27 Қаңтар, 2015

Темір тұлпар

851 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

12-04-2013 028

шығаратын зауыт конвейерінде толас жоқ

«АгромашХолдинг» зауы­тының алып цехтары өндіріс алаңы­нан гөрі көрерменін күтіп отырған көрмеге көбірек ұқсайды. Жұмысы темірмен, техникамен байланысты цехтардың шыбын тайып жығылатын тазалығын екінің бірі көзге елестете алмас еді. «СарыАрқаАвтоПром» зауы­тының жапондық Toyoto Fortuner және оңтүстіккореялық Ssang Yong Nomad жүрдек машина­ларын құрастырып жатқан айналасы атшаптырым цехын ара­лаған кісі оның қуаттылығын әсем­дікке бағалайды. Бірдей көк түсті жұмыс киімін киіп алған жұмысшы жігіттердің қолы іске жаттығып, машина құ­рас­тырудың қыр-сырын үйреніп қалғаны байқалады. Техни­ка­дан ауылы алыс адамға не екені белгісіз, бұрандалы темірлер желінің аяғына келгенде жұтынған темір тұлпар болып шығады. Оны тексеріп, қабылдап алатын цех шебері Ұланбек Сәрсенов екі жылдың ішінде өзі­нің біліктілігін де, қызметін де өсірді. Құрастыру цехының бас­тығы Роман Глущенко маман-жұмысшылар қаңқасын құрап алмай, әлемдік брендті сапқа қоюды меңгере алмайтынын сезді. Алғашқы айларда цехқа жұмысқа келгендер тұрақтамады. Өйткені, конвейердегі жұмысты игеру оңай емес. Роман мен Ұлан­бектің екеуі де Оңтүстік Корея­дағы конвейерде жұмыс істеу­ді үйреніп, шетелдік машина­лар­ды құрастырудың бүге-шіге­сін қалдырмай үйренген жігіт­тер. Енді олар қостанайлық жұ­мыс­шыларды үйретуде. Біз қазір керекті жұмысшы­ларымызды жасақтап алдық. Барлығы да осы іске жүрек қалауымен келген жігіттер. Олардың біразы Қостанайдағы автомобиль жолдары колледжін бітірген, біразы техника жөндеу орындарынан келген. Ең бастысы, машина құрастыру ісіне ынтызар, дейді цех шебері Ұланбек Сәрсенов. Оның өзі де осы іске ынтызардың бірі. Жасынан техникаға әуес болып өскен ол әскери борышын өтеген соң ешқайда бұрылмай, осында келіп бағын сынайды. Жұмысқа қабылданған оған қазір Қостанайдағы З.Алдамжар атындағы техникалық-әлеуметтік университетінен алған білімі де жақсы көмек болды. Жоғары білімінің арқасында компьютердің құлағында ойнайды, өте жетік. Ұланбек жұмысшыларын Тойото машинасының қасына жинады. Жапондық брендті сапқа қойған осы жігіттерді біз суретке түсіріп алдық. Цех шебері жарты жылдың ішінде жұмысты үйіріп алған жігіттері үшін кеудесін мақтаныш сезімі кернейтінін де жасырмады. Сержан Ахметовтен, Владимир Савичевтен, Нұрбол Ысқақовтан цех шеберінің үміті мол. Өте тиянақты жастар. Ал құрастыру цехының бастығы Роман Глущенко Ұланбектің мақтанышын толық қолдайды екен. Себебі, ол адам баласының істеген ісі талпынғанның қолынан келеді деп біледі. – Біздің «АгромашХолдингтің» өндіріс алаңы Оңтүстік Кореядағы бренд машиналар құрастырылып жатқан зауыт цехтарынан еш кем емес. Тіпті, артық дер едім. Өйткені, біріншіден, біздің цехтарымыз өте кең, биік, жарық. Жабдықтарының барлығы жаңа, сырдың иісі шығып тұр. Ал Оңтүстік Корея цехтары тарлау, жабдықтары да жаңа емес екені көрініп тұр. Ал біздің мамандар әлі-ақ олардың қатарына жетіп алады, – дейді Роман Васильевич. Бәрін айт та, бірін айт, Қостанайдағы «СарыАрқаАвтоПром» машина құрастыру зауыты Қазақстандағы осы саланың бірегей нысаны. Өйткені, машина жасау саласындағы өзге зауыттардағыдай емес, мұндағы жұмыстардың 40 пайызынан астамы қостанайлық мамандар мен жұ­мысшылардың қолынан өтеді. Алып цехта жұмыстар негізінен үлкен үш бөлікке бөлінеді. Алдымен машина қорабы бір цехта дәнекерленеді, екінші цехта арнайы жабдықтармен боялады, сосын барып ең күрделі жұмыс үлкен цехта басталады, құрастырылады. Ұланбектің жігіттері осы құрастыру ісінің әр тетігін жатқа біледі. Зергерлік жұмыстан артық-кемі жоқ. Жігіттердің күніне он екі машинаны сапқа қоюға шамалары жетеді. – Машинаны сапқа қойғаннан оны сынақтан өткізу үдерісі оңай емес. Алғашқы кезде машиналардың ақауы да шығып жүрді. Өйткені, ол кезде жігіттердің қолы әлі де жаттыға қоймаған уақыт қой. Ондай машиналарды қайта цехқа әкеліп, қате кеткен жерінің барлығын жұмысшылар мен мамандар талқылайтынбыз, қайта көрсететінбіз. Бір жағынан оларды мұндай жұмыс тәртібі пысыта түсті, – дейді Роман Глущенко. Қазір цехта ақаулы машиналар жөнінде сөз тіпті аз болады. Сонда да машина цехта да, сырттағы жолда да сынау үдерістерінен әбден тиянақты өткен соң ғана, сату салонына қойылады. Мысқалдай мін табылмауы тиіс. Қазақстандық Ssang Yong Nomad та, Toyoto Fortuner де жұтынып тұрады. «СарыАрқаАвтоПром» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне 2013 жылы Елбасының «Индустрияландыру көшбасшысы» санатындағы «Алтын сапа» сыйлығын алып берген осы цехтан шыққан қарлығаш Ssang Yong Nomad болатын. Ол Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне шығарылады. Ал Toyoto Fortuner алдымен қазақстандық нарықты қамтамасыз етуге бағытталған. Өткен жылы жазда Қостанайда құрастырылған Тойото машинасының тұсаукесері болғанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі келіп, әлемдік бренд қос тұлпардың қорабына өзінің қолтаңбасын қалдырды. Айналдырған бес жылдың ішінде Қазақстанда машина құрастыру ісінің орталығы болып үлгерген Қостанайдағы «АгромашХолдинг» зауытында машина құрастыру ісінің музейі ашылады деген болжам бар. Елбасының қолтаңбасы бар қос тұлпар сол музейдің басты жәдігері боларына сөз жоқ. Олар қазір сақтаулы тұр. Әрине, осы цехтың алғашқы басшылары, алғашқы мамандары мен жұмысшылары – Ұланбек пен Роман бастаған жігіттердің суреті де музейден орын алар бәлкім. Қазірде республикадағы машина шығару өндірісінің көлемінде Қостанай облысының үлесі 17 пайызды құрайды. «СарыарқаАвтоПром» зауыты 2014 жылдың көктемінен бастап 500-ге тарта Тойотоны сапқа қойды. Еліміз өндірісіндегі жаңа сала – машина құрастырудың көлемі 2010 жылдан 2013 жылға дейін 90 есе өскен. Мысалы, 2010 жылы 77 машина құрастырылса, 2013 жылы бұл сан 7 мыңнан асып кеткен. Алдағы уақытта жігіттердің қолы кәнігі зергердей машина құрастыру ісіне ептеле, үйрене түседі. Зауыт толық қуатына көшкенде жылына 3000 Тойотоны ұсынатын болады. Даланы жол таңдамайтын тұлпарлар кезеді. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан». ҚОСТАНАЙ.
Соңғы жаңалықтар