27 Қаңтар, 2015

Нағыз педагог

1274 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Снимок– интеллектуалды ұлт қалыптастыруға үлес қоса алады Иә, мұғалімдердің көп, нағыз ұстаздардың аз екені рас. Мақалаға арқау болған тақырып та осы заманның үздік педагогы жайында болмақ. Таңдаудың осы мәселеге түсуі кездейсоқ емес. Ада­ми капиталы мықты ел ғана биіктерді бағындырады. Соңғы деректерге сүйенсек, дамыған АҚШ, Еуропа елдерінде мемлекеттік капиталының 70-80 пайызын адам капиталы құраса, қалған бөлігі табиғи ресурстар мен жылжымайтын мүлік, өнеркәсіптік қорлардың үле­сіне тиесілі екен. Қазақстанда мем­лекеттік капиталының 68 пайызын табиғи ресурс құраса, 21 пайызын – өндірістік қорлардың еншісіне тиесілі. Адам капиталы – 11 пайыз ғана. Енді тақырыпқа оралсақ, «Шы­найы ұстаздар деп кімдерді айтуға болады, олар лайықты бағаланып жүр ме?». «Мен жақсы оқытушыны бәрі­нен де қымбат көремін», дей­ді Ы.Алтынсарин. Бұл сөзді көп­шілік білген еді. Қалай, қашан жазыл­ғанына мән бермейміз. Ол әрі ұстаз, әрі дос ретінде аса құрмет тұт­қан Н.И.Ильминскийге 1882 жы­лы 29 шілдеде жолдаған хатында өз көңілінен шыққан мұғалім А.Мо­зохин туралы жаза келіп, жақсы оқытушыға қатысты жүрекжарды лебізін былайша түйіндейді:                  «...Сіздің арқаңызда құдай маған өз ойым­дағыдай бір жақсы оқытушы бергенін мен өзіме үлкен бақыт санаймын. Мен қазір жақсы оқыту­шыны дүниедегінің бәрінен де қымбат көремін». Ұлы ағартушының хаттарынан «жақсы оқытушы», «іскер оқы­тушы», «қабілетті мұғалім», «іскер оқытушылар жіберіңіз», «жақсы оқытушылар беріле ме?» секілді сөз тіркестерін жиі ұшыратуға болады. Жақсы маман қай кезде де сұранысқа ие. Мамандардың бәрі бірдей мықты болып кете алмай­ды. Олардың саны әр салада жет­кілікті болғанымен, өз ісінің нағыз шеберлері аз. Елбасы Н.Назарбаев Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде: «Бір бөлімде 10 қызметкердің екеуі ғана бар ынта-жігерімен жұмыс істесе, қалғандары жай отырады», деуі тегін емес. Шынында да, қай еңбек ұжымында болсын, саңлақтары саусақпен санарлықтай ғана болатыны жасырын емес. Қазақ елі атауын иеленуге бет бұрған тәуелсіз мемлекетіміз тарихында есімдері алтын әріптермен жазылған Құсайын Айтқалиев, Құ­маш Нұрғалиев, Рафиқа Нұр­тазина, Қанипа Бітібаева сынды тау тұлғалар тағылымы өлшеусіз. Олардың дарабоздығын тұтас халық мойындады, жазған еңбек­тері ел игілігіне айналды. «Қазақтың Қанипасы» атанған Бітібаеваның өз сөзіне мән берейік: «Мен ұстаз болып туғаным жоқ. Мек­теп бітірген соң механизатор бол­дым, институтты тәмамдаған соң да көп оқыдым, іздендім, қа­зақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытудың атаулы мектебін ұйым­дастырдым. Қазір еліміздің түкпір-түкпірінен менің әдіс-тәсілімді үйрену үшін әріптестерім іздеп келеді, білгенімді үйретемін. 44 жасымда Кремльде қазақ тілі пәнін оқыту жайлы баяндама жасадым, КСРО-да 5-ші, ал елімізде 1-ші болып ұстаздар арасында КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атандым. Міне, ұстаз беделі қоғамдағы өз орныңды та­ба білгенде, ұзақ жылғы ізденіс нәти­жесінде келеді». Ұлағатты ұстаздың айтуын­ша, табыс – көп оқу, іздену, ең­бек­тенудің арқасында келеді. Осы мазмұндас сөзді Елбасы Н.Назарбаев та айтқан еді: «Біз­дің қоғамда адал еңбекті терең біліммен ұштастырған ғана та­быс­қа жете алатынын қаперден шығармаған абзал». Елбасы Н.Назарбаев: «Келе­шекте мұғалім мамандығы ең мәртебелі және жоғары ақы төле­нетін мамандықтардың біріне айналады» дегеннен бері сең қоз­ғалып, ұстаз беделін арттыру бағытында нақты іс-шаралар қолға алына бастады. Солардың бірі – «Үздік педагог» байқауын өткізу. «Үздік ЖОО оқытушысы» республикалық байқауы 2007 жылдан, ал колледж­дер мен мектептер оқытушылары мен мұғалімдері арасындағы байқау 2012 жылдан бастап өткізіліп келеді. Ендігі сөзді «үздік педагог деген атауға кімдер лайыққа» қарай бұрайық. Байқау шартында ұзақ жылдар мінсіз қызмет атқарған, жетістігі мол, шығармашыл мұ­ғалімдер байқауға қатыса алады делінген. Әйтсе де атақ, даңқ, деп мол қаржыны иеленіп, үздік педагог атанғандардың бәрі дерлік шын мәнісінде тарлан ба деген дү­дәмалдың тууы да бекер емес. Бұған газет беттеріндегі кей­бір сұрауы бар мақалалар, сайт­та жазылған пікірлер дәлел. Айталық, «Оқытушылардың бәрі үздік пе?» деген материалында журналист Жолдасбек Дуанабай: «ЖОО-ның үздік оқытушысы» мемлекеттік грантын тағайындау конкурсы адал өтетіндігіне күмән­данатын жөніміз бар. Өйткені, кейде министрлік қойған талап­тардың үдесінен шықпайтын оқы­тушылар да үздік атанып жүр...» дейді. Профессор Тоқтар Есір­кеповтің де айтқан сөзінің жаны бар. «Білім және ғылым министрлігінің сайтында жеңімпаз оқытушылардың аты-жөні ғана жазылады. Олардың еңбектерінің қандай өлшемдер бойынша бағаланғаны жайлы ақпарат жоқ. Конкурсқа қатысқандар қандай еңбегі үшін грант алғандары және жолы болмағандар не үшін өтпей қалғандары жөнінде біле алмайды. Олардың бәрі сырт үшін құпия» деуі орынды. Комиссияның сарапшылар кеңесінде кімдердің болғаны да белгісіз болып қала береді. Менің ойымша, үздік атануға келесі өлшемдер тән болуы тиіс: бірінші, өз пәнін терең мең­герген, сапалы білім, саналы тәрбие беретін; екінші, жүрегі «елім, жерім» деп соғатын, кәсі­би тұрғыдан өзгелерден ерек­шеленіп, ұжымына еңбегі сіңген, білім беру саласына елеулі үлес қосқан; үшінші, ізденімпаз, шығар­машылық қиялы кең, ав­торлық қызметпен айналысатын; төртінші, ұжымда мойындалған, халық арасында танылған, сый-құрметке бөленген; бесінші, кәсіби қызметінде кез келген мәселені шешетін, бәсекеге қабілеттілігі айқын, жоғары санатты. «Үздік педагог» республикалық байқауына облыстардан ірік­теліп алынған үміткерлердің материалдары жіберілетіні аян. Осы тұста байқауға қатысуға ниет еткен әр ұжым ұсынатын маманының қызметін әбден елеп-екшеп, әр қырынан жан-жақты саралап, сіңірген еңбегінің аумағы мен салмағын әділ таразылап, мық­тылығына еш шүбә жоқтығына көз жеткізіп барып, додаға қосса ғой дейсің. Өкінішке қарай, үміткерлер арасында кәсіпқойлығы ұжымда, одан тысқары жерлерде мойындалмаған, білімі мен білігі жетіп тұрса да, шығармашылыққа жоқ, шәкірттері де оза шаппаған, өзі болса, арагідік баяндама жазып, бірер ашық сабақ өткізген әйтсе де, жолы болғыш жандар кездесіп жатады. Осы арада жоғары санатты мұғалімдер әлеуетінің де бірдей еместігін айтып өтсек, артық болмас. Арасында отыз жыл ұстаздық етсе де, бірде-бір ашық сабақ немесе маңызды бір іс-шара өткізіп көрмегендері де жүр еді. Мәселе, жоғары санатты растауда емес, қашанда соған лайықты еңбек етуде. Әйтсе де, халық кімнің кім екенін біледі, таниды. Мұндағы айтпағым,  ұжым басшылары көтермелеп, қошеметтеуді нағыз лайықтыларға ғана көрсетсе екен. Қай ұжымда болмасын, соның ыстығына күйіп, суығына тоңып, ауыртпалықтың денін бір өзі көтеріп, барын салып жұмыс істейтін ұстаздар бар. Тағы бір ескеретін жайт: бір жерде ұзақ мінсіз еңбек етіп, зейнетке шық­са да, қызметін жалғастырып жүр­гендерге, ұжымға жаңадан қосылғандарға қарағанда ықылас ерекшелеу болғаны абзал. Еліне ерекше еңбек сіңірген Бибігүл Төлегенов, Асанәлі Әшімов, Хабиба Елебекова сынды өнер адамдары Президент тағайындаған стипендияны алатыны, талантты жас ақындарға Президент сыйлығы берілетіні мәлім. «Еңбегіне қарай құрметі» демекші, мұғалімдерге де осындай құрмет көрсетілсе артық болмас деп ойлаймыз. Иә, нағыз ұстаздар ғана еліміздегі адами капитал сапасының өсуіне серпін береді. Олардың қатары көбеюі үшін, бұл мамандыққа нағыз лайықтыларды іріктеу қажет. Жалпы, білім сапалы болу үшін, әлемдік тәжірибеде дәлелденіп, шешуші рөл атқаратын келесі факторларды ескерген жөн: бі­ріншіден, лайықты адам ғана мұғалім болуы керек; екіншіден, олар оқытушылық қызметінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретін дайындықтан өтуі қажет; үшіншіден, әрбір оқушы сапалы білім алатындай жағдайды қамтамасыз етуі тиіс. Лайықты адам демекші, мұға­лімдік мамандыққа жастар білімі жақсы, жүрегі қалағандықтан емес, амалсыздан баратыны жасы­рын емес. Ал шала білімнің салдары қандай болмағы айтпаса да түсінікті. Сөзімізді қорытындылай келе айтарымыз: үздік педагогтар – қоғамның қозғаушы күші, интеллектуалды ұлт қалыптастырудағы әлеуетті құрам. Оларды дер кезінде танып, лайықты бағалау, іс-тәжі­рибесін насихаттау, өзгелерге өнеге ету – педагогтар құрамының сапасын арттырудың кепілі. Үздік педагогты марапаттағанымыз – барша ұстаздарды ардақтағанымыз. Халық Қаһарманы Бауыржан Момышұлының: «Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді. Өмірге ұрпақ берген аналарды қалай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да солай ардақтауға міндеттіміз» деген өсиеті жадымыздан шықпаса екен. Пиалаш СҮЙІНКИНА, Ы.Алтынсарин атындағы Рудный әлеуметтік-гуманитарлық колледжінің оқытушысы, Ы.Алтынсарин медалінің иегері. Қостанай облысы.