Бұған дейін “Күлтегін” баспасынан он төрт кітаптан тұратын тәуелсіздік шежіресі жарық көргені белгілі. Осынау көп томдық жинақ елдегі кітапханалар жүйесі мен оқырмандарға “Қазақстан Республикасы” деген сериямен жол тартып отыр.
Аталған көп томдық жобаның жетекшісі әрі авторы белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы Мырзатай Жолдасбеков.
Өткен аптада Орал қаласында, “Нұр Отан” ХДП Батыс Қазақстан облыстық филиалында ұйымдастырылған ғылыми-практикалық конференция осы жинақтардың тұсаукесер рәсімі рөлін атқарды. Конференцияны ашып, кіріспе сөз сөйлеген Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Серік Сүлеймен тәуелсіздіктің жиырма жылдығы құрметіне, осы мерейлі датаның қарсаңында шыға бастаған бұл кітаптардың халыққа берері мол екенін атап өтті. Ол тәуелсіздіктің қадір-қасиетін тереңірек түсінуге, оны бағалай білуге жол ашады. Сондай-ақ жаңа жинақтар тәуелсіздікті көздің қарашығындай сақтай білу қажеттілігін ұғындыра алуымен де құнды.
Бұдан соң “Нұр Отан” ХДП Батыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасының орынбасары Абат Шыныбеков “Елбасы жолдады – елі қолдады” кітабы жөнінде өз ой-пікірін ортаға сала келе, ел мен Елбасы арасындағы тығыз бірлік пен қарым-қатынас жөнінде әдемі ой сабақтады.
Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі проректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Абат Қыдыршаев осы серия бойынша жарық көрген “Елмен сырласу” кітабы жөнінде пікір білдірді. Ұлт перзентінің елмен сырласуына арналған бұл кітабы – тәуелсіздік шежіресінің бір үзігі, егемен еліміздің тарихи парақтары деген түйін жасады.
Қалың көпшілікке екі тілде ұсынылып отырған көп томдық кітаптарда тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бергі қазақ мемлекетінің тіршілік-тынысы, арман-тілегі мен талпыныс-талабы сан қырынан айшықталған екен. Егемен еліміздің тарихынан сыр шертіп, алдағы уақытта да жалғаса беретін, түбінде өз алдына жеке байтақ кітапхананы құрайтын көп томдық жобаны оқып танысу бәріміздің парызымыз болса керек.
Кітаптардың тұсаукесер рәсімі аяқталғаннан кейін осынау құнды рухани дүниелер облыс кітапханаларына сыйға тартылды.
Темір ҚҰСАЙЫН, ОРАЛ.