Бұл оқу-жаттығу алғаш рет кешенді сабақтармен бірге екіжақты форматта өткізілді. Іс-шаралар әскери басқару органдарының үйлесімділігін жетілдіруге, әскерлердің далалық дағдыларын арттыруға және штабтар мен командирлердің әскерді ұдайы басқарудағы практикалық дағдыларын дамытуға бағытталған. Оған «Шығыс», «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылықтарының бөлімшелері және Қарулы күштер Құрлық әскерлеріне тікелей бағынатын әскери бөлімдер тартылды.
– Ахуалдың құбылмалы жағдайында артиллерия, авиация, ӘШҚҚ және радиоэлектрондық күрес құралдарының көмегімен түрлі әскер тегі мен әскерлердің өзара іс-қимыл мәселелері сапалы пысықталды. Атысты реттеу, жергілікті маневрлер және позицияларды жылдам өзгерту жоғары деңгейде орындалды. Әрбір әскери қызметші барынша әскери тәртіпке сай, жедел және қиын жағдайда міндеттерді орындауға дайын екенін көрсетті, – деді Бас штаб бастығы – Қарулы күштері Құрлық әскерлері бас қолбасшысының бірінші орынбасары генерал-майор Мереке Көшекбаев.
Оқу-жаттығуға барлығы 3 мыңнан аса әскери қызметші және 800-ден аса қару-жарақ пен әскери техника жұмылдырылды. Оқу-жаттығудың діттеген мақсаттарына қол жеткізілді. Жеке құрам дайындық деңгейінің жоғары екенін көрсетті.