Шымкент • 17 Қыркүйек, 2024

Шымкентте кока-кола шығады

113 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Шымкентте сауда-логистикалық орталығы аумағында бөтелкедегі кока-кола, салқын шай, ауызсу өндіретін жаңа зауыттың өндірістік екі желісі іске қосылды.

Шымкентте кока-кола шығады

Салтанатты жиын­да қа­ла әкімі Ғ.Сыз­дық­­беков, Түркістан қала­сын­дағы Түркияның бас консулы И.Пак, АҚШ-тың Қазақстандағы бас консулы М.Еркин, ССІ компаниясының Орталық Азия мен Кавказдағы аумақтық директоры Э.Гюзель сөз сөйлеп, құттықтау тілектерін арнады. Кейін қонақтар дәстүр бойынша кәсіпорынның қызыл лентасын қиып, өндірісті іске қосудың батырма түймесін басты.

«Әлемге әйгілі сусынның Шымкентте шығарыла бастауы шынында қала үшін тарихи оқиға. Жаңа кәсіпорын тек мегаполистің емес, елі­міздің экономикасы үшін де оң әсерін тигізеді. Бұл ірі жобаның инвестициялық құны – 27 млрд теңге. 150-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады. Ірі кәсіпорынның пайдасы бюджеттік салық табысының өсуіне де ықпал етеді. Еліміз бойынша Үкіметтің қолдауымен қаншама кәсіпорын ашылып жатыр. Соның ішінде инвесторлар көмегімен Шымкентте бүгін жаңа өндіріс орнының өндірістік желілері іске қосылды. Қала әкімдігі шетелдік және жергілікті инвес­торларға мейлінше қолай­лы жағдай жасап келеді. Өткен жыл­дың қорытындысы бойынша мегаполистің экономикасына 600 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды. Ал олардың өндірген өнімі бір триллион теңгеден асып кетті. Осының бәрі қарқынды еңбектің жемісі деп білемін», деді шаһар басшысы.

Түркістан қаласындағы Түр­кия­­ның бас консулы И.Пак екі бауырлас елді тек экономикалық қана емес, сондай-ақ рухани байланыстар да жа­қын­дас­тыратынын атап өтті. Сон­дықтан Қазақстан – Ана­долы елі үшін қашан да ма­ңызды әріптестің бірі. Бүгінгі таңда түрік инвесторлары дәрі-дәрмек өндірісінде, азық-түлік, қонақүйлерді басқару ісі, құрылыс, басқа да салаларда жемісті еңбек етіп келеді. Жуырда түрік кәсіпкерлерінің қатысуымен мегаполисте ірі агрожоба қолға алынса, бүгін тағы бір тамақ өндірісі бойынша үлкен жобаға қолдау көрсетілді.

Одан бөлек, АҚШ-тың Қазақстандағы бас консулы М.Еркиннің айтуынша, әлемдік бренд кока-кола сусынының елімізде өндіріле бастағанына биыл 30 жыл толды. Осы жылдар аралығында ел экономикасына 100 млрд теңгеден астам инвестиция құйылды. Қосымша мыңдаған жаңа жұмыс орны құрылды. АҚШ-тың бас консулы еліміз бен Американың іскер азаматтарымен кездесіп, пікірлесіп тұратынын мәлімдеді.

ССІ компаниясының атқа­­­ру­шы директоры Э.Гюзель Шым­кент­тегі жаңа кәсіпорын кока-кола өндіретін еліміздегі үшінші зауыт екенін атап өтті. Ол осынау маңызды жобаны іске асыруға қолдау білдірген ел Үкіметіне, қала әкімді­гіне алғыс білдірді. Сонымен бірге АҚШ пен Түркияның Қазақстанмен арадағы жылы дипломатиялық қарым-қаты­на­сының нәтижесінде осындай ірі жобалар іске асырылып жатқанын жеткізді. ССІ компаниясы Алматы облысында, Астанада кока-кола сусынын өндіретін зауыт салған. Кейінгі он жылда олардан республиканың бюджетіне түскен салық кірісі 260 миллиард теңгеге жуықтады. Еліміздің ішкі жалпы өнімінің жарты триллион теңгеге жуық қаржысын ССІ-дің экожүйеге қосқан үлесі құрайды. Ал кока-кола шығаратын зауыттардағы жұмысшылар саны он мың адамнан асып жығылады. Жаңа кәсіпорынмен бірге елімізге заманауи технология келді.

апрапрапр

Coca-cola Icecek компа­ния­­­сының Орталық Азиядағы үкі­метаралық байланыс пен коммуникация бойынша директоры Әлима Исембаеваның айтуынша, ССІ келешекте инвестиция көлемін ұлғайтып, Шымкенттегі кәсіп­орын мүмкіндігін кеңейтуді жоспарлап отыр. Кәсіпорындағы 150-ден астам еңбеккердің бәрі де жергілікті тұрғындар. Ком­пания оларды инженерлік пен басқару, сондай-ақ басқа да мамандықтар бойынша оқытып даярлады. Кәсіпорын бір жылда 283 миллион литр алкогольсіз сусын шығаруға қауқарлы. Өндірістік желіде кока-кола мен фьюс шай, таза ауызсу өнді­ріледі. Компания жергілік­ті нарықты бағамдап көреді. Егер сұраныс туындап жатса, жоғарыда айтқанымыздай, кәсіп­орын өндірістік қуатты арт­тыруға дайын. ССІ өкілі мәлім­дегендей, мегаполистің алко­гольсіз сусындар өнімімен елі­міздің оңтүстік өңірі толық қам­та­масыз етіледі. Жылына ССІ-дің екі зауытында 1 мил­лиард литр кока-кола, фьюс шай, пико шырындары өндіріледі. Соның өзі тұтынушыларға жетпей қалып жатыр екен. Нарық сұранысын қанағаттандыру үшін мегаполистен үшінші зауытты ашуға шешім қабылданыпты. Оның үстіне Алматы облысынан оңтүстік өңіріне сусындар тасымалдауда жол қиындығы да бар. Статистика бойынша кока-кола өндірісінен еліміз Орталық Азияда бірінші орын алады екен. Сонымен бірге сусындар жергілікті жерде өндірілгендіктен, оның бағасы да арзан болуы мүмкін. Ең бас­тысы нарықта бұл өнімдерден тапшылық туындамайды. Кока-кола бүкіл әлемге тараған АҚШ-тың бренді болғанымен, оны дүниежүзінде өндіру, техноло­гиясын іске асыру, қаржы құю­мен түріктің ССІ компания­сы айна­лысады. Түрік инвес­ти­ция­­сының рөлі де осында. Осы ретте инвестициялық жоба­ның ел эко­номикасына берер пай­да­сы – жаңа жұмыс орын­дары­ның ашы­луы, жаңа техно­ло­гия­­­­ның келуі, бюджеттік салық тү­­сім­­­­де­рі­нің артуы мен нарық­ты тиіс­ті өнімдермен қам­та­ма­сыз ету.

АҚШ-тың еліміздегі бас консулы М.Еркин өткен жылы екі мемлекеттің арасындағы сауда-экономикалық бай­ла­ныстардың табысы 3,4 миллиард долларды құрағанын жеткізді. Кейінгі жылдары АҚШ инвестициясы 35%-ға артқан. Ол Америка мен Қазақ­­стан арасында сауда саласы бойынша арнайы комиссия жұмыс істейтінін де мәлімдеді. Оның мақсаты – іскерлік қарым-қа­ты­­настар көкжиегін кеңейте беру. ССІ компаниясы ашқан ко­ка-кола зауыты осы іскерлік әріп­­­тестік аясында туған жаңа жо­ба. Бас консул АҚШ әрдайым елі­­міз­­ді сенімді әріптестерінің бірі ре­тін­де қарайтынын атап өтті.

Айта кету керек, кока-кола зауытының құрылысы былтыр басталған. Кәсіпорын орналасқан аумақ сауда-логистикалық орта­­лығы деп аталады. 136 гектар ау­мақ­ты құрайды. Қазіргі таң­да бұл өндіріс аймағын дамытудың екінші кезеңі бас­талды. Алкогольсіз сусындар шы­ғаратын жаңа кәсіпорын осы екінші кезең жоспарының алғашқы бастамасы.

«Шымкентте ірі инвес­ти­ция­­лық жобаның ашылуы тегін емес. Өйткені шаһарда ин­же­нерлік-инфрақұрылым жақ­сы дамыған, халық саны көп, өнім­ді өткізетін үлкен нарық та бар. Оның үстіне мегаполис Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық көлік дәлізінің бо­йында орналасып, сауда-логис­тикалық хабтың рөлін ойнайды. Осының барлығы түптеп келгенде Шымкентті инвестицияға қолайлы өңірге айналдырып отыр. Жаңа кәсіпорын басқа өнді­рістерді алға сүйреуге әсер бере­тін күшке ие. Мәселен, қала­да қағаз картондар, шыны бөтел­келер шығаратын өндіріс орын­дары бар. Сусындар шикі­за­тына қажетті өнімдерді осы кәсіп­­орындардан алсақ болады. Бүгін­гі таңда олармен тиісті келісім­дер жасалып жатыр. Жос­пар бо­йынша сауда-логисти­ка­лық орта­лығында жаңа кәсіп­орын­­дар пайда болады. Ол үшін жергілікті атқарушы билік бар кү­шін салады», деді қала әкімі­нің орынбасары Айдын Кәрімов.

CCI компаниясының салған инвестициясының нәтижесінде, 2030 жылға дейінгі тұрақты даму міндеттемесінде көзделген­­дей, еліміздің жалпы әлеуметтік-экономикалық өсіміне зор ықпал етпек. Сонымен бірге кәсіпорын қоршаған ортаға тарайтын зиянды қалдықтарды айтарлықтай азайтатын озық технологияларды қолданысқа ендіретін болады. Өндіріс орны жергілікті халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған арнайы бағдарламаларды да іске асыруға дайын. Еліміздегі шетелдік инвесторлардың көш­бас­шысы саналатын ССІ компа­ниясы бүгінгі таңда елімізде 13 мың­нан астам тікелей және жанама жұмыс орында­рын құрып отыр. Еліміздің әлеу­меттік-эко­номикалық дамуы­на қосқан осынау зор үлесі үшін ССІ бірнеше жүлделі сый­лық­пен марапатталғанын атап өткен жөн. Ол: «Үздік са­лық тө­леу­ші», пре­зиденттік «Па­рыз», «KGIR», сон­дай-ақ мем­­ле­­кет­тік-әлеуметтік жауап­ке­р­ші­лік қыз­меті үшін берілетін сый­лықтар.

 

ШЫМКЕНТ