Қоғам • 14 Қыркүйек, 2024

Талапты жастардың тәжірибе алаңы

127 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Этностар тығыз орналасқан аймақтардағы ауыл жастарымен тіке­лей жұмыс істеу – маңызды мәселе. Оларға кәсіптік бағдар беру, жұмысқа орналастыру, креативті идеялардың жарыққа шы­ғуына ықпал ету – ел жастарын қолдауға бағытталған ілкімді жоба­лар санатында. Қазақстан халқы Ассамблеясына қарасты «Ассам­блея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің ұйытқы болуымен Алматы қаласында «Jastar Generation-2024» халық­аралық лагері өтіп, талапты жастар ортақ тәжірибе алмасу алаңында тоғысты.

Талапты жастардың тәжірибе алаңы

Осымен екінші мәрте шымыл­дығын түрген танымдық лагерь биыл халықаралық мәртебе алып отыр. Ел аймақтарынан, сондай-ақ Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан секілді бауырлас мемлекеттерден келген жүздеген жас үш күн қатарынан Алматы іргесіндегі «Арман дала» лагерінде бас қосып, уа­қытын тиімді өткізді. Жоба аясын­да қатысушылар әр салада же­тіс­тік­ке жеткен табыс­ты адамдар­мен пі­кір алмасып, бағдарлама қо­нақ­­тары кәсіби тәжірибелерімен бөлісті.

Іс-шара қонақтарының қата­рын­да Алматыдағы ЮНЕСКО ай­мақ­тық кеңсесінің директоры және Қазақстан, Қырғызстан, Тәжік­стан мен Түрікменстандағы ЮНЕСКО өкілі Әмір Пирич, Сид­ней Олимпиадасының чемпионы Ольга Шишигина, Париж Олим­пиадасының қола жүлде­гер­лері Александра Ле және Назым Қызай­бай, «Қазақ тілі» халықаралық қоға­мы­ның Президенті Рауан Кенже­ханұлы, тележүргізуші Амината Уэдраого, кәсіпкер Бейбіт Әлібеков қатарлы танымал адамдар бар.

Жобаның ресми ашылу салтанатын ашқан Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары – Президенті Әкімшілігі ҚХА хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов жастарға табыс тілеп, Президент көмекшісі Руслан Желдібайдың халықаралық жастар лагерінің қонақтарына жолдаған құттықтау хатын оқып берді. Еркін пікір алмасу форматында өткен кездесуде құрылым жетекшісі қатысушыларды үздіксіз ізде­ніс­­­терін тоқтатпауға шақырып, «Ассам­­блея жастары» тарапынан көп­теген ауқымды іс атқарылып жатқанын атап өтті.

«Адамды шырқау биікке жете­лейтін – білім мен еңбек. Осы жерге келген көпшілігіңіз – бірқатар табысқа, жетістікке жеткен азаматсыздар. Жастар бастамаларын дамыту, жастар ортасында қоғамдық келісім мен ұлттық бірегейлікті нығайтуда сіздерге үлкен жауапкер­шілік жүктеледі. Отанға деген сүйіс­пеншілікті, халық бірлігін бекем­деуді, Қазақстан халықтарына ортақ құрметпен қараудың үлгісін насихаттап келесіздер. Қазір еңбек етем, білім алам деген адамға жол ашық. Осы мүмкіндіктерді ұтымды пайдаланып, тек елімізде ғана емес, Орта Азия елдерінің жас­тарымен ортақ идеялар аясында ынтымақтасып, еліміздің беделін биіктетесіздер деп сенемін», деді М.Әзілханов.

«Ассамблея жастары» РҚБ төр­ағасы Тимур Джумурбаев, жас­тар­ды әлеуметтік қолдау, мем­ле­­кеттік тілді этносаралық тіл мәртебесінде да­мыту, қоршаған ортаны қорғау мен әскери патриот­­тық мәдениетті ілге­рілету бірлестік алға қойып отыр­ған негізгі міндет­тер­ге кіретінін мәлім­деді.

«Бүгінгі іс-шараға келген жас­тардың дені – ел аймақтарындағы жастар бірлестіктерінің жетек­шілері мен белсенді азаматтар. Сондай-ақ қатарымызға биыл көрші елдерден делегат жастар келіп отыр. Біз оларға еліміздің тарихын, бай мәдениетін, жастарымыздың ынтымақ-бірлігін паш етеміз. Бүгінде «Ассамблея жас­тары» қанатында 9 мыңнан аса жас көш­басшы бар. Олар – күнделікті қоғамдық жұмыстарға атсалысып, ел бірлігін нығайтуға үлес қосып жүрген мемлекетшіл жандар. Белсенділеріміз мемлекеттік қызмет құрылымдарында, мемле­кеттік институттарда, ғылым, мәде­ниет, экономика, бизнес, спорт секілді барлық жетекші салада бой көрсетіп жүр. Дәстүрлі лагерь­дің мақсаты – өңірдегі жастар про­б­ле­масына, олардың талап-тілек­теріне құлақ асу әрі бір мақсат­қа жұ­мылдыру. Бізге ортақ алаң ұсы­нып, іс-шараның әсем Алматыда өтуі­не мұрындық болған Алматы қала­сының әкімдігіне алғыс біл­діреміз», дейді Т.Джумурбаев.

Алматы қаласы қоғамдық даму басқармасының басшысы Айдар Есенбеков Алматы ел жастарының ең көп шоғыры орналасқан мегаполис екенін, шаһарда жастар санатындағы 700 мыңнан аса азамат еңбек етіп, білім алатынын, биылдың өзінде қалада жастарды қолдауға арналған 8 комьюнити орталық есік ашқанын атады.

Алматыдағы ЮНЕСКО аймақ­тық кеңсесінің директоры Әмір Пирич мәдениетаралық диалогті дамытуда жастарға үлкен сенім артылатынын айтып, Орталық Азия елдері жастарының мәдени ынтымақтастық орнатуы беделді ұйымның ғылыми және әлеуметтік жобаларына қолжетімділік тудыру­ға серпін беретінін жеткізді.

Жоба қатысушылары іс-шара аясында өткен шеберлік дәрістер мен мотивациялық кездесулер өздеріне шабыт сыйлағанын айтады. Ұйымдастырушылар алда­ғы уақытта дәстүрлі жобаның ауқы­мын кеңейтуді көздеп отыр.

 

АЛМАТЫ