Жастар • 14 Қыркүйек, 2024

Жастар қоғамның ілгерілеуіне мүдделі

183 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Орталық референдум комис­сиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровтің инспек­циялық сапарлар барысында барған келесі өңірі Батыс Қазақстан облысы болды. Ол аймақтың 6 қазан күнгі республикалық референдумға дайындығын тексерді.

Жастар қоғамның ілгерілеуіне мүдделі

Сапар аясында ОРК төрағасы бірқатар учаскеде болып, дауыс беруге дайындық барысымен танысты. Учаскелерді жабдықтау және дауыс берушілер үшін қолайлы жағдай жасау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сапарға ОРК мүшесі Шавхат Өтемісов пен аппараттың жауапты қызметкерлері қатысты.

Аумақтық референдум комиссиялары төрағаларының, жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдары өкілдерінің қатысуымен өткен семинар-кеңесте өңірде азаматтардың тізімін нақтылау, референдумды материалдық-техникалық қамтамасыз ету, сайлау кезеңінде заңдылық пен құқықтық тәртіпті сақтау бойынша жұмыстар туралы баяндамалар тыңдалды, алдағы науқанның негізгі ерекшеліктері талқыланды.

Өңір бойынша 505 учаскелік комиссия жұмыс істейді, олардың құрамында 3 220 адам бар. Батыс Қазақстан облысында барлығы 449 251 сайлаушы тіркелген, оның 19 мыңнан астамы – мүгедектігі бар адамдар. Олар үшін дауыс беруге барлық жағдай жасалады, тұрғындарды әлеуметтік желілер, мессенджерлер арқылы ақпараттан­дыру ұйымдастырылады, арнайы онлайн-сервистер іске қосылады. 13 call-орталық ашылады, 109 қызметі де болады.

Кездесу барысында Нұрлан Әбдіров рес­пуб­ликалық референдум туралы заңнама­дағы жаңа­лық­тарды және осы науқанның ерекше­ліктерін түсіндірді, сондай-ақ комис­сиялардың барлық мүшесін үздіксіз және сапалы оқыту қажеттілігіне назар аударды.

ОРК төрағасы көктемгі су тасқыны кезінде су басу аймағында қалған референдум учаскелерінің жағдайына ерекше назар аударды. Осы мақсатта ол Теректі ауданының Подстепное аулына барды, онда №384 учаске су тасқынынан зардап шекті. Қазіргі уақытта мұнда қалпына келтіру жұ­мыс­тары аяқталды және референдум өткізуге үй-жай толығымен дайын.

Электоралды оқыту үдерісіне мониторинг жүргізу мақсатында ОРК басшысы Орал қаласының учаскелік комиссияларының төрағаларына арналған тренингке қатысып, сөз сөйледі. «Дауыс беру күні» тренингі­нің мақсаты – референдум күні жүзеге асырылатын рәсімдерді сапалы меңгеру, аза­мат­тар тізімімен, есептен шығару куәлік­­терімен, азаматтардың ауызша және жаз­баша өтініштерімен жұмыс істеудің прак­тикалық дағдыларын қолдану, қоғамдық бірлестіктер өкілдерімен қарым-қатынас жасау. Байқаушылар мен бұқаралық ақпарат құралдары үшін қажетті жағдай жасау­дың маңызы аталып өтті. Сайлау үдерісі­не қатысушылардың барлығы дауыс берген күні референдум учас­келерінде тәртіп ережелерін міндетті түрде сақтауын комиссия мүшелерінің қаперіне салды.

Қазақстанның инновациялық және телекоммуникациялық жүйе­лер универ­ситетінде референ­дум туралы заңнаманы білуге арналған Орал қаласының студенттік коман­да­ларының квиз-тренингі өтті. Тур­нир жастар тарапынан үлкен қызығу­шылық тудырып, олардың рефе­рендумды ұйымдастыру мен өткізу­дің құқықтық аспектілерінен қанша­лықты хабардар екенін көрсетті.

«Алдағы референдум – Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы төртінші референдум. Өздеріңіз білетіндей, бірінші және екінші референдум 1995 жылы, ал үшінші референдум 2022 жылдың 5 маусымында өтті. Осынау плебисциттерге жастар әрқашан белсенді қатысқаны қуантады. Бұл олардың ел тағдырына және болашағына әсер ету ниетін көрсетеді. Жастар – біздің болашағымыз ғана емес, қазіргі заманның белсенді күші. Олардың ұстанымы, энергиясы және өзгеруге деген талпынысы құрметке лайық. Жастардың референдумға қатысуы – тек дауыс беру ғана емес, бұл азаматтық жауапкершілік­тің көрінісі және өмірді жақсартуға деген ұмтылыс. «Қолдаймын» немесе «қарсы» – бұл әрқайсыңыздың пікіріңіз, алайда референдумда әркімнің дауыс беру міндеті», деді Н.Әбдіров.

Қалыптасқан дәстүр бойынша Тасқала ауданының Тасқала кентінде ОРК басшысы Ақжайық, Тасқала, Теректі және Бәйтерек аудандарының жастар өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында ОРК төрағасы жастарға 2022 жыл­ғы конституциялық реформа контексін­дегі елдің жаңартылған сайлау жү­йесінің ерекшеліктері, респуб­ликалық референдум туралы заң­намадағы жаңалықтар, сайлау сал­асындағы өзекті трендтер мен ха­лық­аралық тәжірибе туралы ай­тып, басқа елдердің сайлауына халық­аралық байқау аясында қаты­судан алған әсерімен бөлісті. Жас­тар өз кезегінде сайлау үдерісіне жаңа ақпараттық технологияларды ен­гізу, онлайн режімде дауыс беру, бай­­қау­шылардың тобын құру, әкім болу үшін кандидаттарға қойыла­тын та­лаптар туралы және басқа да мә­­се­лелерге қызығушылық танытты.

Соңында жастар электоралдық саланың өзекті мәселелері бойынша дәстүрлі онлайн-сауалнамаға белсенді қатысты. Өңірдегі барлық кездесуінде ОРК басшысы заңнаманы қатаң сақтау, жасырын дауыс беруді, сайлау үдерісі кезеңдерінің жариялылығы мен ашықтығын қамтамасыз ету қажеттілігіне ерекше назар аударғанын атап өткен жөн.