 центті құраған.
Дайындаған
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан».